Атырау, 23 қараша 05:45
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

​Индерлік жүкті әйел неден көз жұмды?

9 554 просмотра

9 қаңтарда арнайы комиссия Индер ауданындағы 32 жастағы босанушы әйелдің өлу себебін анықтау жұмыстарын бастады. Туыстары облыстық перинаталдық орталықтың медиктерін оны қабылдамады, содан кейін қалалық перзентханаға апарған соң сол жерде оның жатыры жыртылып, көз жұмды деп айыптайды.

Бірақ, біз әйелді перзентханаға жатқызудан бас тартқан жоқпыз. Ол бізге 17 желтоқсанда кешкісін түсіп, біздің дәрігерлеріміздің бақылауында 17 желтоқсанда сағат 23.00-ден бастап келесі күнгі таңертеңгі 9-ға дейін болды, - деп растайды облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігері Ұлжан ХАСАНОВА. – Ол әйелде айтолғақ болды. Жүктілік 40 апта, яғни, босану мерзімінен асқан жоқ. Және оны ауруханаға шұғыл жатқызу үшін ерекше көрсетілімдер болған жоқ. Дегенмен де, біз оған босанғанға дейін біздің стационарда қалуға кеңес бердік. Әйелдің түні бойына біздің дәрігерлердің бақылауында болғандығын растайтын барлық құжаттар бар. Комиссия олармен танысып шықты.

Қалалық перзентхананың бас дәрігері Гүлзейнеп ДҮСІПОВАНЫҢ айтуынша, оларға Гүлдана Жекенова 18 желтоқсанда таңертеңгі сағат 10-да түскен. Оның толғағы басталып, әйелді босандыру залына жібереді. Әйелдің және сәбидің жағдайын бақылауға мүмкіндік беретін аппараттарға қосқан. Дүсіпованың айтуынша, оны серіктеспен босану әдісімен босандырған. Гүлдананың жанында барлық уақыт бойына қан қысымы мен тамыр соғысы қалыпты болғанын өз көзімен көрген оның туысқаны болыпты.

Болмашы ғана жатыр жыртылуы мен қан кету болды. Өз тәжірибемде мұндай жағдаймен әлденеше рет бетпе-бет келдім. Тіпті, бұдан да көп қан кеткен пациенттерді құтқарып қалдық. Бұл басқаша болды. Босанушының аяқ астынан тынысы тоқтап қалды. Өлу себебі - қағанақ суы эмболиясы болды деп ойлаймын, - деп есептейді Г.Дүсіпова. - Қағанақ суы эмболиясы – акушерлік саладағы қатты асқыну, ол аяқ астынан туындайды және өткір сипатта болады. Ол көбінесе бұрын босанған әйелдерде болады, ал біздің пациентіміздің бұл 4-ші рет босануы. Арнайы комиссия тергеуі аяқталғаннан кейін бәрі айқындалады. Біз өз тарапымыздан мұқият тергелуіне мүдделіміз. Бұл 7 жыл жұмыс тәжірибеміздегі босанушы әйелдің алғашқы өлімі.

Өз тарапымнан қалалық перзентханада босанушы әйел көз жұмған тағы бір жағдайды еске салғым келеді.

2013 жылдың жазында стационарда 22 жастағы Мейрамгүл ҒАЙСИНА қайтыс болды. Атырау қалалық прокуратура сол кезде қалалық перзентханада босанушы әйелдің қайтыс болу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Әйелдің көз жұмғаны туралы редакцияға оның анасы Рита ҒАЙСИНА хабарлады. Ол қалалық прокуратураға перзентхананың медицина қызметкерлерінің немқұрайлылығына қатысты шағымданды. Оның айтуынша, Мейрамгүл қалалық перзентханаға 11 маусымда түсіп, келесі күні босанған. Бірақ содан кейін комаға түсіп, 32 күн бойына ауруханада ес-түссіз күйде жатқан. Мейрамгүл 16 шілдеде о дүниелік болды. Ал сәбиі тірі қалды.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ
Қағанақ суы эмболиясы (қан тамырының бітеліп қалуы) – бұл қағанақ сұйықтығының (қағанақ суының) қан ағысына түсуінен туындаған жүктіліктің немесе босанудың асқынуы. Егер жатыр қуысындағы қысым ананың күре тамыр қысымынан көп болса, қағанақ суы оның қан жолдарына оңай түседі. Қағанақ сұйықтығы қан ағысына түскен кезде таралып кеткен тамырішілік ұю синдромы дамиды (қанның ұю жүйесінің бұзылуы мен көптеген тамырішілік тромбтың (қан ұйығының) және қан кетудің қатар туындауы). Көбінесе қағанақ суының эмболиясы босанудың бірінші немесе екінші кезеңін қиындатады. Алайда жүктілік кезінде (екінші және үшінші триместрде) де немесе босанған бойда да туындауы мүмкін. Жүктіліктің бұл асқынуы көбінесе қайта босанған әйелдерде кездеседі және ана мен шарананың өмірі үшін өте қауіпті.

11 қаңтар 2017, 12:01

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.