Атырау, 27 сәуір 02:06
 ашықВ Атырау +24
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

Жер теліміне бақылау жасалады

2 427 просмотра

Біздің қалада жеке сектордағы жер телімдерінің, коммерциялық құрылыстар мен жалғамаларды рәсімдеу кезінде алынған үй аумақтарының шекарасына қадағалау жасайтын мекемелер бар ма? Жер телімдеріне кадастрлық төлқұжаттарда көрсетілген мәліметтерді нақты шекаралармен салыстырып, бақылау жасайтын кім? Жер иелерінің барлығы дерлік мүмкіндік бола қалса, өз телімінің қоршауын ауыстырып, өз еркімен іргелес аумақты көбірек қамтуға тырысатынын байқаймын. Іргелес қоғамдық аумақтарды өз еркімен басып алу орын алып, нәтижесінде көлік жолының ені, жаяу жүргіншілер өтетін кеңістік азаяды, инженерлік коммуникациялар жүргізу мүмкіндігі төмендейді және т.б. Қызыл жолаққа дейінгі бос жерді, өртпен күресуге қажетті қашықтықты ешкім сақтамайды. Мұндай заң бұзушылар үшін қандай жаза қарастырылған? Бұл кейінге қалдырылмайтын және үнемі бақылауды қажет ететін өте маңызды мәселе.

Ильяс Қасанов

Сұраққа Атырау облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Ғибрат СҮЛЕЙМЕНОВ жауап берді:

– ҚР Жер кодексінің 147-бабына сәйкес, жердiң пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау жөнiндегi уәкiлеттi орган:

1) мемлекеттiк органдардың, кәсiпорындардың, мекемелердiң, ұйымдар мен азаматтардың Қазақстан Республикасының жер заңнамасын, жер телімдерін нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланудың белгiленген режимiн сақтауына;

2) жер телімдерін өз бетiнше иеленiп алуға жол бермеуге;

3) жер телімдерінiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың құқықтарының сақталуына;

4) жер телімдерінiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың топырақтың құнарлылығын қалпына келтiру және сақтау жөнiндегi ұйымдастыру-шаруашылық, агротехникалық, орман мелиорациялық және эрозияға қарсы гидротехникалық iс-шаралар кешенiн уақтылы және дұрыс жүргiзуiне;

5) жер телімдерінiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың өздерiнде жердiң бар-жоғы, олардың жай-күйi мен пайдаланылуы туралы мәлiметтердi мемлекеттiк органдарға уақтылы беруiне;

6) жердiң жай-күйiне әсер ететiн тұрғын жай және өндiрiстiк объектiлердiң жобалануына, орналастырылуы мен салынуына;

7) жердi жақсарту жөнiндегi, топырақ эрозиясының, тұздану, батпақтану, су басу, шөлейттену, құрғақтану, тығыздалу, қоқыстану, ластану және жердiң тозуын туғызатын басқа да процестердiң салдарын болғызбау мен жою жөнiндегi iс-шаралардың уақтылы және сапалы орындалуына;

8) азаматтардың өздерiне жер телімдерін беру туралы өтініштерін қараудың белгiленген мерзiмдерiнiң сақталуына;

9) межелiк белгiлердiң сақталуына;

10) жергiлiктi атқарушы органдар уақытша жер пайдалануға берген жердiң уақтылы қайтарылуына;

11) бүлiнген жердiң қалпына келтірілуіне;

12) жердiң бүлiнуiне байланысты жұмыстар жүргiзiлген кезде топырақтың құнарлы қабатының сыдырып алынуына, сақталуына және пайдаланылуына;

13) жердi пайдалану мен қорғау жөнiндегi жерге орналастыру жобаларының және басқа да жобалардың жүзеге асырылуына мемлекеттiк бақылауды ұйымдастырады және жүргiзедi.

Бұдан басқа, ҚР Жер кодексінің 43-бабының 10-тармағына сәйкес, егер облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергiлiктi атқарушы органының, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкiмiнiң жер телімін беру туралы шешiмiнде өзгеше көзделмесе, жер телімінің нақтылы (белгiлi бiр жердегi) шекарасы белгiленгенге дейiн және құқық белгiлейтiн құжаттар берiлгенге дейiн жер телімін пайдалануға жол берiлмейдi.

Осы норманы сақтамау жер телімін өз бетiнше иеленiп алу деп бағаланады және ҚР әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес, әкiмшiлiк жауаптылықты көздейдi.


11 тамыз 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.