Атырау, 27 сәуір 00:25
 ашықВ Атырау +25
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

Дәстүрден аттамаған отбасылар

Сурет
3 518 просмотра
Дәметкен және Кісенбай АСАБАЕВТАР.

Атырауда республикалық «Мерейлі отбасы» конкурсының облыстық кезеңі өтті. Ол елімізде 2013 жылдан бері өткізіліп келеді және адамгершілік құндылықтар мен отбасының, ерлі-зайыптылардың қоғамдағы орнын, ұлттық тәрбиені насихаттайтын өзектілігі жоғары шара.

Биыл байқауға 14 отбасы қатысты. Жүлделі І орын екі отбасыға бұйырып, олар енді байқаудың республикалық кезеңіне қатысатын болады.

«БӘРІН ЕНЕМ ҮЙРЕТТІ»

Олардың бірі Жылыой ауданынан келген Кісенбай АСАБАЕВТЫҢ отбасы. Кісенбай ата 82 жаста, Атырау облысының және Жылыой ауданының Құрметті азаматы, көп жыл шопан болып еңбек еткен, «Социалистік Еңбек Ері» атағының иегері, «Алтын жұлдызбен», екі мәрте Ленин және Еңбек Қызыл Ту ордендерімен марапатталған.

Жолдасы Дәметкен АСАБАЕВА – алтын алқа иегері. Олар дүниеге – 4 ұл, 7 қыз әкеліп, олардан 41 немере, 26 шөбере сүйген бақытты отбасы!

- Мен осындай киелі шаңыраққа келін болып түскеніме қуанамын. Отбасымда жалғыз болып өсіп едім, қазір мәуелі бәйтеректей болған ата-енемнің жанындамын, қара шаңырақта тұрамыз. Қазақтың дәстүрлерін мықты ұстанатын отбасы болғандықтан, күнделікті сәлем саламын, үлкендердің алдынан кесіп өтпеймін. Атамды «көке» деп, ал қайынағаларымды «папа», «тәте», «аға» деп атаймын, - дейді отбасының кіші келіні Гүлдана. – Қайын анам әлі күнге үйдегі шаруаға өзі жүріп-тұрады, тың. Қолынан келмейтіні жоқ, жүн түту, ұршық иіру, тігіншілік – бәрін үйренудемін. Атам да немерелерін кішкентайларынан еңбексүйгіштікке, адал еңбекпен нан тауып жеуге баулиды.


Закария ЖҰМАҒАЗИЕВ жұбайы Тотан МАРДАНОВАМЕН бірге.

ШАҢЫРАҚ ШАТТЫҒЫ

Екінші жеңімпаз Исатай ауданынан келген ЖҰМАҒАЗИЕВТЕР отбасы. Отағасы – Закария ЖҰМАҒАЗИЕВ білім беру саласында қызмет атқарған, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қазақ ССР Халық ағарту ісінің үздігі, аға мұғалім. Жұбайы –Тотан МАРДАНОВАМЕН 5 ұл, 9 қыз тәрбиелеп, 51 немере, 14 шөбереге ата-әже болып отыр:

- 1959 жылы отбасын құрып, 14 бала әкелдік дүниеге. Бәрін де оқытып, тоқыттық. Қиындықта да, қуанышта да бірге болдық. Мен өзім тәрбиеші болдым, шалым 50 жыл математика мен физикадан сабақ берген ұстаз. Балалардың бәрін аяқтандырып, солардың қызықтарына бөленіп отырған жанбыз, - дейді Тотан апа. - Баланы жақсылыққа, еңбекке тәрбиелеу керек. Кейін үлкендері кішілеріне қарайласып, өмір өз орнына қояды.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

Суретті түсірген автор

31 мамыр 2017, 18:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.