Атырау, 27 сәуір 02:33
 ашықВ Атырау +24
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

Жансельге жеңіс тілейміз

Сурет
3 911 просмотра

Атыраудың намысын қорғап жүрген таеквондошы Жансель Дениз Рио олимпиадасының жолдамасын жеңіп алды. Атырауда халықаралық «Қазақстан Опен» турнирі өтті. Осы және басқа да жаңалықтармен облыстық таеквондо федерациясының президенті Арман ТОҒАЕВ бөлісті.

- 21 қаңтарда «Ренессанс» қонақ үйінде өткен федерация кеңесінде мен федерация президенті болып тағайындалдым. Баспасөз конференциясында мен негізгі екі міндетті атаған едім – Олимпиадаға лицензияны жеңіп алу және кең ауқымды халықаралық «Қазақстан Опен» турнирін өткізу. 17 сәуірде Манилада өткен лицензиялық турнирде біздің спортшымыз Жансель Дениз 67 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтын медальды жеңіп алып, Олимпиада ойындарына жолдама алды.

- Жансель туралы айтып берсеңіз?

- Жансель Степногорск тумасы. Алты жасында анасы екеуі Түркияға көшіп кеткен. Оның анасы дзюдодан спорт шебері, сол елде жұмыс істеуге жолдама алған. Қазір Жансельдің анасы таеквондодан Түркия құрамасында бас дәрігер болып жұмыс жасайды. Жансель волейболмен айналысқан. 2009 жылы таеквондо секциясына келіп, бірден жақсы нәтижелерге қол жеткізген. Ол бірнеше рет Түркия чемпионы атанды және халықаралық турнирлердің жеңімпазы болды. 2014 жылы осындай турнирлердің бірінде онымен 2008 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері Арман Шылманов танысып, оған Қазақстан атынан шығуға ұсыныс жасайды. Жансель оған бірден келісті. Азаматтықты өзгерту үрдістері басталды...

- Олимпиада лицензиясын жеңіп алған Жансельге Атырау қандай құрмет көрсетті?

- Облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан қабылдауына шақырып, оған салтанатты түрде Нұрсая ықшамауданынан бір бөлмелі пәтердің кілтін табыстады. Сондай-ақ, бір миллион теңге көлемінде ақшалай сыйақы ұсынды. Оның жаттықтырушысы Артур Шылмановқа да жарты миллион теңге көлемінде сыйақы берілді. Қазір федерация Жансельдің пәтерінде жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұдан басқа, АМУ ректоратымен Жансельдің осы оқу орнында білім алуы жөнінде келісім жасалды.

- Қазір Жансель қайда?

- ҚР құрамасымен Кореяда оқу-жаттығу жиынында. Жиын аяқталған соң ол халықаралық «Корея опен» және «Дания опен» турнирлеріне қатысады, одан кейін Таиландқа жаттығу жиындарына барады. Ол жақтан Олимпиадаға жол тартады.

18 мамырда біз қала мектептері оқушыларының облысқа танымал спортшылармен кездесуін өткіздік. Бұл шараның өтуіне мен, соңғы екі олимпиадаға қатысушы Ринат Ибрагимов және дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы Азамат Бекет ұйытқы болдық. Акцияға спорт жұлдыздары: бокстан КСРО чемпионы Болат Теміров, А.Шылманов, Бейжің олимпиадасына қатысушы Лия Нуркина, кикбоксингтен кәсібилер арасында Азия чемпионы Абзал Дүсіпов, самбодан бірнеше дүркін Азия чемпионы Ержан Қабделов, Әсет Әлдешов және басқа да көптеген спортшылар қатысты. Олар «Балықшы» және «Нұрсая» ДСК-нінде №1 және №4 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілерімен кездесті. Спортшылар оқудан бос кезде тек жүрмей, спортпен шұғылданудың маңызын айтты.

- «Қазақстан Опен» халықаралық турнирі қалай өтті?

- Бұл турнир Атырауда бірінші рет, ал, елімізде екінші рет өткізілді. Қазақстанда таеквондо бойынша жүлдеге тұңғыш рет автокөлік тігілді.

ҚР таеквондо федерациясының атқарушы директоры Мақсат Ибраев турнирдің ұйымдастырылуына жоғары баға берді. Турнирдің ашылу салтанатында Атыраудағы тарихи тұлғалар – Бейбарыс сұлтан, күйші Құрманғазы, Дина, Исатай мен Махамбет бейнеленген театрландырылған қойылымдар көрсетілді. Әнші Ескендір Ибрагим «Көк тудың желбірегені» әнін орындады. Осы әннің ырғағымен екі аттылы желбіреген тумен алаңды айналып шықты. ҚР мәдениет және спорт министрлігі атынан қала әкімі Нұрлыбек Ожаевқа, облыстық спорт басқармасының басшысы А.Бекетке және маған алғыс хат тапсырылды. Турнир қорытындысы бойынша атыраулық спортшылар 21 медаль жеңіп алды, оның төртеуі - алтын. «Лада Гранта» автокөлігі Тәжікстан құрамасының өкілі 80 келіден жоғары салмақта өнер көрсеткен 2012 жылғы Лондон олимпиадасына қатысушы Фарход Негматовқа бұйырды.

- Болашақтағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз?

- Ж.Денизбен бірге мен Олимпиадаға жанкүйер ретінде барамын. Жарысты ұйымдастырудағы ерекшеліктерді көріп қайтпақпын. Жоспар жетерлік. Біз «Қазақстан Опен» турнирін атыраулық еткіміз келеді. Таеквондодан халықаралық турнирлерді К5 форматында - командалық жарыс түрінде өткізуді көздеп отырмыз. Біз қазақстандық спортшылар Олимпиадаға жолдаманы көбірек жеңіп алуы үшін 2020 жылға қарай лицензиялық турнир өткізгіміз келеді. Қазан айында балалар арасында облыстық федерация жүлдесі үшін облыстық турнир өткізілетін болады.

Осы сәтті пайдаланып мен қала әкімі Н.Ожаевқа, облыстық дәне тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы А.Бекетке және «Қазақстан Опен» халықаралық турнирін өткізуді ұйымдастыруға қолдау танытқан жандардың барлығына алғыс білдіремін.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

23 маусым 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.