Атырау, 26 сәуір 20:24
 ашықВ Атырау +18
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

​Судың дәмі неге ащы?

3 657 просмотра


Қызылқоға ауданы Миялы ауылындағы Құрманғазы ықшамауданының тұрғыны Айгүл МҰҚСАНОВА біздің редакциямызға ауыз судың сапасына шағымданды.

Бұл ықшамауданға ауыз су 2014 жылы келген болатын (ауыз су құбыры «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында тартылды).

- Біз бұған дейін суды көрші ауладағы жерасты құдығынан пайдаланып келдік, - дейді А.Мұқсанова. - Ауыз суға қол жеткізген соң, құбыр суында кермектеу ащы дәм болды. Ол суды тамаққа пайдалану мүмкін болмады. Судың зияндылығын анықтау үшін мен аудандық санэпидстансаға арыздандым. Олар судың сапасын тексеріп, бәрі қалыпты деңгейде деді. Содан кейін жылу жүйесіне сол суды пайдаланып қарағанбыз, бірақ сорғы жиі істен шығатын болды. Ал тұзы аппақ болып тұрбалардың сыртына шығып жатыр. Мұның себебін анықтау біз үшін мүмкін болмай отыр. Амалсыздан, ауыз суды көршідегі құдықтан тасып ішіп отырмыз. Темір тесілсе, асқазанымыздан не қалады? Онсыз да бүйрегім ауырады.

Ал Қызылқоға ауданының әкімі Мақсот МҰҚАНОВТЫҢ  айтуынша, аудандық тұтынушылар құқығын қорғау қоғамы судың сапасын жылына 20 рет тексерістен өткізіп тұрады екен.

- Судың аздап тұздылығы болар, бірақ адам денсаулығына зиян келтіретіндей нормада емес, - дейді аудан әкімі. - Және лабороториялық тексерісті басқа да құзырлы орындар бақылауға алып отыр. Егер су адам денсаулығына қауіпті болып, ішуге жарамсыз болса, тыйым салынады ғой. Құрманғазы мөлтек ауданына келетін су «Қарасу» жерасты су қорынан беріледі. Екі ұңғыманы іске қосу үшін бюджеттен 185 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар, 60 текше метр көлемдегі су тазарту қондырғысын орнату жұмыстары жүруде. Нысан осы жылдың сәуірінде іске қосылады.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

3 наурыз 2017, 10:34

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.