Атырау, 27 желтоқсан 08:18
 ашықВ Атырау +1
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

Жанбайда полицияға қарсылық білдірген 11 адам ұсталды

10 449 просмотра


Бізге бейресми ақпарат көздерінен белгілі болғандай, 11 қыркүйекте Исатай ауданы Жанбай ауылында суда жүзу құралдарын тәркілеу барысында 30-ға жуық жергілікті тұрғын жиналып, наразылық білдірген. Ауылға облыс орталығынан күштік құрылымдар жіберілді.  

- Тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Анықталған заңсыз суда жүзу құралдары заңға сәйкес тәртіпте тәркіленіп алынады, - деп хабарлады телефон арқылы аудандық әкімдіктен.

Бұл Жанбай ауылында болып жатқан бірінші жағдай емес. Осы жылдың 3 сәуірінде Жанбай ауылының тұсынан бір топ жергілікті тұрғын браконьерлік жолмен ауланған балыққа толы «УАЗ» автокөлігін тоқтатқан АІІБ қызметкерлерінен көлікті тартып алған болатын.  Жергілікті балықшылар балық аулау маусымы кезінде қуаты 40 ат күші болатын «казанка» қайықтарының теңізге шығуына тыйым салынғандығына наразы (20 ат күші болатын «казанкаларға» рұқсат етілген).

Атырау облысы прокуроры Ернат Сыбанкуловтың хабарлауынша, 11 қыркүйек күні ҰҚКД, полиция, орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының Исатай ауданы Жанбай аулынан 20 шақырым жердегі қызметкерлері Каспий теңізінің жағалауынан заңсыз балық аулауға арналған 20 бірлік жүзу құралын тапқан.

Жүзу құралдарының иелері билік өкілдеріне белсенді қарсылық көрсетіп, нәтижесінде 11 тұлғаға қатысты ҚР ӘҚбТК 667-бабы 1-бөлімі («Құқық қорғау органының өз қызметтік міндеттерін атқаруына байланысты заңды өкіміне немесе талабына бағынбау, сол сияқты олардың заңды қызметіне кедергі келтіру») бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.

Исатай аудандық сотының 11.09.2017 күнгі қаулысымен көрсетілген 11 тұлға кінәлі деп танылып, оларға қатысты 3 тәулікке әкімшілік қамау жазасы қолданылды. Жүзу құралдары оқиғаның мән-жайы анықталғанша айыппұл тұрағына қойылды.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА

12 қыркүйек 2017, 15:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.