Атырау, 26 сәуір 20:58
 ашықВ Атырау +18
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Министрлікте міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру заңнамасының жаңашылдықтары түсіндірілді

2 125 просмотра

АСТАНА. ҚазАқпарат - Медициналық сақтандыруды енгізуге байланысты қазақстандықтарға түсетін қосымша ауыртпалықтар корпоративтік табыс (КТС) және жеке табыс салықтары (ЖТС) есебінен төмендетіледі.

Бұл туралы бүгін 29 қазанда ҚР Парламенті қабылдаған «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» ҚР Заңының нормаларын түсіндіруге арналған баспасөз мәслихатында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Алексей Цой хабарлады.

Заңға сәйкес, азаматтарға медициналық қызметтің 2 түрлі пакеті ұсынылады. Біріншісі - республикалық бюджеттен қаржыландырылатын медициналық көмектің мемлекет кепілдендірген көлемін ұсынатын базалық пакет.

«Ол Қазақстанның барша азаматтары үшін қолжетімді болмақ. Пакеттің құрамына жедел жәрдем қызметі, санитарлық авиация, әлеуметтік маңызды ауруларға, сондай-ақ төтенше жағдайларда, профилактикалық екпе кезінде көрсетілетін медициналық көмек кіреді. 2020 жылға дейін өзін-өзі тиімсіз жұмыспен қамтылған тұрғындарға республикалық бюджеттің есебінен амбулаторлық-дәрілік қамтамасыз етілетін амбулаторлық-емханалық көмек көрсету қарастырылған»,-деді министрдің орынбасары.

Екіншісі - жаңадан құрылатын медициналық сақтандыру Қоры ұсынатын сақтандыру пакеті. Оған амбулаторлық-емханалық көмек, стационарлық көмек (әлеуметтік маңызды ауру түрлерін есептемегенде), стационарлық көмекті алмастыратын көмек (әлеуметтік маңызды ауру түрлерін есептемегенде), қалпына келтіру емдік шаралары, медициналық реабилитация, паллиативтік көмек және мейірбикелік қарау мен жоғарғы технологиялық көмек кіреді.

«Аталмыш пакетті алу құқығы әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушы ҚР азаматтарына, ҚР аумағында тұрақты өмір сүретін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғаларға беріледі. Сонымен қатар, экономикалық белсенділігі төмен халық үшін төлемақы мемлекет есебінен жүргізілетін болмақ. Жұмыс берушілер - жалдамалы жұмысшылар үшін, қызметкерлер мен салық органдарында тіркелген өзін-өзі қамтыған азаматтар өздері үшін төлейтін болады»,-деді А. Цой.

Оның сөзіне қарағанда, жоғарыда аталған пакеттерге қосымша, ерікті сақтандыруға қатысқан азаматтар медициналық қызметтерді жеке сақтандыру компанияларымен жасаған келісімшарт негізінде алатын болады.

Міндетті ай сайынғы жарналар мен ҚР ДСӘДМ Медициналық қызметтерді төлеу комитетінің базасында медициналық қызметтерді сатып алуды топтастыру үшін коммерциялық емес акционерлік қоғамның ұйымдастырушылық-құқықтық формасында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (Қор) құрылатын болады. Қордың құрылтайы әрі жалғыз акционері ҚР Үкіметі болмақ.

Вице-министр ерекше санаттағы азаматтар (халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал аз қамтылған тобы) үшін мемлекет тарапынан өтелетін төлемақының мөлшерлемесі орташа айлық еңбекақының 7% құрайтынын хабарлады. Сонымен қатар мөлшерлеменің көлемі 2017 жылы 4%, 2018 жылдан бастап 5%-ға, 2023 жылдан 6%-ға, 2024 жылдан 7%-ға сатылай түрде өсетін болады.

Жұмыс берушілер жарнасы мөлшерлемесінің жалпы көлемі кірістің 5%-ын құрайтын болады. Аударым 2017 жылы 2%-ды, 2018 жылы 3%-ды, 2019 жылы 4%-ды, 2020 жылы 5%-ды құрайтын болады. Аталған аударымдар корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде шегерілетін болады.

Қызметкерлер жарнасының мөлшерлемесі кірістің 2%-ын құрайтын болады, аударым 2019 жылы 1%, 2020 жылдан бастап 2% болады. Бұл жарналар сомасы жеке табыс салығын есептеу кезінде шегерілетін болады.

Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар жарнасының мөлшерлемесі (жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, кәсіби медиаторлар, азаматтық-құқықтық негіздегі келісім бойынша кіріс табатын жеке тұлғалар) олардың кірісінің 7% құрайтын болады. Ол 2017 жылы 2%, 2018 жылы 3%, 2019 жылы 5%, 2020 жылдан бастап 7% болады.

«Аталған жарналар жұмыс берушілер үшін корпоративті табыс салығын есептеу кезіндегі, қызметкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін жеке табыс салығын есептеу уақытындағы шегерімге жатқызылатынын атап өткім келеді. Яғни, 2017 жылы жұмыс берушілерге түсетін іс жүзіндегі салмақ 1,6%, 2018 жылы - 2,4%, 2019 жылы - 3,2%, 2020 жылы - 4% құрайтын болады», - деп түсіндірді Алексей Цой.

Сөз соңында вице-министр әлеуметтік медициналық сақтандыру Қоры жарнасын төлеуден азаматтардың 15 санаты (халықтың әлеуметтік аз қамтылған тобы) босатылатынын атап өтті. Олардың ішінде балалар; «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, бұрын «Батыр Ана» атағын алғандар, сонымен қатар I және II дәрежелі «Аналық даңқ» орденімен марапатталған көп балалы аналар; ҰОС ардагерлері мен мүгедектері; мүгедектер және басқа санаттар қамтылған.

Дереккөз: inform.kz

4 қараша 2015, 18:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.