Атырау, 26 сәуір 19:22
 ашықВ Атырау +18
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Спорт жаңалықтары

3 540 просмотра

КАРАТЕ

Петропавловскіде балалар арасында шинкиокушинкай карате бойынша халықаралық турнир болды.

Жарысқа Ресей мен Қазақстаннан 200-дей жас каратешілер қатысты. Облыстық шинкиокушинкай карате федерациясы командасының құрамындағы 6 спортшы бақ сынады. Олардың төртеуі жүлделерге ие болды: «алтынға» - Нарынбек Құдайберген, «күміске» - Бекзат Әміров, «қолаға» - Ринат Наукебаев және Фараби Баямиров ие болды.

***

ТАЕКВОНДО

Ақтауда таеквондодан ҚР 4-ші  жастар ойындары өтті.

Атыраулық қатысушылар арасынан «алтынды» Жадыра Хайруллина (63 келіге дейінгі салмақта), «күмісті» - Бейбарыс Нұрбаев (48 келіге дейінгі салмақта), «қоланы»  - Алина Дадикенова (42 келіге дейінгі салмақта),  Диляра Керимова (46 келіге дейінгі салмақта) және  Артем Сильxанов (78 келіге дейінгі салмақта) жеңіп алды. Спортшыларды С.Сардарова, Е.Алагөзов және Р.Аманғалиев сынды жаттықтырушылар дайындады.   

***

САМБО

Таразда 1999-2000 ж.т. жасөспірімдер мен қыздар арасында самбодан еліміз чемпионаты өтті.

Атыраулық оқушылар арасында 48 келіге дейінгі салмақта Асқар Еспосынов чемпион атанды, ал күміс медальды Ислам Асқаров (52 келіге дейінгі салмақта) және  Таукен Расул (81 келіге дейінгі салмақта) жеңіп алса, қола жүлдені - Әбілқайыр Хайруллин (56 келіге дейінгі), Ерасыл Әлжанұлы (75 келіге дейінгі), Хамария Әмірғалиева (44 келіге дейінгі салмақта) және Шынар Сүйіндікова (75 келіден жоғары) еншіледі. А.Еспосынов еліміздің атынан әлем және Азия чемпионаттарында шығу құқығына ие болды.

***

КҮРЕС

Алматыда 1997-99 ж.т. жастар арасында грек-рим күресі бойынша олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтың жүлдесі үшін халықаралық турнир өтті.

74 келіге дейінгі салмақ бойынша қола медальды атыраулық палуан Евгений Поливадов жеңіп алды. Евгений оңтүстік астанадан бірден Бішкекке Студенттер ойынына қатысуға ұшып келді.

***

БОКС

Астанада қыздар боксы бойынша ҚР чемпионаты өтті.

Турнирге 14 аймақтан 85 спортшы қатысты, олардың ішінде 2016 жылы әлем чемпионы атанған – Назым Қызайбай, Дина Жоламан, Валентина Хальзова және Ләззат Күнгейбаева сынды қыздарымыз бен 2016 жылы Риода өткен Олимпиадаға қатысқан  – Жайна Шекербекова мен Дариға Шакимовалар болды.  

Ел құрамасының жаттықтырушылар штабы «олимпиада» салмақтары - 51, 60 және 75 келіге дейінгі салмақ бойынша алаңға шыққан спортшыларға баса назар аударды. Құрама бапкерлері 2017 жылы жазда ХОК Олимпиада ойындарының бағдарламасына 57 және 69 келіге дейінгі салмақ санаттары қосылатындығы күтілуде екенін атап өтті.  75 келіге дейінгі салмақта алдын ала өткен айналымда атыраулық спортшы Шынар Юлдашеваға бірден үлкен сынақ туды, олимпиадаға қатысқан Д.Шакимовамен жұдырықтасуға тура келді. Есеп күткендегідей – 0:5 болды. Оның есесіне 57 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған тағы бір атыраулық спортшымыз Назым Ищанова финалға дейін жетті. Ол астаналық Сәния Сұлтанқызынан барлық баптар бойынша басым түсті.

Командалық есеп бойынша бірінші орынды Астана құрамасы, екінші орынды Алматы қаласы мен Ақмола облысының командалары иеленді, үшінші орынды Атырау, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарының командалары бөлісті. ҚР құрамасы Вьетнамда қазан айында өтетін Азия чемпионатына дайындықты бастап кетті.

***

ҚАЗАҚ КҮРЕСІ

«Нұрсая» ДСК қазақ-күресі бойынша республикалық «Қазақстан барысы» турниріне іріктеу туры өткізілді. 

Турнирге 90 келі салмақтан жоғары ұлттық стилдегі 16 оғлан қатысты. Күрес тартысты өтті – финалистер «Қазақстан барысы» турниріне қатысуға құқық алды. Бұдан басқа ұйымдастырушылар ақшалай жүлделер: бірінші орын үшін 200 мың теңге, екінші және үшінші орындар үшін 150 және 70 мың теңге тағайындады. Бірінші орынды дзюдо және қазақ-күресі бойынша спорт шебері  Кенжебек Күзембаев жеңіп алды, ол финалда бір ұпай есеппен қазақ-күресінен спорт шебері Арман Қалидан басым түсті. Үшінші орынды Қызылқоға ауданынан келген спортшы Мәлік Төлешов иеленді. Іріктеу сынағына Қазбек Науанов төрелік етті.

***

ДОЙБЫ


«Мұнайшы» СК дойбыдан Атырау қалалық біріншілігі болды.

Абсолюттік есеп бойынша барлық жүлделі орындарды қала маңындағы Ақсай поселкесінен келген Жұмалиевтар отбасы жеңіп алды. Бірінші орынды ағайынды Жұмалиевтардың бірі – Алтынбек (биыл ол Астраханда өткен халықаралық турнирде 6-шы орныды жеңіп алып, спорт шеберлігіне кандидат нормативін орындады) бірінші орынға ие болды, ортаншы ағалары Бекарыс (осы жылдың Азия чемпионатының қола жүлдегері) екінші орынды, үшінші орынды үлкен әпкелері Данагүл (биылғы жылғы ҚР чемпионы) еншіледі. Біріншілікте отбасының кіші қызы 9 жастағы Эльмира да бағын сынады, ол қыздар арасында «күміс» медальды иеленді. Бұл санатта алтын медаль данагүлдің еншісінде қалды. «Қола» жүлде Еркінқаладан келген Ардақ Сидағұловаға бұйырды. Осы турнирге қатысқан Жұмалиевтардың бесінші мүшесі 6 жасар темірлан-сырым ерлер арасында соңғы орындардың бірін жеңді, дегенмен ол үшін алар асулар әлі алда. Осы санат бойынша «алтын» және «күміс» жүлделерді темірланның екі ағасы Алтынбек пен Бекарыс иемденді. «Қола» жүлдеге  Рустам Аманжол (биылғы жылғы ҚР чемпионатында 4-ші орын иеленген) қол жеткізді.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ


18 мамыр 2017, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.