Атырау, 27 сәуір 07:11
 ашықВ Атырау +24
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

Су добы балалардың сүйікті спортына айналды

4 894 просмотра

Біздің өңірде су добы айтарлықтай тез дамып келеді. Оған 2016 жылы 2002-03 жылғы жасөспірімдердің арасында өткен Қазақстан чемпионатында «Атырау» командасының жеңіп алған күміс жүлдесі дәлел. Бұл туралы бізге су спорты түрлері клубының жаттықтырушысы, 2009 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері Ернұр ҚОЙЛИЕВ (суретте) әңгімелейді.

– 2016 жылы су добы бойынша «Атырау» командасы екі жас ерекшеліктері бойынша - 2002-03 жылғы және 2004 жылғы және одан кіші балалар арасында өткен Қазақстан чемпионаттарына қатысты. Бұған қоса жоғары топ 2014 және 2015 жылдары еліміз чемпионы аясында өткен жарыстарда бақ сынады. Қарағандыда наурыз айында өткен бірінші турда алаң иелерінен басқа алты кездесуде жеңіске жетті. Ал Алматыда шілдеде болған екінші турда біз қарағандылықтарды қалай болғанда да жеңіп шығуға тиіс болдық, алайда, біздің команда ұтылып қалып, үшінші рет чемпион атану мүмкіндігінен айырылды. Ал Атыраудағы үшінші турда команда жеңіл және емін-еркін ойнады, барлық матчта жеңіп отырды, бірақ, тек күміс медалмен ғана шектелдік. Сәттібек Кенжебай турнирдің үздік ойыншысы, Ғани Жұмабай үздік қақпашы атанды. Қарағандылықтар «алтын», астаналықтар «қола» жүлдені еншіледі.

Қарағандыда сәуір айында болған бірінші турда кіші топ «Астана» мен «Қарағанды» командаларын алға шығарып, өздері үшінші орынды місе тұтты. Өскеменде маусымда болған екінші турда төртінші орынды иеленді, сондықтан да Астанада үшінші турда жүлделі орынды иелену мүмкіндігі болған жоқ. Команда үш матчта жеңіске жетіп, төртіншісінде ұтылып қалды. Нәтижесінде төртінші орынды иеленді.

- Бұл спорт түрі басқа облыстарда қалай дамуда?

- Барлық жерде жақсы дамып келеді. Ел чемпионатында жеңіске жету барған сайын қиындап барады. Алайда, бұл ең маңызды мақсат емес. Бастысы – ел құрамасы үшін шетелдерде өнер көрсетіп, Атырауға оралып өз тәжірибелерін бөлісе білетін барынша көп үміткерлер тәрбиелеп шығару. Өйткені, Қазақстан құрамасы Азия континентінде мықтылардың бірі болып есептеледі. Жалпы қазақтар табиғаты жағынан қолдары мен аяқтары ұзын, біздің балалар су добында жақсы көрсеткіштерге қол жеткізуге тиісті.

Бүгінгі күні ұлттық құрамада қанша атыраулық спортшы бар?

–2015 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасына 2002 ж.т. біздің тәрбиеленушілеріміз: Юрий Грузинцев, Жасұлан Қайыров және Даниил Белоусов кірді. Олардың екеуі қазір Алматыдағы Ахметов атындағы спорттық мектеп-интернатта оқып жатыр. Олар біздің алғашқы қарлығаштарымыз. Біз олармен үнемі хабарласып тұрамыз. Олар еліміз құрамасымен бірге күніне екі рет жаттығу жүргізеді, толық мемлекет қамқорлығында, жарыстарда Атыраудың атынан шығады. Бір жыл ішінде олардың шеберлігі біршама артқан. 2017 жылдың қыркүйегінде Ташкентте 17 жасқа дейінгі жастар арасында Азия чемпионаты өтеді, қазір олар сол жарысқа дайындалып жатыр. 2016 жылдың қорытындысы бойынша еліміз құрамасына 2000-01 жылғы Никита Ковальчук пен Ғани Жұмабай алынды. Бұдан бұрын да түскен ойыншыларымыз секілді бұлар да интернатқа түсу барысында дене шынықтыру дайындығы және су добы техникасы бойынша емтиханды жақсы тапсырды. Балалардың өз өмірлерін су добымен байланыстырып, құрама командаға кірсем және болашақта мен секілді бапкер болсам деген армандарының болғаны өте жақсы. Сондай-ақ, 2016 жылы ел құрамасының қатарына 2002 жылы туған біздің бес ойыншымыз - Сәттібек Кенжебай, Данияр Жаубаев, Аслан Құмаров, Әділ Мақсотов және Нұрдәулет Қоныс қосылды. Олар Астанадағы Мұңайтпасов атындағы спорт мектеп-интернатына қабылданды.

- Өткен жылы сіздер оқу-жаттығу жиындарын өткіздіңіздер ме?

- 2004 ж. т. командалар үшін оқу-жаттығу жиындарын маусымда Таразда, ал, қарашада Астанада облыстық дене шынықтыру басқармасы мен су спорты түрлері клубының қаржысына өткізілді.

2017 жылға арналған жоспарларыңыз қандай?

- Алда 2002, 2004 жылғы және одан кіші жасөспірімдер арасында өтетін ел чемпионаты бар. Өткен жылы біз 2006-08 жылғы балалардан төрт топ жинақтадық. Оларды жүзуге үйретеміз. Алайда, олар жарыстарға тек екі жылдан соң ғана барады.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суреттер «АЖ» мұрағатынан алынды

19 қаңтар 2017, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.