Атырау, 27 сәуір 04:48
 ашықВ Атырау +24
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

​Қырсық шалған Мостовой

2 294 просмотра

Image 0

Қала билігі жаңбыр суына толған жеке сектордағы көшелер мен аулалардан су сорғыш көліктері сорған суларды Мостовой өзегіне құюға рұқсат берді. Су сорғыш көліктерінің тізбегі күн сайын өзекке барып, көпірден көгеріп кеткен суды төгеді. Бұл экология үшін қаншалықты қауіпсіз?

Бұл сауалды мен қалалық ТКШ бөлімінің мамандарына наурызда жолдаған едім. Сол кезде бәрі дұрыс екенін: мұның тек жаңбыр суы екендігіне сендірген еді. Бірақ бұл жерде бір жайт ескерілмеген: жеке үйлердің аулалары суға толған кезде септиктер мен қазылған шұңқырлардың ішіндегілер жоғарыға көтеріледі. Демек, Мостовой өзегіне тек "жаңбыр суы" ғана төгілмейді деген сөз.

- Мұндай судың Мостовой өзегіне құйылуына жол беруге болмайды, - деп есептейді "Дренаж" КМК экс-басшысы Ибрагим ӘМІРОВ. – 2000 жылдары салынған Мостовой өзегіне бастапқыда үлкен үміт артылды. Басты мақсат - қаланың солтүстік бөлігінде қолайлы микроклимат жасау болатын. Бұл жерде жасыл белдеу пайда болуы тиіс еді, ал өзектің өзі дренаж қызметін атқарған болар еді.

Сол кезде өзекті салуға бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлінді. Өзек Атырау ықшамауданындағы Жайықтан бастау алып, теңізге дейін созылып жатыр. Мамандардың растауынша, бұл оның табиғи тарихи арнасы.

– Мостовой өзегіне екі жағынан бетон тақтасы салынған. Онда әрбір 18 метр сайын жерасты суларының ағыны үшін сүзгілер орнатылған. Атырау ықшамауданының тұрғындары сол кезде өзек іске қосылғаннан кейін өздерінде балшықтың азайғандығын бірден байқады, - деп еске алады Ибрагим Шәкуұлы. - Билік ауысқаннан кейін облыстың жаңа басшылығы өзекті Еркінқала арқылы жүргізіп, содан кейін оны Жайықпен жалғау мақсатты болады деп есептеді. Сол кезде бізге теңізге дейін 5-6 шақырым жерді қазу ғана қалған еді. Бірақ аңғарды ауыстырып, өзекті Жайыққа шығаруға тура келді. Бұл үлкен қателік болды.

Мәселе мынада. Жайықтағы су деңгейі теңіздегі деңгейден жоғары. Егер Мостовой өзегін оның табиғи жолы арқылы теңізге жүргізсе, онда оның бойымен су өздігімен ағар еді. Ал Жайыққа қосқан кезде, суды сорғының көмегімен тартып шығаруға тура келді. Осы мақсатта бюджеттен 170 млн теңге бөлінді. Мостовой өзегінің бастауына жүзбелі сорғы станциясын орнатты. Ал өзектің өзін шлюздермен жабдықтады. Су тасқыны кезінде Жайықтағы су деңгейі жеткілікті болған кезде, ол өзекке ашық шлюздер арқылы құйылады, ал су аз болған кезде, оны сорғы станциясының көмегімен тартып шығаратын болады деп жорамалданды.

– Алайда мұның бәрі ақша мен уақытты зая кетіру екендігін уақыт көрсетті, - деп есептейді Әміров. - Біріншіден, станцияның өзі қате орнатылды. Су тасқыны кезінде ол суда қалады, ал Жайықтағы су деңгейі төмендегенде, өзек аңғары кеуіп, су тартатын жер болмай қалады. Ал өзекте үнемі су айналымы болуы тиіс, әйтпесе ол шіріп кетеді. Осы себепті өзекке суға кеткен аулалардан тартып шығарылған суды құюға болмайды. Өйткені сумен бірге ол жерге септиктің ішіндегілер де құйылады. Бүгінгі күні өзек Жайыққа құйылмайды. Бірақ егер ол Жайыққа жететіндей жағдай болса, бүкіл осы тасталындылар өзенге құйылады.

Біз Мостовой өзегіне барып, жағымсыз әсер алдық. Өзек іс жүзінде қараусыз қалған. Сорғы станциясы жұмыс жасамайтын күйде, өзектің өзіне қоқыс толған, кей жерлерде қамыс өскен. Ал ахуалды әлі де түзетуге болады, деп есептейді Әміров:

Бастапқы жобаға оралып, өзекті табиғи арнасымен теңізге жүргізу керек. Ал Еркінқала арқылы жүргізілген бөлігін көміп тастау қажет. Осылайша, өзекті осы жылдар бойына жиналып қалған қоқыстан тазартып, қысы-жазы судың табиғи жүруін қамтамасыз етеміз. Егер өзектегі су ағынды су болса, жақын маңдағы тұрғын үй массивінің тұрғындары оны суармалы су ретінде пайдалана алады. Оның үстіне өзектегі таза өзен суы балық уылдырық шашу үшін керемет орта бола алады. Бұл мәселе мамандармен талқыланды, олар мақұлдап отыр. Қалай дегенмен де, өзекті қазіргі күйде қалдыруға болмайды, әйтпесе ол көп кешікпей қоқыс төгетін шұңқырға айналады.

Тамара СУХОМЛИНОВА

Суретті түсірген автор

30 сәуір 2016, 19:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.