Атырау, 27 сәуір 07:46
 ашықВ Атырау +24
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

Тасада қалған талант иесі

Сурет Бейнежазба
13 532 просмотра

Әлеуметтік желінің арқасында гитарамен ән шырқап отырған талантты әйелдің бейнежазбасын көргендер аз болмады. Таныс болыңыздар, бейнежазба кейіпкері – Қалыш ХАСАНҒАЛИЕВА (суретте).

«ӘКЕМ КОНЦЕРТ ҚОЙҒЫЗАТЫН»

Қалыш апа Кулагино (қазіргі Есбол) округіне қарасты Ынтымақ ауылында дүниеге келген. Бірақ, әкесінің жұмыс бабымен Кулагиноға көшіп келіп, осында тұрақтап қалыпты.

- Менің әке-шешем сауда саласында жұмыс жасаса да өнерден құр алақан болмаған. Әкемнің алды қатты, суықтау болғанымен ұрысып көрген емес. Бір қарағаны жетіп жатыр. Үйдің де, түздің де шаруасын шешем өзі атқара беретін. Бір ғажабы, ер мінезді, алғыр шешем соның бәрін қабақ шытпай жайдарлана жүріп, қора салып майлап, қойды өзі сойып жайғап тастайтын. Әке-шешем домбырамен екеуі де жиын-тойда ән салып, сәнін келтіретін. Біздің отбасымызда алты қыз, бір ұл бар еді. Бәріміз де өнерліміз. Біздің алғашқы тыңдаушыларымыз әкемнің жолдастары болатын. Бәріміз қосылып, хормен ән айтып, кейін жеке-жеке шығып, шағын концерт қойып беретінбіз, - деп еске алды Қалыш Хасанғалиева.

Қалыш апа бірінші сыныпқа барғаннан гармонмен ән айтып, көзге түсіпті. Содан мектептің түрлі шараларына қатысып, сахна төрін бермеген. Кейін мұнысы мамандықты адаспай табуына көмек болған.

СТУДЕНТТІК ЖЫЛДАР

1971 жылы Қ. Хасанғалиева Алматыдағы қыздар институтының музыка бөліміне оқуға түседі. «Баян» бөліміндегі ұстазы Ағайша ИСАГУЛОВА Қалыштың талантын басқалардан бұрын байқап, тура жолда адаспауына жөн сілтеп отырған. 

- Мен сабаққа аса мән бермейтінмін, - деп студенттік жылдарын қуана еске алды Қалыш апа. – Бірақ, баянмен бір сазды орындаса, оны сол бойда қайталап беретінмін. Тыңдау және меңгеру қабілетіме апайым Ағайша тәнті болғанымен «нотамен үйренуге күш сал» дейтін. Ертеңгі күні мектепке барып сабақ бергенде жұмыс нотамен жүретінін үнемі еске салып отыратын. Бастапқыда мойным жар бермесе де нотаға ден қойып, түрлі аспаптарды меңгеруге күш салдым. Тек баян емес пианино, гитара, домбыра тартуды үйрендім.

Ол жылдары атқамінерлер Алматы облысы төңірегіндегі аудан орталықтарына түрлі шаралар өткізуге көмек сұрап, институтқа жиі келеді екен. Студенттер мұндай табыс көзінен бас тартпайтын. Оларға аз ақша төлемейтін, бір күнде 40 сом табуға болатын еді. Әр демалыс сайын гитарасы мен баянын құшақтап Қалыш кетіп бара жататын. Ол кезде студенттер тапқан табыс ортақ болып саналатын.

- 2-курста оқып жүргенде, ортамызға «Айгүл» ансамблінің жетекшісі Марат БАЛТАБАЕВ келіп, гитарада ойнатқыза бастады, - деп еске алады Қалыш апа. - Марат аға мені ансамбль құрамына алды. Қуанышымда шек болған жоқ, басқалар қызыға қарады. Индерде «Ақ Жайық» ансамблінің жетекшісі Борис МАШАНОВ маған гитарада ойнауды үйреткен болатын. Мен ансамбльдің құрамында бір жыл болдым.

- Неге кетіп қалдыңыз?

- Біз жаздай концерт қоюмен боламыз. Каникул дегенді ұмыттық. Солтүстік Қазақстанға гастрольдік сапармен баратын болып, ұшаққа  билет алынып қойылды. Қырсыққанда дәл сол уақытта үлкен апайым (ол баланың екіншісі) Сағида тұрмысқа шығатын болды. Ал концерт қоюға бармасам, құрамнан шығып қалатынымды білдім, бірақ анам келгенімді тәуір көрді. Мен Марат ағаға барып айтқанымда «тойға бара бер» деді қатқылдау дауыспен. Ойлана келе мен Гурьевке (қазіргі Атырау) билет алып, ұшып кеттім. Бір жағынан ағайымның қаталдығына деген өкпем бар. Оған дейін Марат аға «ритм гитарада ойнайтын дарынды таптым» деп мәз болып жүрген-тұғын. 9 қаңтарда тойға қатысып, ансамбльге қайтадан бармай қойдым.

- Елімізге танымал марқұм әнші Мәдина ЕРАЛИЕВАМЕН таныстығыңыз туралы әңгімелеп беріңізші.

- Мәдина менен бір курс төмен оқыды. Бір жатақханада бірге тұрдық. Оның өлең шырқағандағы дауысы ғажайып еді ғой. Студенттер сол кезде оны ерекше құрметтеп, кезек-кезек қонаққа шақыратын едік. Мәдина қарапайым, жетімдікті басынан кешкендіктен түсінігі мол, өте жақсы қыз болды. Ерінбейтін, ерекше таза-тұғын. Оның жататын керуеті маңы ерекше құлпырып тұратын. Ісмерліктен барлығын өзі тігіп, кестелеп әдемі көрпе, кілемшелерді тоқып алатын. Ол үстіндегі көйлектерін талғаммен тігіп алатын. Мәдина ән айтқанда мен баянмен сүйемелдейтінмін.


ҮЙГЕ ОРАЛУ

Қалыш апа 1975 жылы институтты тәмамдап шығады. Аспаптарда ойнау шеберлігіне қызыққан ұстазы оған институтта қалу ұсынысын айтады. Бірақ, анасы оның үйге келуін өтінеді. Әкесі 46 жасында қайтыс болған. Апасы тұрмысқа шығып, қалған балаларды жетілдіру керек болды. Анасының бірауыз сөзінен кейін ол Алматыда қалмай, Кулагиноға қайтып келеді.

Қалыш апа зейнеткерлікке шыққанға дейін Жамбыл атындағы орта мектепте, балабақшада балаларға музыкадан дәріс берген.

- Мүмкін Алматыда қалып қойғанда талантым ашылар ма еді. Ауылда ондай мүмкіндік жоқ, бір жағынан өкініш бар. Бірақ, менің отбасым бар, бес балам бар. Жолдасым Саламатпен бір класта оқыдық.  

- «Бармысың, бауырым» бағдарламасы арқылы 40 жылдан кейін құрбыңызды іздеп тауыпсыз...

- Құрбым мені іздеп тапты деген дұрыс болар. Біз бір бөлмеде бес қыз жаттық. Тұрмысқа шыққанан кейін балалы-шағалы болып қатынас үзіліп қалған еді. Қырық жылдан кейін «Бармысың, бауырымда» сені іздеп жатыр деген хабар тиді. Мен аталмыш бағдарламаға хабарласып, достарымды таптым. Бізді іздеген Қызылорда облысында тұратын Зада ЖАҚАУОВА екен. Сөйтіп көп жылдан соң бес қыз Алматыда кездесіп, Ағайша ұстазымызға бардық. Ол әлі сабақ береді екен! Бұдан кейін қатынасымызды үзбей, балаларымыздың тойларында кездесіп жүрміз.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген автор  

28 наурыз 2017, 10:26

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.