Атырау, 27 сәуір 05:47
 ашықВ Атырау +24
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

Таксистерді «лақтырған» алаяқ

3 337 просмотра

№2 қалалық сот такси жүргізушілерін алдаған алаяққа қатысты үкім шығарды.

Бұған дейін жыл басында Атырау қаласының 24 жастағы тұрғыны С.А. ҚР ҚК-нің 296-бабы («Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен, прекурсорлармен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу») бойынша сотталған және оған 158 560 теңге көлемінде айыппұл салынған болатын.

Бұл жерде байланыс бар ма жоқ па, белгісіз, бірақ сол жағдайдан соң ол заңсыз түрде ақша табудың жолына түседі.

17 ақпанда ол «Насиха» сауда үйіне бару үшін «Иверия» дүкені маңынан такси тоқтатады. Жол бойында ол жүргізушіден дәрі алу үшін 4 мың теңге сұрайды және ол ақшаны үйіне барған кезде беретін болып уәделеседі. Көліктен түскен ол тез арада қайта оралып, дәріге жетпей қалды деп тағы да 2,5 мың теңге сұрап алады. Ақ көңіл таксист ұсақ ақшасы болмағандықтан оның қолына 5 мың теңгесін ұстата салады. Ал, «сұраншақ» жолаушы еш сыр берместен «Насиха» базарына кіріп, артқы есіктен шығып ізін суытқан.

Содан кейінгі екі аптаның ішінде ол алты рет таксистерді «лақтырып» кетті. Ол негізінен дәріге қатысты сызбамен жұмыс жасайды, ал, соңғысында жүргізушіге «Насиха» базарының ішінде 10 мың теңгемен туысқанының күтіп тұрғанын, егер ол уақытын үнемдегісі келсе, бірден қайтаратын ақшасын беріп жіберсе, 10 мың теңгемен тез қайтып оралатынын айтады. Сеніп қалған жүргізуші оған 6,5 мың теңгесін беріп жібереді. Алайда, алаяқ жасырынып үлгереді. Қысқасы ол азаматтарға 40 мың теңге көлемінде залал келтіреді. Қалалық прокуратура бөлімінің прокуроры Лаура АСАНОВАНЫҢ хабарлауынша, 18 мамырда сот С.А. ҚР ҚК 190-бабының 2-бөлімі, 2-тармағы («Бірнеше рет жасалған алаяқтық») бойынша кінәлі деп тауып, 2 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

16 маусым 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.