Атырау, 27 сәуір 08:05
 ашықВ Атырау +27
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

​Әділдік іздейміз

2 182 просмотра

– Жұбайым Сергей Лифанов көп жыл бойы мүгедектер қоғамының мүшесі, жыл сайынғы жарналарды төлеп тұрады. Қоғамдық бірлестіктің өз ақшалары жоқ және ол демеушілер есебінен өмір сүреді. Демеушілердің көмегі әділдік принципі бойынша жұмсалатынына күмәндімін. Тиісті органдардың қоғам қызметін тексеруі үшін қайда шағым жаза аламын?

Телефон арқылы

Сұраққа адвокат Гүлсім САБЫРОВА жауап берді:

– «Қоғамдық бірлестіктер туралы» ҚР заңының 6-бабына сәйкес, олар өз мүшелерiнiң (қатысушыларының) ерiктiлiгi, тең құқықтылығы, өзiн-өзi басқару, қызметiнiң заңдылығы, есептiлiгi мен жариялылығы негiзiнде құрылып, жұмыс iстейдi.

«Коммерциялық емес ұйымдар туралы» ҚР заңының 39-бабына сәйкес, коммерциялық емес ұйымдардың, мемлекеттiк мекемелердi қоспағанда, құрылтай құжаттарына сәйкес олардың басқару органдары мыналар болып табылады: 1) жоғары басқару органы (жалпы жиналыс, съезд, конференция, құрылтайшы) - коммерциялық емес ұйым қызметiнiң кез келген мәселелерi бойынша шешiмдер қабылдауға құқылы; 2) басқарудың атқарушы органы (алқалы немесе дара басқару) - коммерциялық емес ұйымның құрылтай құжаттарымен жоғары басқару органының ерекше құзыретiне жатқызылған мәселелердi қоспағанда, коммерциялық емес ұйымның қызметiн ағымдағы басқаруды жүзеге асырады, жоғары басқару органына есеп бередi; 3) коммерциялық емес ұйымның басқару органдары сайлайтын немесе тағайындайтын тексеру органы (тексеру комиссиясы, тексерушi);

«Қоғамдық бірлестіктер туралы» заңның 21-бабына сәйкес, қоғамдық бiрлестiктiң ақша қаражаты, егер оларды төлеу жарғыда көзделген болса, кiру жарналары мен мүшелiк жарналардан; ерiктi жарналар мен жиналған жылудан; жарғыға сәйкес дәрістерден, көрмелер, спорттық және басқа шаралар, лотереялар өткiзуден түскен түсiмдерден; өндiрiстiк және өзге де шаруашылық қызметтен алынған табыстан; заң актiлерiнде тыйым салынбаған басқа да түсiмдерден қалыптасады.

Бақылау-тексеру органының болуы қоғамдық ұйымның міндетті шарттарының бірі болып табылады. Ішкі бақылаудың мақсаты – қоғамдық бірлестіктің жалпы қызметінің заңнамаға, жоғарғы және басшы органдардың шешімдеріне сәйкестігін тексеру, қаржылық-шаруашылық қызметін тексеру. Ол қоғамдық бірлестікті құру кезінде қалыптасады. Қоғамдық бірлестіктің жарғысында: тексеру органы мүшелерінің саны мен олар сайланатын мерзім, тексеру органдарының негізгі өкілеттігі мен тексеру жүргізу мерзімділігі бекітілуі тиіс.

Қоғамдық бірлестік мүшесінің ұйым органдарының бірінің өзінің құқығын бұзғандығы туралы қандай да болмасын мәлімдемесі тексеру жүргізу туралы шешім қабылдауға себептердің бірі болып табылады. Тексеру жүргізу тексеру органының құқығы ғана емес, міндеті болып табылады. Бұл міндетті орындамау қоғамдық бірлестікке жауапкершілік шарасын қолдануға әкелуі мүмкін (мәселен, тіркеуші органның ескерту беруі).

Ұйым қаржысының жұмсалуын бақылау және қоғамдық бірлестіктің бюджетін сақтау түрінде тексеру жүргізу кезінде ұйым қаржысының түсуіне және қолданылуына бақылау жасалады. Бірлестік қаржысы ұйымның жарғысында қарастырылған мақсаттарға ғана жұмсалуы тиіс. Бұдан басқа қайырымдылық, гранттар, мақсаттық қаржыландыру түрінде алынған бұл қаржылар (мүліктер) осы қаржыларды (мүліктерді) беру кезінде қарастырылған мақсаттарға ғана қолданылуы мүмкін.

Тексеру нәтижелері актімен ресімделеді. Онда тексеру бағдарламасында қойылған бүкіл сұрақтарды зерттеу нәтижелері баяндалады. Тексеру актісі мүдделі тұлғаларға (мәселен, ұйым мүшелеріне, оның басшылығына, тіркеуші органға) беріледі. Бір данасы міндетті түрде қоғамдық бірлестіктің құжаттамасында қалады. Ұйым мүшелерінің бірінің шағымының негізінде тексеру актісімен бірге тексеру жүргізілген жағдайда шағымға жауап әзірленеді. Егер шағым негізді деп танылған жағдайда және заң бұзу фактісі расталса, қоғамдық бірлестіктің тиісті органына комиссия (ревизор) осы заң бұзушылықты жою туралы тапсырма береді. Тексеру актісінде комиссияға қабылданған шаралар туралы хабардар етілуі қажет мерзімдер туралы нұсқау болуы мүмкін. Бұл тексеру кезінде анықталған кемшіліктерді дер кезінде жоюды қадағалауға мүмкіндік береді.

Тиісті шара алынбаған жағдайда ұйым мүшелері сотқа талап-арыз беруге құқылы.

28 қаңтар 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.