Атырау, 26 сәуір 15:58
 ашықВ Атырау +23
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Саумалға сұраныс артуда

Сурет
4 120 просмотра

Биыл еңбек демалысымды Шымкентке жақын маңдағы шипажайда өткіздім. Таудың таза ауасы, мөлдір бұлақ суы және саумал пайдалы сусыны...

Жалпы, саумал Оңтүстік Қазақстан облысында үлкен сұранысқа ие. Шипажайға еліміздің әр өңірінен, әсіресе, батыс аймағынан келген адамдар демалысы мен саумалмен емделу әдісін ұштастырғанды жөн көреді. Халық арасында әуелден бұл сусынның қан тазартуға және бауырды сауықтыруға әсері бар деп біледі. Және оның емдік қасиеті тек мұнымен шектелмейді.

Бізде Атырауда саумал өндіру әзірге дамымаған. Десек те, осы істі қолған алған бір кәсіпкер бар. Оның есімі – Мадияр САБДАНБЕК. Ол Шымкент облысы Ордабасы ауданы Батыр ата ауылының тумасы. Мадияр Атырауда 2006 жылдан бері тұрады. Саудамен айналысады. Ал осы жылы көктемнен бастап саумал өндірумен айналыса бастады.

Мадиярмен біз кездейсоқ таныстық. «Атырау-Индер» тас жолының бойында келе жатқанда жол бойында тігілген қараша киіз үйді көзіміз шалды. Бұл жерде Мадияр өзінің 10 жасар баласы Аспандиярмен және тағы екі көмекшісімен бірге жылқы өсіру шаруашылығымен айналысады екен. Негізінен құлынды биелерді ұстайды.

...Кішкентай Аспандияр 4-сыныпта оқиды және әкесіне көмектеседі. Жақсы еңбегі үшін Мадияр оған лақап аты «Красавчик» деген қара түсті құлынды сыйға тартқан.

Күн сайын мұнда оның екі көмекшісі 12 бие сауады.

- Жазда әр биеден төрт литрден сүт алатынбыз. Күн салқындаған соң өнім сәл кеми бастады, - дейді Мадияр.

Бүгінде олардың тұрақты клиенттері бар. Кейде саумал бәріне бірдей жетпей қалып жатады. Сол кезде сатып алушыларға келесі күні келуге тура келеді. Айтпақшы, біз Мадиярмен сөйлесіп тұрғанда бірнеше адам саумалды сатып алу үшін кезекте тұрды. Мұндай пайдалы сусынның бір литрі - 1 000 теңге тұрады.

- Мен бұл жерге әдейі сонау Қызылқоға ауданы Тайсойған ауылынан келіп тұрмын, - дейді Жолдығали МАКЕНОВ (суретте). - Өзім де бие ұстаймын, бірақ, оның сүті аз. Мен бронхитпен ауырамын, бірнеше жыл қатарынан саумал ішемін. Ол көп көмектеседі. Жазда бұл жігіттерден жол қашық болғандықтан бірден 10 литрін алып кетемін.

Әзірге Мадиярдың күннен күнге өсіп отырған сұранысты толық қанағаттандыруына мүмкіндігі жоқ. Бірақ, ол қазірдің өзінде ісін дамыту жоспарын ойластырып қойған. Сатып алушылар саны артып келеді, әсіресе, өкпесі, асқазан, бауыры ауыратындар көп келеді.

- Әкем менің кішкентай күнімде өкпе дертіне шалдықты. Әкемнің беті бері қараудан қалды, өлетін болар деп ойладық. Біз қорқа бастадық, сосын сүтті биені құлынымен сатып алып, саумалмен емдедік. Уақыт өте келе әкемнің реңі кіріп, тамаққа тәбеті ашылып, жатқан кісі орнынан тұрды. Бала болсам да жылқының күтімін өз мойныма алғанмын, - дейді Мадияр. - Содан қызығушылығым артып, байлаудан ат кетпеді. Біз осы жаққа көшіп келгеннен кейін бұл кәсіптен қол үзіп қалдым. Енді осы жылы бәрін қайтадан бастадым.

Болашақта Мадияр облыс орталығының «Авангард», «Балықшы», «Привокзальный» ықшам аудандарында саумал сату үшін киіз үйлер орнатуды жоспарлап отыр.

- Сауын биелердің саны аз, олардың санын көбейтемін, - дейді Мадияр. – Маған тағы да көмекшілер керек. Мен еңбекқор әрі жылқыны мен сияқты жақсы көретін адамдарды іздеймін.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттерді түсірген автор

27 қазан 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.