Атырау, 26 сәуір 21:55
 ашықВ Атырау +18
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Жігерлі жандар

3 235 просмотра

Мүгедектер спорт клубында (Балықшы) мүмкіндіктері шектеулі спортшылар арасында жеңіл атлетикадан облыс чемпионаты өтті. Оларды мүмкіндіктері шектеулі деп айтудың өзі орынсыз, өйткені, чемпионатқа Атырау қаласы мен облыс аудандарынан қатысқан 78-нің әрқайсысы дені сау адамдарға бергісіз.

Мен мұны әзілдеп айтып отырғаным жоқ. Олардың әрқайсысы туралы газеттің кем дегенде бір бетін алатындай олардың өмірінен сыр шертетін мақала жазуға тұрарлық және бұл олар үшін аздық етер еді. Өйткені, ондай мақалалардың әрқайсысында нағыз ерлік істер туралы, мұқалмаған рух және өздеріне деген сенімнің қандай екеніне көз жеткізесіз.

Егер чемпионат туралы айтар болсақ, қатысушылар өздерінің мүгедектік топтарын ескере отырып, 100 және 200 метрге жүгіруден, диск және найза, ядро лақтырудан өз топтары бойынша жарысты. Қатысушыларға фотокамераның объективінен қарап отырып, мен «дендері сау қандай мықты жігіттер» деген ойға жиі орала бердім. Менің бұл ойымды оқып қойғандай, теннис бапкері Гүлнара ИМАНӘЛИЕВА менің көкке самғаған ойымды жерге түсіргендей болды: «жүгіріп бара жатқандар зағып спортшылар». Жүгіруден көзі көрмейтіндер де, тірек-қозғалыс аппараты бұзылғандар мен балалар церебральды сал ауруларымен сырқат жандар да жарысты. Олардың әрқайсысы секунд өлшеуіштердің көрсеткіштеріне қарамастан жеңімпаз деп есептеледі.

Әзірге дискі мен найза лақтыру бойынша сайыс өтіп жатқан кезде мен жарысқа қатысушылармен әңгімелеспек болдым. Және қатысушылардың бірінің спорт шебері немесе спорт шеберлігіне кандидат, не болмаса чемпион немесе жүлдегер екендігіне таңданып қалдым. Айталық, Людмила ФОКИНА спортпен ес білгелі айналысып келеді екен. 2000 жылдан бастап спортпен кәсіби тұрғыда айналыса бастаған. Қазір үстел теннисін ойнайды. Бірнеше рет қалалық, облыстық және республикалық чемпионаттарға қатысып, жүлдегер атанған. Спорт шебері болып табылады. Людмила менімен ашыла сөйлесе қоймаса да өзінің позитивті адам екенін көрсете білді. Және спортсыз өз өмірін елестете алмайтынын айтты:

- Бұл бірінші кезекте алдыңа қойған мақсатыңа жете алатындығыңды көрсете білетін мүмкіндік, белсенділік.

Дискі және ядро лақтырудан бүгінде Қазақстан чемпионы Биғайша МАХАЕВА осыдан бірнеше жыл бұрын осы спортқа келіп, оның үстіне мынадай жетістіктерге жетем дегенді ойламаған да еді.

- Бұрын спортпен мүлдем айналысқан емеспін. Тіпті, айналысам деп те ойлағаным жоқ.

Кейін Биғайша ЖКО тап болып, нәтижесінде 3-ші топ мүгедектікті рәсімдеді. Спортқа мені өз жаттықтырушым, мүгедектердің спорттық клубының Құрманғазы филиалының әдіскері Ержан СҰЛТАНОВ алып келді. Ол мені өзіме сенім артуыма мәжбүрледі. Бұл үшін мен оған өте ризамын. Бүгінгі күні Биғайшаның ядро лақтырудан спорт шеберлігіне кандидат атағы бар. Бұдан басқа ол жаттықтырушылық жұмыспен айналысуда және мүгедектігі бар балаларды жаттықтырады.

Индира НАЗАРБАЕВА да екі жыл бұрын спорттан хабары болмады. 2013 жылы ол ауырып, сырқатының салдарынан екі аяғынан айырылды. Ал бүгінгі күні ол пауэрлифтинг бойынша Қазақстан чемпионы! Бұған сену қиын болса да, бұл шындық.

- Отадан кейін мен бір жыл бойына төсек тартып жаттым. Ол кездерді еске түсіргің де келмейді. Бұл бір терең тұңғиық, енді өмір сүрудің керегі жоқ деген ойлар мен басқа да жағымсыз жайттар. Бірде мен жатқан күйімде ойға шомдым да: «Мен не үшін жатырмын? Жатқанмен ештеңе өзгермейді, бәрі сол қалпы болмай ма? Мен өзімнің бар күшімді жидым да өзімді аяққа тұруға мәжбүрледім». Қайтадан өмір сүруді үйрендім. Жаңа жағдайда тұрмысқа бейімделдім. Үйде алдымен тізеқаппен кейін протезбен қозғала бастадым. Ал кейін мені дәрігер спорт клубының тренажер залына жіберді, маған бір жыл бойына қозғалыссыз қалған бұлшық еттерімді жаттықтыруға және буындарымды қалыпқа келтіруге тура келді. Барып жаттығып жүрдім. Кейін пауэрлифтингтен жаттықтырушы Илья ТЕЛЕУҒАЛИЕВПЕН таныстым. Ол маған зілтемірмен жаттығуға кеңес берді, сол кезде мен менің жағдайымда қайдағы зілтемір деп күлген едім. Бірақ, кейін байқап көрсем бе деген шешімге келдім.

Онысы бекер болмаған екен. Бүгінгі күні Индира Қазақстан чемпионы, пауэрлифтингтен спорт шебері. Қазір өзі дәрігердің кеңесімен келген клубтың тренажер залында жаттықтырушы болып жұмыс істей жүріп, басқаларға өз күшіне сенудің қаншалықты маңызды екенін түсінуге көмектесіп жүр.

Дегенмен, қатысушылар үшін оңай сынақ болмай шыққан чемпионатқа қайта оралайық, жарыс барынша достық қарым-қатынаста өтті. Онда олардың әрқайсысы бір-бірі үшін жандары ауырып, бір-біріне қолдау танытты.

Сонымен, чемпиондарға қараңыз! Тірек қозғалыс аппараты бұзылған ерлер арасында дискіні лақтыру бойынша үздік деп Ерлан БИТЕМІРОВ (Атырау қаласы), әйелдер арасында – Биғайша МАХАЕВА (Құрманғазы ауданы) танылды. Тірек қозғалыс аппараты бұзылған ерлер арасынан найза лақтыру бойынша Ерлан Битеміров, әйелдер арасында Гүлбақыт ҚАЙЫРЖАНОВА (Құрманғазы ауданы) үздік болды. Тірек қозғалыс аппараты бұзылған ерлер арасынан ядро лақтыру бойынша Нұрлыбек ИСАТАЕВ (Миялы селосы), әйелдер арасынан – Бигайша Махаева таңдаулы болды.

Көздері нашар көретін ерлер арасынан 100 метрге жүгіру бойынша – Нұрлыбек ҚАБДРАХМАН (Индер ауданы), әйелдер арасынан – Гүлбақыт Қайыржанова, жүз метрге жүгіруден БЦС сырқаты бар ерлер арасында – Қалыбай ТҰРДАЛИЕВ (Атырау қаласы), әйелдер арасында – Раушан ОРЫНБАЕВА (Атырау қаласы) жеңіске жетті. Тірек-қозғалыс аппараты бұзылған ерлер арасынан – Самат ЕСҚАЛИЕВ (Қызылқоға ауданы), әйелдер арасынан – Гүлімжан ҚАБИЕВА (Құрманғазы ауданы). 200 метрлік қашықтыққа жүгіруден тірек-қозғалыс аппараты бұзылған ерлер арасынан Самат Есқалиев, әйелдер арасынан – Гүлімжан Қабиева чемпион атанды. БЦС сырқаты бар ерлер арасында – Нәжімеден Төлегенов (Құрманғазы ауданы), әйелдер арасында – Раушан Орынбаева үздік деп танылды. Зағип спортшылар арасында 200 метр қашықтыққа жүгіруден Нұрлыбек Қабдрахман, әйелдер арасында – Гүлбақыт Қайыржанова алда келді.

29 қыркүйек 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.