Атырау, 27 сәуір 07:46
 ашықВ Атырау +24
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

​Шырқы бұзылған демалыстың құны қанша?

1 966 просмотра

Image 0Жақында Түркияға демалуға кеткен атыраулық туристер жағымсыз жайтқа тап болды. Жағажайдың орнында полицей учаскесі болып, жақсы демалыстың шырқы бұзылды.

«Маусымда зайыбым Аидамен және ініммен бірге жергілікті турфирмалардың бірінен турпакет сатып алдық. Оны толықтай төлеп, Түркияға демалуға аттандық. Атыраудан ұшып кеттік, бірақ зайыбымды Түркия аумағына жібермеді. Өйткені, оның төлқұжатының жарамдылық мерзімі 2015 жылы 1 шілдеде бітеді. Оны бейтарап аумақта тоқтатып, полицей учаскесіне алып барды. Әрине, қасында мен болдым. Бізді 5 сағат полицей учаскесінде ұстады. Бұл менің жүкті зайыбым және мен үшін қатты стресс болды. Біз түрік тілін білмейміз, ағылшын тілін білмейміз, аудармашы болмады. Зайыбымның қан қысымы жоғарылап, өзін өте нашар сезінді», - деп әңгімелейді Талғат.

Ерлі-зайыптылар хабарласқан Қазақстан консулдығы еш көмектесе алмаған. Ең жақын рейспен оларды Қарағандыға жіберіпті. Турагенттік Қарағандыдан Астанаға дейінгі, содан соң Атырауға дейінгі ұшу ақысын төлеген. Алайда турпакет үшін төленген ақшаны қайтарудан бас тартып отыр. Аида келген соң Талғатпен турагенттікке барып, болмай қалған демалыс үшін ақшасын қайтарып алу мәселесін бейбіт жолмен шешуге әрекеттенеді. Жүкті әйелдің басынан өткен күйзеліс үшін моральдық өтемақы, туысының бір өзінің демалуға мәжбүр екендігі туралы тіпті әңгіме де қозғалып отырған жоқ. Бірақ турагенттік қызметкерлері төлқұжаттардың әрекет ету мерзімдері мен осы саладағы заңнама өзгеріс-терін тұтынушылардың өздері қадағалауы тиіс деп, айтқандарынан қайтпай отыр.

– Бұл сонда дұрыс па? Заң үнемі өзгеріп отырады, біз, тұтынушылар оларды қадағалап үлгермеуіміз мүмкін. Ал қызмет көрсетуші фирмалар осындай маңызды сәттерді ескеріп, дер кезінде бізге ескертулері тиіс қой, - дейді Аида.

Бұл жағдайда бұзылған демалыс үшін жауапкершілік кімде болады? Қызметкерлер турпакетті ресімдеген кезде туристердің төлқұжаттарының жарамдылық мерзімдеріне назар аударуы және егер мерзімі сәйкес келмесе, олардан бас тартуға тиісті пе?

Комментарий алу үшін адвокат Гүлсім САБЫРОВАҒА хабарластық:

– 2014 жылдан бері түрік билігі заң қабылдады, соған сәйкес шетелдік азаматтардың Түркияға бару үшін жарамдылық мерзімі төрт айдан кем болмайтын төлқұжаты болуы тиіс (бұрын бұл мерзім үш айға тең болатын). Олай болмаған жағдайда туристерді шекарадан өткізбейді. Еліміздің ІІМ хабарламасы бойынша түрік билігі жаңа талаптарды қатаң сақтамақшы.

Төлқұжат-виза режимдерін ресімдеу процедураларын тиісті түрде сақтау - туроператордың міндеті. Клиенттерде қажетті жарамдылық мерзімі бар төлқұжаттары болуы тиіс. Мұны туроператорлардың визалық бөлім қызметкерлері қадағалауға міндетті. Мұндай жағдайды болдырмас үшін, заңдағы өзгерістерді басшылыққа ала отырып, жарамдылық мерзімі өткен төлқұжатты олар қабылдамауы тиіс. Турды ресімдеу кезінде олар турист төлқұжатының жарам-дылық мерзімі 3-4 айдан кем болмауы керектігін қарауы тиіс.

Егер туроператор туристі шекарада ықтимал кикілжіңдер туындап қалған жағдайда агенттіктен жауапкершілікте болмайтындығы туралы қолхатсыз, жарамдылығы өткен төлқұжатпен ресімдеген жағдайда, мұндай клиент үшін турагенттіктің өзі жауап береді. Өйткені, бұл жағдай форс-мажорға жатпайды.

Турфирма мұндай жағдайда төленген соманы қайтарып қана қоймайды, моральдық зиян өтемақысын да төлеуге, сондай-ақ, клиентпен жасалған келісімшартта айтылған тұрақсыздық сомасын немесе қайта қаржыландырудың ресми мөлшерлемесімен есептелетін заңды тұрақсыздықты төлеуге міндетті. Егер заң әліппесіне жүгінсек, бұл қарым-қатынас 2001 жылғы 13 маусымдағы №211 «Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы» заңмен реттеледі. Бұл жағдайда қызмет тұтынушыларға, яғни туристерге сотқа дейінгі жазбаша талаппен турфирмаға баруы керек. Шырқы бұзылған демалысқа байланысты шығындарды өтеуден бас тартқан немесе жауап алмаған жағдайда, тұтынушының сотқа жүгінуге құқығы бар.

Дайындаған Зульфия ИСКАЛИЕВА

2 шілде 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.