Атырау, 26 сәуір 20:26
 ашықВ Атырау +18
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

«Жер ала алмай жүрмін»

3 897 просмотра

- Мен өткен жылы кәсіпкерлікпен айналысу мақсатында Махамбет ауданынан 1 га жер телімін алуға өтініш бергенмін. Бірақ, маған жер Жайық өзеніне жақын және табиғатты қорғау заңдарының талаптарына сай емес деп берілмеген болатын. Бұдан соң мен Махамбет ауданына қарасты Бейбарыс ауылдық округінің әкімдігіне ауылдан 4 гектар жер бөлу туралы өтініш бердім, бірақ, одан да беруден бас тартты. Мен органикалық тыңайтқыш (компост) өндіруді жоспарлағанмын. Ауыл шаруашылығы өндірісі үшін жалға берілетін жер телімдерінің тізімі «Халық Ақпарат» газетіне тамызда жариялануы тиіс болатын. Мен тізім жарияланған соң құжаттар жинай бастап, конкурсқа қатысамын деп ойлағанмын. Бірақ, жарияланымды мен тек конкурс өтіп кеткен соң, он күннен кейін көрдім. Жергілікті әкімдікке барып, жарияланым қашан шығатынын сұрап білгенімде, маған «күтіңдер» деумен болды. Интернеттен қарадым, тізімді таппадым.

Әділбай ТОЛМАКОВ

Сұраққа Махамбет ауданы әкімінің орынбасары Мәлік АМАНОВ жауап берді:

- ҚР Жер кодексінің 48-бабына сәйкес, мемлекеттік меншіктегі және пайдаланылуға берілмеген жер учаскелерін немесе жер учаскелерін жалдау құқығын беру сауда-саттықта (конкурстарда, аукциондарда) жүзеге асырылады. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері уақытша жерді пайдалануға беру ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2005 жылғы 2 наурыздағы №165 және Жер ресурстарын басқару агенттігі төрағасының 2005 жылғы №24-Ө «Ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін жер учаскелерін жалға берген кезде конкурстарды ұйымдастыру және өткізудің ережесін бекіту туралы» бірлескен бұйрығына сай, конкурс арқылы беріледі. Осы ережелердің негізінде Махамбет аудандық әкімдігінің 31 тамыздағы қаулысымен жер учаскелерін жалға беру жөнінде конкурстық комиссия құрамы бекітілді. Осыған орай, жалға берілетін жерлердің конкурсқа ұсынылғаны туралы ақпарат 5 тамызда (№27) республика аумағына таралатын «Халық Ақпарат» басылымында жарияланды. Ақпараттық хабарлама жарияланғаннан кейін 30 күнтізбелік күннің ішінде конкурсқа қатысуға ниет білдірген жеке және заңды тұлғалардан конкурстық өтінімдер қабылданды. Конкурстық өтінімдер салынған конверттерді ашу бесінші қыркүйекте өтіп, он күннен кейін қорытындысы «Халық Ақпаратта» жарияланды. Конкурсқа ауданның Есбол, Алға, Бақсай, Жалғансай, Ақтоғай, Сарайшық, Алмалы, Ақжайық ауылдық округтерінің босалқы жерлерінен 45 жер учаскесі шығарылып, 31 жеңімпаз анықталды.

Махамбет ауылдық округінде босалқы жер жоқ. Ал Бейбарыс ауылдық округінің жерлері бұрынғы «Первомайский» бірлескен шаруашылыққа берілген. Мемлекеттік бірлескен шаруашылықтарды жекешелендіру кезінде «Первомайский» бірлескен шаруашылықтың жерлері шартты үлескер ретінде соның жұмысшыларына бөлініп берілген. Барлық жер үлестері бұрынғы АҚ, қазіргі «Первомайский» ЖШС-іне берілген. Шартты үлестік жерлер сауда-саттық (конкурс, аукциондарға) шығарылып, бөлінуге жатпайды.

3 қараша 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.