Атырау, 26 сәуір 21:06
 ашықВ Атырау +18
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Жағымсыз иіс қайта сезілді

Сурет Бейнежазба
3 220 просмотра


19 қыркүйекте «АЖ» редакциясына тұрғындар хабарласып, жағымсыз иістің тек қана кешке және түнде емес, күндіз де шығып жатқанына шағымданды. Мен осы жағымсыз иістің қайдан шыққанын анықтамақ болып, қала аумағын араладым. 

Ең алдымен Бірлік (бұрынғы Новостройка) елдімекені мен АМӨЗ арасын жалғайтын тас жолға тоқтадық. Бұл жерден сасыған және өртенген қоқыс иісі қолқаны қапқанымен, көпірден асқаннан соң иіс сезілмеді.

Сағат 23.40-та АМӨЗ-ге жақындай бергенде бірнеше резервуарларды көрдік. Бұл резервуарлардың қасына жақындай салысымен жанар-жағар май иісі шығып, көзді ашытты. Жанымдағы көлік жүргізушісі Амангелді алдыңғы күндері де осы аумақтан иістің қатты шыққанын, осыдан кейін көзі жасаурағанын айтты.



Сағат түнгі 12-ге жақын Химпоселке ықшам ауданындағы ССT, WESTOIL ЖШС-терінің тұсына келдік. Бұл жерден иіс шықпағанымен, резервуарлар ақ түтінге оранғандай болды. Қайдан шыққан түтін екені білгісіз...

Сағат 00.30 шамасында АМӨЗ маңына келіп тоқтадық. Жолдың сол жағында орналасқан биік ақ дуалдардан гүрілдеген дауыстар шыға бастады. Бірнеше күзетшілер қақпа аузын күзетіп тұр. Суретке түсіре бастағанымызды байқағанда бір күзетші бақылау-өткізу пунктінен шығып, бізге ұмтылды. Бізге жетуге үлгермеді.

АМӨЗ-дің жүк пойыздарын өткізетін темір қақпасына жақындай бергенде, пышылдаған дауыс шығып, қақпа үстінде орналасқан құбырлардан ақ түтін шыға бастады. Осы құбырлардан жағымсыз иіс қолқаны қапты. Шіріген жұмыртқа иісі, жанар-жағар май иісі - бәрі аралас. Көзіміз жасауырап, кетуге асықтық.

«Стройконтора» атанып кеткен ауданға келдік. Бұл жерден иіс шықпағанымен, «Планета электроники» дүкенінің алдына келгенде иіс қайта сезіле бастады. Көшеде серуендеп жүрген тұрғындардың айтуынша, бұл маңда иіс тек бүгін емес, күнде сезіледі екен.

Түнде АМӨЗ жақтан тараған иісті бақылау үшін Алмагүл ықшамауданында тұратын досымның үйіне арнайы сұранып қондым. Таңға жақын қайтадан жанар-жағар майдың иісі сезіле бастады. Ұйықтай алмай, көзі жасаураған тұрғын ретінде (әрі жаспын ғой) бұл иіспен қалада өмір сүру денсаулыққа зиян екенін түсіндім.

«АЖ» сауалына Атырау облысы бойынша экология департаменті АМӨЗ-ге жоспардан тыс тексеріс жұмыстары жүргізіліп жатырғандығын хабарлады.

Фархат ӘБІЛОВ

Фото мен видео автордікі

20 қыркүйек 2017, 18:01

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.