Атырау, 26 сәуір 21:06
 ашықВ Атырау +18
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Қылмыстар хроникасы

3 306 просмотра

Махамбет ауылында 10 ақпанда жергілікті тұрғынның үйінен «ИЖ-27» аңшы қаруы мен 150 патрон ұрланған. Көп кешікпей полиция бұрын бірнеше рет сотталған 32 жастағы Е. есімді күдіктіні қолға түсірді. Заттай айғақтар алынды. 291-баптың 1-тармағы («Атыс қаруын жымқыру») мен 188-баптың 2-тармағының 3-тармақшасы («Тұрғын үй-жайға заңсыз кірумен жасалған ұрлық») бойынша қылмыстық іс қозғалды.  Махамбет аудандық соты Е.-ні екі айға қамауға алуға санкция берді. Тергеу жүргізілуде. 

Жол-патруль қызметкерлері 16 ақпанға қараған түні қала маңындағы Құрсай поселкесінен ВАЗ 21942 «Лада» көлігін тоқтатады. Оның 38 жастағы жүргізушісі мас екен. 2014 жылдың маусымында оның осындай заң бұзушылық жасағаны үшін 3 жылға жүргізуші куәлігінен айырылғандығы анықталды. 

Атырау тұрғынына №2 қалалық соты ірі мөлшерде ұрлық жасағаны үшін шартты түрде үш жылға бас бостандығынан айыру жазасын берді. Ол жалданып, зардап шегуші К.-нің пәтерін тазалаумен айналысқан. Қожайын әйел үйде болмаған кезде 1 670 000 теңге болатын алтын бұйымдарын ұрлап кеткен. Облыстық соттың баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, прокурордың, сотталушының, оның адвокатының және зардап шегушінің арасында іс жүргізу келісімі жасалған. «ҚР тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай рақымшылық жасау туралы» ҚР заңына байланысты және сотталушының кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты жаза мерзімі жартылай қысқартылды.
 
ҚР ҚК-нің 191-бабымен («Тонау») айыпталған екі сотталушыға №2 Атырау қалалық  соты үкім шығарды. Өткен жылдың қарашасында Жылыой ауданы Қосшағыл ауылының 26 жастағы тұрғыны мен Атырау қаласының 28 жастағы тұрғыны (екеуі де бұрын сотталған) «Жан Ару» азық-түлік дүкеніне келеді. Бірі сырттан бақылап, екіншісі сатушыны пышақпен қорқытып, кассадан 15 мың теңгені алып кетеді. Қалалық прокуратура бөлімінің прокуроры Л. Асанова хабарлағандай, екеуі де кінәлі деп танылып, 3 және 3,5 жылға бас бостандығын шектеу үкіміне кесілді.

Мақат аудандық соты аудан тұрғыны А.-ға қатысты әкімшілік істі қарады. Іс материалдарына сәйкес, А. 2012 жылдың мамырынан бастап бұрынғы жұбайы Н.-ның пайдасына өз балаларын асырауға алимент төлемеген. Сот қаулысымен А. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 669-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 2 тәулікке қамауға алынды.
Су полициясының қызметкерлері Сарыөзек маңындағы Атырау-Астрахань трассасынан 32 жастағы Құрманғазы ауданының тұрғыны жүргізіп келе жатқан «Лада» көлігін тоқтатады. Салоннан жалпы салмағы үш центнерден асатын 10 қапшық сазан табылды.

Нұрсая ықшамауданындағы дүкен сөресінен сұйық сабын құйылған 3 бөтелке ұрланған. Бақылау камерасының көмегімен ұрының жеке басы анықталды. Ұрлық жасады деген күдікпен 27 жастағы қала тұрғынына іздеу жарияланды. 

Привокзальныйдың 32 жастағы тұрғынына іздеу жарияланды. Ол 16 ақпан күні таңертең «Насиха» базарында ашық бортты «Газельден» түсіріліп жатқан шоколад қораптарын ұрлады деп күдіктеліп отыр. 

Құрманғазы АІІБ қызметкерлері Алға ауылдық округінің Сорхан учаскесінен қой ұрлаған 50 жастағы күдіктіні ұстады. Қойлар қожайынына - 60 жастағы Ганюшкин ауылының тұрғынына қайтарылды.

Ақпанның 19-ына қараған түні жол-патруль полициясы батальонының қызметкерлері Сырым Датов көшесінің бойынан «Приора» көлігін тоқтатады. Көлік ішінде 30 және 24 жастағы жігіттер болған. Көліктің жүк салғышынан «КамАЗ» көлігінің 7 аккумуляторы табылды. 19 ақпанда күндіз полицияға зардап шегуші шағымданып, түнде белгісіз біреулердің КамАЗ көлігінің екі аккумуляторын ұрлап кеткенін мәлімдеді. Сөйтіп, ол ұрланған заттар арасынан өз көлігінің бөлшектерін танып алды. 

Полицияға 29 жастағы қала тұрғыны шағымданды: 21 ақпанда кешкісін Амандосов көшесінің бойындағы мейрамханалардың бірінің жанынан оның «Нива» маркалы көлігін белгісіз біреу ұрлап, айдап кеткен. Ол көлігін ашық қалдырып кеткен екен. Жол-патруль полициясының қызметкерлері көлікті Махамбет ауданының Береке ауылынан ұстады. Көлік рөлінде Сарыөзектің 29 жастағы тұрғыны болған. ҚР ҚК-нің 200-бабы («айдап кету») бойынша қылмыстық іс қозғалды. 

Полиция ақпанның 21-іне қараған түні Лесхозда «Приора» көлігін жүргізіп келе жатқан 33 жастағы Авангард тұрғынын тоқтатты. Наркодиспансерде жүргізушінің мас болғандығы анықталды. Бұдан басқа, 2015 жылдың қыркүйегінде оның осындай заң бұзушылық жасағаны үшін 3 жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айырылғандығы белгілі болды.

23 ақпан 2017, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.