Атырау, 26 сәуір 18:22
 ашықВ Атырау +18
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

От пен су – тілсіз жау

4 485 просмотра


Бәлкім, келесі жылы Атырауда екі жағажайдың орнына 7 заңды жағажай жұмыс жасап  қалар. ТЖД қызметкерлері зерттеу жұмыстарынан кейін қалалық әкімдікке шомылу үшін 5 жаңа орын ұсынды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Атырау облыстық судан құтқару қызметінің басшысы Самат ҚҰМАШЕВ әңгімеледі.

Облыс орталығында көп уақыттан бері шомылу маусымдарында «Атырау» ДСК мен Жилгородоктағы жағажайлар жұмыс істеп келеді. Жаңа жағажайларды қала тұрғындарының сүйікті орындарына айналған жерлерден (Балықшыдан екеу, Әлиев көпірінің маңынан, Мечников пен Огородный көшелерінің маңынан) ашу жоспарланып отыр. Сүңгуірлер ол жердегі тереңдік пен өзен түбінің сапасын зерттеп шықты. Егер осы учаскелермен айналысуға әзір кәсіпкерлер табылса, келесі жылы қалалық билік оларды сенімді басқаруға беруге ниетті.

Биылғы маусымды ашу 20 маусымға белгіленген. Жағажай қожайындарына 15 маусымға дейін оларды қауіпсіздік ережелерімен сәйкестендіруге уақыт берілді.

Қала шеңберінде шомылуға үзілді-кесілді тыйым салынған 50 қауіпті жер бар. Тек 28 нүктеге екерту белгілері орнатылған, дегенмен, оларды жиі бүлдіріп, сындырып тастайды. Жақында бір пирстің қасына белгі орнатылды, бірақ ТЖД қызметкерлері брифингке келе жатқан жолда ол жерде белгінің жоқ екендігіне назар аударыпты.

Биылғы жыл басынан бері облыста 6 адам суға кетті, соның ішінде 4-уі (оның 3-уі Махамбет ауданынан) ата-аналарының қадағалауынсыз қалған балалар.

С.Құмашев профилактикалық шаралар бойынша Орталық бассейндегі балалар сабағын атап өтті. Осы бағдарлама шеңберінде 75 бала жүзуді үйренген, оның 15-і аз қамтылған отбасының балалары, оларға тегін үйретіледі. Қалғандары жеңілдіктер алған – бір курс 18 мың теңге тұрады, олар 5 мыңнан төлеген. Өткен жылы бұл науқан тегін өткізілген, сол кезде 350 бала жүзу үйренді.

ТЖД өрт қауіпсіздігі басқармасының бастығы Жасболат БЕРЖАНОВТЫҢ айтуынша, 15 сәуірден бастап облыс аумағында 147 өрт тіркеліп, 2 адам қаза болған. Басым бөлігі тұрғын үй секторының үлесінде. Қазіргі кезде Атырауда 3 өрт сөндіру бөлімшесі бар, кем дегенде тағы 5 бөлімше қажет. Көп кешікпей Самал ықшамауданынан өрт сөндіру депосының құрылысын бастау жоспарланып отыр. Тағы 3 депоның жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде.

Зульфия ИСКАЛИЕВА 

Суретті түсірген автор

14 маусым 2017, 15:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.