Атырау, 27 сәуір 01:21
 ашықВ Атырау +24
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

Бiлiктi кадрдың қадiрi артып тұр

4 387 просмотра

Бүгінде облысымыздағы еңбек нарығында байқалатын проблемаларды рекрутерлер маусымдық деп атайды. Алайда Қашаған мен Қарабатандағы дайындық жұмыстарының аяқталып қалғаны көңіл жабырқатады. Бұл компаниялардағы жұмыс орындарының қысқаруына әкеп соқтырары сөзсіз. Бос орындар азайып, жұмыс іздеушілер көбеюде.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының 2012 жылдың 1 қаңтарындағы мәліметтері бойынша, Атырау облысында 1763 жұмыссыз тіркелген.

- Бұл көрсеткіш – өткен жылдың деңгейімен бірдей дерлік, - дейді басқарманың жұмыспен қамту бөлімінің бастығы Гүлболат АМАНҒАЛИЕВА. Жыл басында жұмыспен қамту  органдарына жұмысқа орналасу мәселелері бойынша 1167 адам хабарласты. Оның 181-і жұмысқа орналастырылды, 714-і қоғамдық жұмыстарға, 14-і – кәсіптік даярлауға, қайта даярлауға және біліктіліктерін көтеруге жіберілді, үшеуі уақытша жұмыс орындарына бөлінді.

 

Қайда бару керек?

Кейбір кадрлық агенттіктер-дің мәліметтері бойынша, дағдарыстан кейін алғаш рет еңбек нарығында өткен жыл бойына байқалған жандану қайтадан тоқырауға алмасқан.

- Қарабатанда, мәселен, негізгі құрылыс аяқталып, жіберу-реттеу жұмыстары жүріп жатқандығына байланысты тас қалаушы, арматурашы, бетоншы секілді жұмысшы мамандықтарына сұраныс жоқтың қасы. Жұмыс іздеушілер саны көбейген, - дейді  «HR Атырау» кадрлық агенттігінің директоры Жансая ОСПАНОВА.

Бұдан басқа, дағдарыстың екінші толқынынан қауіптенгендіктен шығар, жұмыс берушілер қатаң үнемдеу режиміне көшіпті. Егер бұрын олар жұмысшыларға жалақыдан бөлек лара деп аталатын үстеме ақы төлеген болса, енді көптеген компанияларға өз шығындарын оңтайландыруға тура келді. Бір жерлерде номиналдық еңбекақылар көбейген болса, инфляция есебімен бұл нөлдік өсіммен тең. Кадр бөліміндегілер 2012 жылы еңбекақы дүмпуін күту қажет емес екенін ескертеді.

Сондай-ақ, қыста жұмыс табу осы уақытта құрылыс саласындағы ұсыныстардың әжептәуір азаятындығымен де қиындай түседі.

 

Жұмыс берушілер талаптарын күшейтеді

Дегенмен, «Check Point Central Asia Atyrau» компаниясының мәліметтері бойынша, жергілікті еңбек нарығындағы жағдай жеткілікті мөлшерде тұрақты көрінеді. Қызметкерлерді іріктеу жөніндегі менеджер Наталья ЖЕЛДЫБАКОВА былай дейді:

- Әрине, өткен жылдың аяғында және биылғы жылдың басында рекрутингтік агент-тік жұмыстарында аздаған саябырсу байқалады. Бірақ бұрынғыша мұнай-газ компанияларынан сұраныстар көп түсті: олар түрлі кәсіптегі мамандарды іздейді. Сұраныстарға талдау жасау көрсеткендей, олардың жыл ішіндегі жалпы саны – мұнай, металлургия және өндіруші кәсіпорындарда – бұрынғы деңгейде қалған. Жалғыз ғана айырмашылығы – үміткерлерге, олардың білім мен дағды деңгейлеріне қойылатын талаптар әжептәуір жоғарылаған. Ал жоғары оқу орындарының түлектері көп болғанына қарамастан, жақсы мамандарды табу өте қиын.

Біздің аймағымыз мұнай-газ кенішін өндіру және өңдеу орталығы боп табылатындықтан, ерекше біліктілікті талап ететін күрделі технологиялар бізде қолданылады. Сондықтан облыста техникалық мамандықтар бұрынғыша бағаланады. Соңғы кездері білікті инженерлік құрам ең қажетті мамандық боп отыр.

- Бұл мамандықтар кез-келген өндірістік кәсіпорынның негізі боп табылады: олардың бүкіл жұмысы өнім сапасы мен өнімнің шығарылу мерзіміне байланысты болады, - дейді Наталья Желдыбакова. – Осы бағыттағы мамандар Қазақстанда саусақпен санарлық. Олардың барлығы жақсы жерге жұмысқа орналасқан, оларды тарту өте қиын.

Шетелдік компаниялардағы талаптарға келер болсақ, олар он жыл ішінде еш өзгермеген: ағылшын тілін білуі мен мамандығы бойынша жұмыс тәжірибесі болуы керек.

 

Бухгалтерлерге сұраныс көп

Жергілікті еңбек нарығында қаржыгерлерге, сондай-ақ аудармашылар мен адам ресурстарын басқару мамандарына үнемі сұраныс болады.

Барлық кадрлық агенттіктер бір ауыздан бас бухгалтерге, кең профильдегі бухгалтерге, аудиторлар мен аудармашыларға жұмыс табу оңай екенін айтады. Бұл мамандықтар жыл бойына қажет.

Инженер-электриктер, КИП мамандары, инженер-жобалаушылар, инженер-сметашылар менгеодезистер тапшы.

Заңгерлер нарықта әлі де көп. Алайда, кадрлық агенттіктердің қызметкерлерінің пікірінше, олардың арасынан нағыз білікті мамандарды табу қиын екен. Бұл ең алдымен шетел тілін білетін халықаралық, азаматтық жәнеқылмыстық құқық жөніндегі мамандарға қатысты.

 

Қытай тілін үйреніңіздер

- Шет тілін білетін мамамандарға деген сұраныс үнемі өсіп отырады, сондай-ақ,  аудармашылар үшін бос жұмыс орындарының саны да баршылық, -деп жалғастырады әңгімесін Желдыбакова. – Еуропалық тілдерде сөйлей алатын мамандардан басқа, мәселен, айталық, қытай тілін меңгерген мамандарды  көбірек іздейді. Бұл Қазақстан нарығында, оның ішінде Атырау облысында қытайлық компаниялардың көбеюімен байланысты. Алайда, өкінішке қарай, бүгінгі таңда Атырау облысында үш тілді: қазақша, орысша және ағылшын тілін меңгерген білікті аудармашы жоқ деуге болады.

 

Экологтардың бағасы артып тұр

Мұнай өндіруші аймақтың мәртебесі экологтардың жеткілікті болуына қашанда маңыз береді. Сондықтан да қоршаған ортаны қорғау жөнін-дегі білікті мамандарға деген сұраныс барған сайын көбейіп отырады.

Бұдан басқа, бүгінгі таңда сату және сатып алу жөніндегі менеджерлер (азық-түлік, құрал-жабдықтар мен техникалар), IT-мамандары, инженерлер және өнеркәсіптің барлық саласының жетекші мамандары, сондай-ақ, жарнама жөніндегі, бизнесті дамыту, жоспарлау және маркетология мамандары үлкен сұраныста. Сондай-ақ, нарық сатушы, аспаздар, құрылыс мамандарының өкілдері мен металл өңдеу жөніндегі мамандарға мұқтаж.

Жұмыссызға не тиісті?

 Жұмыссыз мына жағдайларда атаулы-әлеуметтік көмекті ала алады: 

Егер оның отбасы мүшелерінің орташа табысы кедейшілік шегінен аспайтын болса.

Кедейшілік шегі тоқсан сайын анықталады және күнкөріс минимумы деңгейінің 40% құрайды. Қазір күнкөріс минимумы 17 751 теңге, тиісінше, кедейшілік шегі - 7100 теңге болады. Жұмыссызға тиесілі атаулы-әлеуметтік көмек көлемі қандай? Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының әлеуметтік көмек және әлеуметтік нормативтер бөлімінің бастығы Балдай ӨТЕҒАЛИЕВА түсіндіргендей, егер жұмыссыздың бес адамнан тұратын отбасының жиынтық табысы 25000 теңгені (демек, отбасының әр мүшесіне орташа алғанда 5 мың теңгеден келеді) құраса, онда берілетін көмек мөлшері былай есептеледі: 7100 теңгеден (кедейшілік шегі) 5000 (орташа табыс) теңгені шегеріп тастаймыз, сөйтіп, одан 2100 теңге аламыз. Міне, нәтижесінде отбасының әрбір мүшесі мемлекеттен атаулы-әлеуметтік көмек ретінде осындай соманы алатын болады. 

Егер отбасында 18 жасқа дейінгі балалар болса және жиынтық табыс азық-түлік себетінің  мөлшерінен (күнкөріс минимумының  60%  – 10 651 теңге) аспайтын болса, онда әрбір балаға 1 АЕК (1681 теңге) көлеміндегі балалар жәрдемақысы төленетін болады.

Сондай-ақ, жұмыссыз тұрмысы аз қамтылған отбасы үшін тиісті тұрғын үй көмегін (коммуналдық қызметтер төлемдері) де ала алады.

«Check Point Central Asia Atyrau» мәліметтері бойынша, біздің аймақта мына саланың мамандық иелеріне  жұмыс табу жеңіл көрінеді:

Инженерлік мамандықтар бойынша:КИПиА (тексеру-өлшегіш құралдары және автоматика) жөніндегі инженер, инженер-электрик, инженер-құрылысшы, мұнай-газ жабдықтары жөніндегі инженер, геолог және басқа да мамандық иелері  (еңбекақылары  150 мың теңгеден  және  жоғары).

Сату жөніндегі менеджерлер  (орта және жоғары буын): азық-түлік өнімдерін, техника және құрал-жабдықтарды сату (орта буын үшін 100 мың  теңгеден басталады, ал, жоғары буын  үшін  200 мың теңге және одан жоғары).

IT және телекоммуникация(100 мың теңге және жоғары).

Бухгалтерлік есеп және қаржы(100 мың теңгеден басталады және орта буын бухгалтер үшін одан жоғары,  200 мың теңгеден және бас бухгалтер үшін одан жоғары);

Аударма қызметі (жақсы еңбек тәжірибесі бар мамандар үшін  - 250 мың теңге және жоғары).

Кәсіпорынды басқару, экономика(еңбекақы деңгейі әр түрлі: тілдерді білу деңгейіне, қызмет саласына байланысты болады).

Логистика және транспорт(150 мың теңге және одан жоғары).

Жарнама, маркетинг(250 мың  теңге).

Экология(100 мың  теңге және одан жоғары, егер ағылшын тілін білсе және шетелдік компанияларда жұмыс жасаған тәжірибесі болса, онда 200 мың теңге және жоғары).

Кадрларды іріктеу (HR) (еңбекақы жұмыс тәжірибесі мен тілдерді білуіне байланысты болады: 100 мың теңге және жоғары).

Бұрғылау жөніндегі мамандарға, қауіпсіздік техникасы жөніндегі инженерлерге, автокөлік жүргізушілері, кеңсе-менеджерлеріне деген сұраныс өте азайып кетті.

2 ақпан 2012, 15:43

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.