Атырау, 23 қараша 10:26
 ашықВ Атырау +5
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Жас ананың өлімі тергелуде

6 720 просмотра

Атырау қалалық прокуратурасы Алмагүл ықшам ауданында орналасқан қалалық перзентханада босанған ананың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы «АЖ»-ға қала прокурорының міндетін уақытша атқарушы Руслан АБИРОВ хабарлады. 

«Р.Гайсинаның арызы негізінде ҚР ҚК-нің 114-бабының 4-бөлігімен (Медицина және фармацевтика қызметкерлерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамауы) қылмыстық іс қозғалды», -деді ол біздің жолдаған ресми сауалымызға орай берген жауабында.

22 жасар қызы Мейрамгүл ГАЙСИНАНЫҢ өлімі туралы фактіні редакцияға анасы Рита ГАЙСИНА хабарлаған болатын. Кейін ол қалалық прокуратураға қалалық перзентхананың медицина қызметкерлерінің салғырттығына шағымданып арыз түсірді. Оның айтуынша, қызы Мейрамгүл қалалық перзентханаға осы жылдың 11 маусым күні түсіп, келесі күні босанған. Ал содан кейін комаға түсіп кетіп, 32 күн бойына ес-түссіз жатқан. Мейрамгүл 16 шілде күні қайтыс болды. Ал дүниеге келген сәби (қыз бала) аман-сау және өзін жақсы сезінеді.

Қалалық прокуратураға түскен арыздың негізінде Атырау облысы бойынша медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау Комитетінің арнайы комиссиясы құрылған болатын. Ал ана өлімінің себебін анықтау үшін Ақтөбе қаласынан тәуелсіз сарапшы мамандар шақыртылды. Сондай-ақ, перзентхана мен облыстық ауруханадан бөлек, Гайсина қаралған №2 қалалық емхана дәрігерлерінің де қызмет көрсету сапасы тексерілді.

Қалалық перзентхананың бас дәрігері Гүлзейнеп ДҮСІПОВА екі ай бойына жүргізілген тәуелсіз сараптама комиссиясының қорытындысы бойынша дәрігерлердің ешқандай кінәсі жоқтығы дәлелденгенін айтады.

Алайда, бұл іс бойынша қазір қалалық ішкі істер басқармасының қызметкерлері алдын ала тергеу амалдарын жүргізу үстінде.

Айнұр САПАРОВА

8 қазан 2013, 15:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.