Атырау, 26 сәуір 20:54
 ашықВ Атырау +18
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Ешкім де тәуекелге барғысы келмейді

2 218 просмотра

Облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінде туристік қызметтер мен авиатасымалдау саласына қатысты дөңгелек үстел отырысы өтті.

Соның ішінде авиатасымалдаушы компаниялардың төменгі тарифпен сатылған билеттердің ақшасын қайтармау мәселесі көбірек талқыға түсті. Бұл тәжірибе әуелден бар: егер тұтынушы қандай да бір себептермен төменгі тарифпен сатып алынған билетті қайтарса, онда оның ақшасы оған қайтарылуға жатпайды. Алайда, тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің пікірінше, бұл тұтынушы құқығының бұзылуы болып саналады.

Авиакомпаниялар қайтармау себебін түсіндірді: мәселен билет құнының орташа бағасы 30 мың теңге болса, олар оны 18 мың теңгеге сатады. Егер, олар бұл тариф бойынша сатылған билеттер ақшасын қайтарар болса, компания шығынға ұшырайды. Сол себепті, жаңа заңнамалар әуе компанияларына бұл тариф бойынша ақшаны қайтаруды міндеттесе, онда мұндай төменгі тарифті сеткадан алып тастауға мәжбүр. Ал, тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің өкілдері оларға шығынға ұшырау қаупін сақтандыру қажеттігін ұсынды.

Алайда, мұнымен туристік компаниялар келіспейді (әңгіме жолдаманың құнына кіретін билеттер туралы болғанда). Олар да тәуекелге барғысы келмейді.

«Планета.kz» туристік компаниясының директоры Роза БЕКЕНОВА компанияға келер шығынды ескеріп, әуе компанияларының төменгі тарифпен ұсынған авиабилеттерін сатудан бас тартатынын айтып отыр.

- Мен сақтандыру компанияларына шығындар қаупін сақтандыруды ресімдеу үшін барғанмын. Бірақ, олар оны жасауға көп құжаттар сұратады. Ал, оларды жинау мүмкін емес, - дейді Бекенова. – Сақтандырушылардың бұл саламен байланысқысы келмейтін сияқты деген ой келеді.

Таяқтың екі ұшы секілді бұл мәселенің екі жағы бар, компаниялар шығынға ұшырағылары келмейді, ал тұтынушылар аспандап тұрған билет құнына шағымданады. Бұл мәселенің шешімі әзірге көрінбейді.

Айнұр САПАРОВА

13 маусым 2016, 12:52

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.