Атырау, 20 сәуір 14:23
 ашықВ Атырау +26
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

​Атырау қурап жатыр-2

4 611 просмотра

Image 2

«Оқиға екі рет қайталанып отыр: біріншісінде трагедия секілді, екіншісінде ерсі әзіл секілді». Гегельдің бұл пікірі Атыраудағы жасыл-желек көшеттері отырғызылған проблемалы учаскелерді аралау барысында ойыма орала берді. Мұнай астанасын ауқымды көгалдандыру жөніндегі бағдарлама жарияланған сәттен бері бірнеше жыл өтті. Облыс пен қала басшылықтары ауысты. Ал, нәтиже әлі жоқ.

МЕТАСЕКВОЙЯ АЯНЫШТЫ

Төрт жыл бұрын сол кездегі Атырау облысының әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВ 2020 жылға дейін есептелген Атырауды көгалдандырудың кешенді бағдарламасы басталғандығын мәлімдеген еді. Соның негізінде «Жасыл Даму» қоры мен «Атырау Зеленстрой ЛТД» ЖШС (сол кезде мемлекеттік-жеке серіктестік негізінде 49 пайызы «Атырау» ӘКК-не және 51 пайызы «Мұнайқұрылыссервис ЛТД» ЖШС-не тиесілі) құрылды. Ал бағдарлама Атырау үшін арнайы корей ғалымдары жасақтаған тұжырымдамаға негізделді. «Атырау Зеленстрой» құрылғанға дейін қаланы көгалдандыру жұмыстарын оның бас компаниясы «Мұнайқұрылыссервис ЛТД», атап айтқанда, оның мердігер компаниясы – алматылық Wins 3 жүргізді.

Бағдарлама жүзеге асырылған алғашқы жылда әуежай трассасы мен Әлиев-Сатыбалдиев көшелерінің бойында (Бейбарыс даңғылы) Wins 3 компаниясы 11,1 мың көшет отырғызды, соның ішінде 8,4 мыңы теректің сирек түрі - метасеквойя көшеті. Әуежай трассасының бойына отырғызылған метасеквойяның 85 пайызы өліп қалды. Бейбарыс даңғылының бойына отырғызылған көшеттердің көп бөлігі де соның кебін киді. Кейінірек Wins 3 менеджерлері мойындағандай, метасеквойя жеткілікті суарылмағандықтан өліп қалған екен. Ерік Мостовойдан бастап жалғанған су құбырының қуаттылығы жеткіліксіз болып шықты. Ал Бейбарыс даңғылында жерасты суларының деңгейі жоғары болып шыққан. Бірақ сәтсіздіктің ең басты себебі, кейбір жергілікті мамандардың пікірінше, Атырауды көгалдандыруға ғылыми негізделген әдістің болмауы екен. Атап айтқанда, топырақтың жергілікті ерекшелігін, отырғызу уақытын елемеу және т.б.

Нәтижесінде көшеттердің опат болуына, бюджет қаржысын талан-таражға салуға кінәлілердің ешқайсысы жауапкершілік алмады. «Жасыл Даму» қоры түскен қаржы туралы ақпаратпен бірге ғайып болды. Ал 2012 жылы Рысқалиевтың орнын басқан облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ облыс орталығын көгалдандыру жөніндегі ауқымды жұмыстардың жалғасып жатқанын мәлімдеді.

Жақында ғана әріптесім Анастасия Пастухова қалалық әкімдіктен және Атыраудағы көгалдандыру жұмыстарының тендерін жеңіп алған «Атырау Зеленстрой» ЖШС басшылығынан кейбір сұрақтарға жауап алған еді. Алайда жұмыстардың осы түріне тендер неліктен кеш жүргізілді деген басты сұрақ ашық күйде қалды Атырау қурап жатыр»).


БАҚ ЖОЙЫЛАДЫ

Image 0


Ал, Атырауда онсыз да аз жасыл-желек азайып барады. «ЭкоСтройСтандарт» ЖШС директоры Берікбай ӨМІРОВТІҢ пікірінше, әуежай алдындағы атыраулықтар мен қала меймандарын қарсы алатын бір гектарлық шағын бақ жойылу алдында тұр. Бүкіл бұта қоршамы түгелдей дерлік оның шырынын сорып қоректенетін сары-қызыл арам шырмауықпен шырмалған. Кей жерлерде паразит өсімдіктің ағаштарға өрмелеп жетіп қалғанына көзіміз жетті. Егер бұта қоршамдарының өмірі бітті десек, ағаштарға әрі кеткенде бір жарым-екі жыл қалды. Бұл кезеңде осы арам шөппен күрескеннен пайда жоқ. Өміровтің айтуынша, паразитті сыртынан алып тастағанымен оның спорасы «қожайын» өсімдікте, тіпті, тамыр жүйесі орналасқан жерде қалады екен.

– Бұрын мұндай ағаштарды арнайы гербицидпен өңдеуге тырысатын. Бірақ бұдан кейін арам шөп те, ағаштың өзі де өліп қалатын. Сондықтан қазір мұндай гербицидтерге тыйым салынған. Бұл жерге көшеттер отырғызу үшін ағаштардың тамырларын қопарып тастағаннан кейін топырақтың 10 сантиметрлік қабатын алып тастап, содан кейін ғана сол жерге қайта отырғызу керек, - деп түсінік берді Б.Өміров.

– Ал бұл арам шөп қайдан келуі мүмкін?

– Негізінен, оны еліміздің оңтүстік өңірлерінен көшеттермен бірге «алып келеді». Бұл көшеттер фито-бақылаудан өтпейді. Ал Астанада, мәселен, қаланы көгалдандыру үшін, мейлі, ол Еуропадан немесе Шымкенттен болсын, әкелінетін көшеттердің барлығының қауіпсіздігі фито-бақылаудан өткендігі туралы сертификатпен расталуы тиіс. Мұндай паразитке шалдыққан жағдайда орман патологы маманы шақырылып, ауру өсімдікті зерттеп, өз ұсынысын береді.

– Бізде мұндай мамандар бар ма?

– Әрине, біз оларды осы проблемамен таныстырдық. Олар хабардар. Бірақ қалалық билік пен Атырауды көгалдандыру жұмыстарымен айналысатын компаниялар 2011 жылы болған оқиғадан сабақ алмай, бұл іске үстірт қарауларын жалғастыруда. Мұндай жағдайда әрекет етудің айқын тәртібі, ғылыми-негізделген әдісі жоқ. Медиктердегідей, белгілі бір жағдайда науқас адамға не істеу керектігі туралы хаттамалар бар.

– Басқа қалаларда осындай әрекет ету жоспары бар ма?

– Әрине, Алматыда, Астанада. Тіпті, Ақтауда көгалдандыруға Атырауға қарағанда әлденеше есе көп қаржы бөлінеді. Ал Ақтөбеде, мәселен, шығындардың бөлек бабы өсімдік бітесімен күресу үшін қарастырылған. Ол 26 млн теңге шамасында. Көрдіңіз бе, жапырақтар қалай жылтырап тұр? Бұл өсімдік бітесінің жұққан белгісі, - деп көрсетті Өміров.

– Бізде өсімдік бітесімен күресу үшін қанша қаржы бөлінеді?

– Ал бізде ештеңе бөлінбейді. Жасыл-желекке бізде қалдық принципі бойынша қарайды. Бізде Жайық секілді сумен қамтудың күшті артериясы болғанына қарамастан. Егер дұрыс отырғызып, күтіп, баптаса, тіпті, Атыраудың ауыр топырағына да бәрін өсіруге болады. Бұл технологиялардың, тендерлік ақпаратты құрастыру талаптарының сақталмауынан тендерлер кешігіп келетіндігі басқа мәселе. Тиісінше, биылғыдай жасыл көшеттерді отырғызу мен күтім жасау мерзімдері сақталмайды. Тендер тек маусымда жүргізілді, ал жұмыстарды сәуірде бастау керек еді.


«ТЕНДЕР ЗАҢ БҰЗУШЫЛЫҚТАРМЕН ӨТКІЗІЛДІ»

Айтпақшы, «Атырау Зеленстрой» ЖШС жеңімпаз деп танылған осы тендерден кейін Б. Өміров Бас прокуратураға, Қаржы министрлігінің қаржылық бақылау комитетіне, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне шағымданған. Оның пікірінше, осындай шағым 2 млрд теңгеден астам сомада Атырауды көгалдандыру жөніндегі былтырғы байқау қорытындысын жоюға себеп болған. Алайда облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов тендерді өткізбеуге суару жүйесінің жоқтығы себеп болды деп мәлімдеді. Жыл басында облыстық прокуратурада өткен брифингте басқа ақпарат айтылды – атап айтқанда, мемлекеттік электронды сатып алулар мониторингі барысында 2,2 млрд теңге сомада Атырау қаласын көгалдандыру тендерінің нәтижелері күшін жойды. Себеп – тендерлік комиссия жеткізушілердің біріне заңсыз артықшылық берген.

«Жасыл көшеттерді баптау жөніндегі 2015 жылдың байқауы (тапсырыс беруші – Атырау қаласының ТКШ бөлімі) қайтадан заң бұзушылықтармен өткізілді. Атап айтқанда, байқау туралы хабарландыру жарияланған кезде барлық лоттар бойынша жұмыс түрлері, саны, көлемі бойынша ақпараттар ұсынылмады. Бұл үй құрылысына тендер жариялап, бірақ қабатын, пәтерлер мен алаң санын белгілемегенмен бірдей. Ықтимал жеткізушілерге локальды смета, ақаулы акт немесе ақаулы тізімдеме ұсынылмады. Біздің сауалымызға бұл мәліметтердің кейін болатындығын айтты, бірақ біз оларды ақыры ала алмадық. Нәтижесінде бұл лоттарға нақты бағасын бере алмадық, яғни, бәсекелестік болмады. Оның үстіне, осы байқауда белгіленген жұмыстар тендер өткізілгенге дейін басталып кетті. Гүлдер отырғызылып, газондар қырқылды және т.б. Немесе тағы бір мысал: 2014 жылдың наурызында облыстық әкімдік ғимаратының алдында және Сәтпаев даңғылында бұта қоршамдарын ауыстыру жөнінде тендер өтті. Осы байқау бойынша жұмыстар 2013 жылдың күзінде, тендерге дейін басталды. Нәтижесінде олар әрі кеткенде 30 пайызға әрі сапасыз жасалды. Егер жұмыстардың жүз пайыздық құны төленген болса, бұл қылмыс. Егер жұмыстар факт бойынша төленсе, онда игерілмегені. Алайда шешім қабылдаған тұлғалардың бірде -біреуі жазаланған жоқ. Оның үстіне, осы адамдардың негізгі бөлігі, тіпті, жоғарылап, Атырау облыстық мемлекеттік сатып алулар басқармасында жұмыс жасап жатыр. Яғни, облыс ауқымында мемлекеттік сатып алуларды реттеуде», - деп растайды Өміров өз хаттарында.


БҰЛ ГҮЛДЕР ЕМЕС, ҚАҒАЗ

Осы шағымдар бойынша тексеру қорытындылары туралы біз қосымша хабарлаймыз (егер, әрине, олар жүргізілсе). Алайда тіпті қаладан жүріп өткенде, іс жүзінде жасыл көшеттерді күтіп-баптауға қатысты істің қалай екендігіне тұжырым жасауға болады. Мәселен, гүл сағатының төңірегіндегі жол түйінінде өткен жылы 20 млн бюджет теңгесі жұмсалған уәделі алуан түрлі 2 мыңдай тірі шырайгүлдің орнында жасанды гүлдердің орналасқаны мен үшін және әріптестерім үшін төбеден түскендей жаңалық болды Уақыт - ақша»). Жол түйінінің бөктеріндегі «Атырау» деген жазу да солай. Мен мұны қалай байқамағанмын!

Image 1

Ал Атырауда қазақстандық-ресейлік форум қарсаңында екпінді қарқынмен орнатылған үш секциялы қыш ыдыстар жарылып, шөп басып қалған. Ал, «АЖ» анықтағандай, мұндай шағын сәулет формаларына бюджеттен 90 млн теңге бөлінген еді Әкім қаласымен емес, қала әкімімен көрікті ме?»).

Атап айтқанда, мемлекеттік сатып алулар сайтында бір данасы 534 645 теңгеге бағаланған ыдыстың 167 түрін сатып алуға лот орналастырылған. Сонда, бұл сол қыш ыдыстар болғаны ма?

Қаулаған арамшөптердің сүреңсіз көрінісі бүгінде жер-жерде бой көрсетеді: форум қарсаңында салынған Салтанат сарайы алдында, облыстық әкімдік алдында, Сәтпаев орталық даңғылының бойында. Немесе Алмагүл ықшамауданындағы демалыс алаңын алайық. Оны күтіп ұстауға 8 жылдан бері бюджеттен қаржы бөлінуде. Ол жердегі жасыл-желектер саусақпен санарлық. Бірақ аумақтың тазалығы мен қураған көшеттерге қарағанда, оны күтіп ұстауға және жыл сайын көгалдандыруға қаржы бөлініп тұратын сияқты.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

2 шілде 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.