Атырау, 18 қараша 11:25
Күндіз ашық+5, кешке +2
ҚР Ұлттық банкінің валюта бағамы: $ 332.38  € 391.28  P 5.55

Уәде капсуласы

11 шілде 17:45
Сурет "Атырау" газетінің сайтынан.

8 шілдеде Индер ауданының Елтай ауылында Атырау облысы әкімінің орынбасары Әлібек НӘУТИЕВ, аудан әкімі Серік АРЫСТАН, «Атырау» ӘКК өкілі Данияр НИЯЗТАЕВ және шетелдік мейман Саид МЕССАДИ балалар суреті мен «КЕШЕ арман болған нәрсе, ЕРТЕҢ жас ұрпақ біздің үмітімізді абыроймен биіктерде асқақтату үшін БҮГІН жүзеге асырылады» деген жазуы бар «уақыт капсуласын» қалады. Мұның астарында не бар екенін «АЖ» анықтауға кірісті.

СЕНАТОРДЫҢ МҰРАСЫ МА?

Әрине, осынау ауыл салтанатында журналистер үшін түсірілімдер мен тебірене айтылған сөздер болды. Бірақ мұның бәрі анағұрлым ертерек басталған еді. ІІІ Халықаралық «Atyrauinvest-2016» инвестициялық форумы кезінде жергілікті шенеуніктер бірнеше инвестициялық жобаларды бірлесе жүзеге асыру туралы «Issmat investment&finance» француз компаниясымен келісім жасады. Бұл туралы биылғы жылдың ақпанында өткен брифингте Атырау облысы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары, жақында сенатор болып сайланған Ғұмар ДҮЙСЕМБАЕВ әңгімелеген болатын.

«Issmat investment&finance» Индер ауданының аумағындағы 1000 га жерге лаванда екпек болды. Өсімдік Францияның парфюмерлік фабрикаларына өткізіледі. Шетелдіктер, бұдан басқа, еті экспортқа шығарылатын бизондарды өсіруді жоспарлады. Оған қоса, шетелдіктер біздің облысымыздан гибридті күн электр станциясын, жылыжай шаруашылығын және қоқыс өңдеу зауытын салмақшы.

- Ол үшін «Атырау» ӘКК-мен бірлескен компания құрылды. Қазіргі кезде француздар $284 млн көлемінде инвестицияларды сақтандыруымен айналысуда. Олар осы жобаларды жүзеге асыруға бағытталатын болады, - деді сол кезде әкімнің бірінші орынбасары.

Көнгіш француздар әуежай трассасы бойындағы салынып бітпеген атышулы концерт залын қолға алуға келісім берді. Ол үшін жомарт инвестор $20 млн көлемінде қаржы бөлуге келісті.

- Осы жобалардың бір бөлігін жүзеге асыру ағымдағы жылдың наурызында басталады, - деп сөзін түйіндеді Дүйсембаев ақпандағы брифингте.

ҚАНДАЙ ЖОБАЛАР?

Көктемде біз «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» АҚ-на (әрі қарай – «Атырау» ӘКК) «Issmat investment&finance» компаниясымен жасалған келісім туралы толықтай әңгімелеп беру туралы өтінішпен редакция сауалын жолдаған едік. «Атырау» ӘКК басқарма төрағасы Абат ТАСЫМОВТЫҢ қолы қойылып, келісім жасалған инвестициялық жобалар тізілген жауап алдық.

Бұл жобалар барлығы – 11. Оқырманды зеріктіріп жібермес үшін, айталық: ол жерде бәрі дерлік бар. Күн энергиясы, жылыжайлар, көкөніс-жемістер, лаванда алаңы, бизондар, аралар, шұбат-қымыз және т.б. Жобалардың жалпы құны алдын ала есептеулер бойынша $234 млн (тағы 50 миллионды француздар Атыраудағы киноконцерт залы мен қоқыс өңдеу зауытына салуға әзір) құрады.

Біз аралар бойынша маман емеспіз, тек белгілі фактілермен салыстырғанда танылатындары ғана әсер ете алады. Мәселен, Атырау ЖЭО 170-180 мегаватт өндіреді, облыстағы тұтыну қуатының көлемі осындай. Инвестордың күн батареялы станциясы 80 мегаваттқа есептелген. Қуатты бәсекелес емес пе?


Сурет "Атырау" газетінің сайтынан.

ҚАРАҒАНДЫДА, ҚЫЗЫЛОРДАДА

Сол кезде бізді осындай ауқымды қызмет спектрі бар құпия инвестор қызықтырған еді. Сөйтіп, француздың «Issmat investment&finance» компаниясы туралы көбірек білуді ұйғардық.

Сөйтсек, біздің Атырау – олардың Қазақстандағы алғашқы аялдамасы емес екен. 2013 жылы бұл инвесторлар Қарағанды облысына келіп, «күн» фермасы мен композитті материалдар өндіретін зауыт салу туралы келісім жасаған. Алайда, бұрынғы Кеңес Одағы аумағында аналогы жоқ деп мәлімделген жоба (http://www.nv.kz/2013/04/29/52496/) қағаз күйінде қалды.

Біз француздардың Қарағанды облысындағы жобалар бойынша серіктесі «Сарыарқа» ӘКК-мен хабарласқан едік.

- Шынымен де, 2013 жылы «Issmat investment&finance» компаниясы бізбен композитті материалдар зауытын салу туралы келісім жасады. Өкінішке орай, «Сарыарқа» ӘКК-ге қатысты емес жағдайға байланысты Қарағанды облысындағы «Issmat investment&finance» инвестициялық жобалары жүзеге асырылмай қалды, - деп хабарлады «АЖ»-ға осы әлеуметтік-өндірістік кооперативтің баспасөз қызметі.

Бұл компанияның іздерін Қызылорда облысынан да таптық.

Ғаламтордан сол кездегі Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Сәбит ҚОЖАМЕТОВ пен «Issmat investment&finance» президенті Саид МЕССАДИ қол қойған Қызылорда облысы мен Байқоңыр қаласына тікелей шетелдік инвестицияларды тарту бойынша стратегиялық серіктестік туралы келісімді табуға болады. Уақыты 2011 жылдың 19 шілдесі деп белгіленген.

Құжатта – ауыл шаруашылығын дамытуға, мұнайгаз кеніштерін игеруге, мұнай мен газ саудасына, туризм мен отель бизнесіне, Байқоңыр қаласының арнайы экономикалық аймағын дамыту үшін жедел серіктестік және т.б. қаржы салуға уәде етілген.

Ал осы жылдың қарашасында Астанада Сәбит Қожаметов былай мәлімдеді:

- Монаколық компанияларда күн батареялары өндірісін ашу бағдарламасы бар. Қазақстан үшін бұл өте өзекті, өйткені оңтүстік облыстарда жылына 360 күн бойы күн шығып тұрады, ал қарапайым электр энергиясының құны өсетін болады.

Содан бері 6 жылдай уақыт өтті. Қызылордалық сол күн батареялары қайда?


Сурет "Атырау" газетінің сайтынан.

«ISSMAT» КОМПАНИЯСЫН ІЗДЕСТІРУ

Біз «Issmat investment&finance» басшыларына кейбір сауалдарымызды қоюға тырысқан едік, алайда оларды табу қиын шаруа болып шықты.

Компанияның ресми сайты (www.issmat.com) бүкіл әлем бойынша жүз миллиондаған доллар инвестиция салатын компания үшін күмәнді көрінеді. Біраз уақыттан бері сайтта «сайт қалпына келтіріліп жатыр» деген жазу шығып тұр. Ол жердегі жалғыз жаңалық 2011 жылмен белгіленген.


Оның негізгі парағындағы «Zurich-Cannes-MonteCarlo-London-Dubai-Astana» деген жазулар компанияның әлемдік ауқымдағы – Каннан бастап Қызылордаға дейінгі іскерлік қызметі туралы меңзеп тұр. Бір қызығы, Францияның тіркеу палатасының ашық дерекқорында «Issmat investment&finance» компаниясы тіркелмеген. Оның ізі Дубайда да табылмады.

Лондонда аттас компания 2013 жылы Кингс-Роудта жиһаз бен киім-кешек сататын үйде кеңсесін тіркеген. Егер британдық заңды тұлғалар тізіліміне сенер болсақ, қазір компания жабылған.

Астанаға дейін жеттік. Сайтта көрсетілген қазақстандық компания филиалының мекенжайына бара жатырмыз. Бұл Астанадағы Достық көшесі.

- Ол жерде көп қатарлы үйде кәдімгі жеке пәтер бар, - деп түсіндірді бізге жергілікті ПИК-тегілер.

ҚР Мемлекеттік кіріс министрлігінің салық төлеушілер тізілімінде көрсетілген жалғыз телефон нөміріне қоңырау шалдық. Тұтқаны ер адам көтеріп, өзінің қазір филиал директоры еместігін және Атырау облысындағы инвестициялар бойынша ешқашан айналыспағанын мәлімдеді.

Қазақстандағы Францияның дипломатиялық өкілдігі де ол туралы ақпаратты білмейтін болып шықты.

- Біз Қазақстанда Франциядан бизнес жұмыстарын жасауға ынталымыз. «Issmat investment&finance» компаниясының Атырау облысына ірі сомада инвестициялық жобалар салмақшы екенін оқыдық. Алайда, мұның қандай француз компаниясы екенінен бейхабармыз. Бізде оның қызметі туралы ешқандай ақпарат жоқ. Егер сіздер компаниямен хабарласа алсаңыздар, біздің елшілікпен оның байланыс дерегін бөліссеңіздер екен. Біз олармен қуана танысар едік, - деп хабарлады «АЖ»-ға елшіліктің баспасөз атташесі Раушан ХАТРАН.

Іздестіру кезінде біз «Atyrauinvest-2016» форумын ұйымдастырушылардың бірі – халықаралық «ITECA» көрме компаниясына хабарластық. Атырау қаласындағы филиалдың атқарушы директоры Лилиана ХЕГАЙ форум қатысушыларын шақырумен айналысқан облыстық әкімдіктің кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасына жолдады.

Әкімдікте де шара қонақтарының дерекқорынан «Issmat» байланыс деректері табылмай, солар шақырған екен, солардан сұраңдар деп, бізді «Атырау» ӘКК-не жолдады.

«ӨЗ АҚШАСЫН ӘКЕЛСІН»

«Атырау» ӘКК «Issmat investment&finance» өкілдерін мамырдың аяғында күткен екен (2016 жылдың қазанында өткен форумнан кейін олар Атырауға келмеген).

- Біз олар келгеннен кейін міндетті түрде сізбен хабарласамыз. Олар баспасөз конференциясын ұйымдастырып, сіздердің барлық сұрақтарыңызға жауап береді, - деді сол кезде телефон арқылы «Атырау» ӘКК» ҰК» АҚ корпоративтік хатшысы Данияр НИЯЗТАЕВ.

Уақыт өтсе де ол бұрынғыша оптимистік пікірде қалды:

- Компания біздің экономикамызға қомақты қаржы салмақшы, ал біз оларға ешқандай кепілдік бере алмаймыз. 250 миллиондай доллар салу – инвестор үшін үлкен тәуекел. Әрине, ол өз ақшасын сақтандыруы тиіс. Олар қазір осымен айналысуда, сондықтан келісімді жүзеге асыру баяу жүріп жатыр деп ойлаймын. Қазіргі уақытта біз үлкен жұмыс жасадық: жобалау-сметалық құжаттама дайын, 200 гектар жер бөлінді, күн электр энергиясы үшін KEGOK-тан техникалық шарт алынды.

- Сіздер бұл компанияның іскерлік абырой-беделін зерттедіңіздер ме? Қазақстанда «Issmat investment&finance» жобаларының бірде-біреуінің жүзеге аспауы күмән тудырмады ма?

- Бізде ешқандай күмән жоқ. Біз тіпті бұл сұрақтарды инвесторға қоймаймыз да. Сіз қазір көшеге шығып, кез келген адамнан 100 теңге беруді сұрап көріңізші – ешкім бермейді! Ал бұл олардың капиталы, әкелсін де, біздің экономикамызға салсын. Біз бюджеттен көк тиын да бөлмейміз. Біздің басты мақсатымыз – жағдай жасап, шетелдік инвесторды тарту. Шетелдік бизнестің қандай қиындықтармен бетпе-бет келетінін түсінесіз бе?

Біз «Issmat investment&finance» компаниясын екі жылдан бері білеміз. Олар бұрын да Атырау облысына келді. Айтыңызшы, егер олар біз білгендей адамдар болмаса, оларға Қазақстанға 10 адамнан тұратын делегациямен қайта-қайта келудің қандай мәнісі бар? Ал олардың байланыс деректері – сізге белгілісінен басқа телефондары мен пошталары бізде жоқ.

Біз де қазір ойлап отырмыз – олар кім және бізге не үшін келеді? Одан соң «уақыт капсуласын» қалап, аңғал ауыл тұрғындарына 20 мың жұмыс орнын уәде етеді. Айтпақшы, біздің меншікті тілшіміздің байланыс дерегімен бөлісу өтінішіне Саид Мессади жауап ретінде дубайлық телефон нөмірін қалдырып кеткен. Тексерген кезде оның украиндық және тіркелмеген нөмір екені анықталды...

Азамат МАЙТАНОВ  

Нашли ошибку? Выделите её мышью и нажмите Ctrl + Enter.

1631 рет қаралдыБасты бет

Тақырып бойынша жаңалықтар

Уылдырық жеу үшін кезекке тұру керек  847 рет қаралды

Журналистер күні. Нью-Йорк және Фриско  844 рет қаралды

«Көкек» кафелер мен қолайлы ауа райы туралы  985 рет қаралды

Су есептегіш аспаптар туралы  987 рет қаралды

Басты бет

1 2 3 4 5