Атырау, 27 сәуір 04:51
 ашықВ Атырау +24
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

Исағалиевтер шаруашылығы

4 480 просмотра

Құлсары қаласы-нан он шақырым жерде көкорай көк шалғынды «Қарағай» алқабында өнім жинау жалғасуда.

«Қарағай» қарбыздары Құлсарыда үш сауда нүктесінде сатылады. Оларға сұраныс жақсы...

- Сатып алушылар біздің қарбыздарды күтіп тұрады. Ал біз басында Құлсарыда өтпей жатса, өнімді Атырау мен Ақтауға жеткізуді ойлағанбыз. Бірақ, оның қажеті болмай қалды. Оның үстіне біз сенбі сайын өтетін жәрмеңкеде өнім бағасын түсіріп сатамыз. Көп балалы отбасыларға қайырымдылық көмек көрсетіп, көкөністермен қамтамасыз етіп отырамыз, - дейді «Аман-Есен» ШҚ басшысы Мұрат ИСАҒАЛИЕВ (суретте) егінді аралата жүріп.

Биыл ШҚ 40 гектар жерге бау-бақша, көкөніс тұқымдарын еккен. Қазір қияр, қызанақ, қарбыз-қауын жинауда. Осы кезге дейін 70 тонна қарбыз, 8 тонна қауын, 8 тонна қызанақ, 10 тонна қияр өткізген.

«Аман-Есен» ШҚ осыдан 13 жыл бұрын құрылған. Мұрат оның атын Аман мен Есен деген егіз ұлдарының құрметіне қойған. Екеуі де биыл Атырау аграрлы-техникалық колледжін бітірді. Енді жаз бойы егін басында еңбек етіп жүр. Мұрат олар өз мамандықтарын өздері таңдағанын айтады және ұлдары өз ісін жалғастыратынына сенімді. Оның тағы екі ұлы мен бір қызы бар.

Мұрат қожалығын ашпас бұрын теміржолда күзетші болып жұмыс істеген. Ал негізгі мамандығы бойынша жүргізуші-механик. Жас күнінде әкесінен Жем өзенінің бойында егін сыңсып тұратын еді деп еститін. Ал қазір Жылыой ауданында су тапшылығына байланысты егінге бет бұрушылар саусақпен санарлық. Бірде Мұраттың да егіні құрғақшылық кезінде күйіп кетіп, ол бұл жүгі ауыр істі тастап, тек мал шаруашылығымен айналыссам ба деп ойлаған. Бірақ, ақыры тастамады. Оның табандылығы қазір өз жемісін беруде...

ШҚ суды Жем өзенінен алып отыр. «Қарағай» алқабында көкөніс жылыжайы бар. Қыста мұнда қияр мен қызанақ өсіріледі, кейін көктемде жергілікті тұрғындарға сатылады.

Исағалиевтар отбасы мал шаруашылығын да ұмыт қалдырмады. Қожалықта 200 қой, 100-ге тарта сиыр, 50 бастай түйе бар. Мал қазір алқаптан 70 шақырым жердегі «Иманқара» беткейінде жайлауда жүр. Күзге қарай мал көші осы «Қарағай» төңірегіне құлайды. Қыстақ осы жерде орналасқан. Мұнда үш жыл қатарынан шұбат дайындалады. Оншақты сауын түйеден күніне 20 литр сүт алынып, оны пісіп ашытып, базарға жөнелтеді. Онда шұбаттың литрін 500 теңгеден сатады.

Ұлдарынан бөлек, Мұратқа тетелес інілері Самат, Қанат, Файзолла көмектеседі. Бәрі бірігіп, қожалық ісінің дөңгеленуіне мұрындық болып жүргені. Жақында олар лизингке «МТЗ-80», «МТЗ-82» екі тракторын алыпты. Сондықтан, мұнда қажетті техниканың бәрі бар.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттерді түсірген автор

25 тамыз 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.