Атырау, 19 сәуір 14:39
 ашықВ Атырау +23
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

​Қашаған: енді ауа-райы туралы

2 040 просмотра

Image 0Біз консорциумның Қашаған жобасындағы шетелдік мердігерлерге қатысты адам айтқысыз ізгі қарым-қатынасы туралы әлденеше рет жазған едік. Олар жұмыстарында едәуір жаңсақтықтар жіберетіндігіне қарамастан, қайтадан тендерлер ұтып алады.

ТҰРБАЛАРҒА ҚАТЫСТЫ ЖАҒЫМСЫЗ ХИКАЯ

Жекелеген мердігерлерге осындай жұмсақтық таныту мысалдары аз емес. Мәселен, итальяндық «Сайпем» мұнай-сервис компаниясын алайық. Ол бас мердігер ретінде қайтадан D аралынан Болашақ зауытына дейін теңіз бөлігінде жаңа құбырлар жүргізу келісімшартына ие болды. Естеріңізге салсақ, сол Сайпемнің еншілес «Ерсай» («Ерсай Каспиан Контрактор») компаниясымен жүргізген алғашқы құбырлары 2013 жылы мұнай өндіре бастағаннан-ақ істен шыққан еді. Осылайша, Қашаған жобасын іске қосу кем дегенде 2016 жылға дейін шегерілді.

Немесе итальяндық «Бонатти С.п.А» компаниясына қатысты хикаяны еске түсірейік. Ол бірнеше жыл бұрын «Болашақ» зауытының аумағына едәуір көлемде дизель отынын төккен еді. Ластануды жою жұмыстарына NCOC-тың арнайы қызметтері кірісті. Алайда жұмылдырылған күш әзірге табыс әкелген жоқ. Бірақ осыған қарамастан, «Бонатти» тағы да құрлық бөліктегі кәсіпшілік құбырларды ауыстыру тендерін жеңіп алды (келісімшарт сомасы 200 млн доллардан астам).

Дегенмен, біздің жарияланымдағы әңгіме мүлдем басқа компания –шетелдік фирманың шағын филиалы «ҚР Атырау қаласындағы БМТ АРГОСС Би.Ви» туралы болмақ. Осы мысал бойынша ірі жобалардағы қомақты ақшалардың мемлекет қазынасының жанынан сусып кетіп жатқаны көрнекі түрде көрінеді.

Аталмыш компания «Аджип ҚКО», қазіргі NCOC N.V. компаниясы үшін ауа-райын, су деңгейін болжау және жалпы гидрометеорологиялық қызметтер көрсеткен. Төмендегі оқиға 2008-2014 жылдары – Қашаған жобасындағы фирмалар бірыңғай компанияға біріккенге дейін орын алғандықтан, Солтүстік-Каспий жобасында біріккен бір компания болады» мақаласын қараңыз) – бақылаушы органдардың тексеру материалдарында Аджип ҚКО атауы аталады.

Сонымен, «БМТ АРГОСС БиВи» Атырауда 2008-2015 жылдар аралығында Аджип ҚКО-мен: шалғайдағы мәліметтер мен суреттерді беруге, ауа-райын, су деңгейін болжауға және жалпы гидрометеорологиялық болжамдар ұсынуға бірнеше келісімшарт жасаған.


ҚАЗЫНАҒА ТҮСПЕЙДІ

Біздің мәліметтеріміз бойынша, «БМТ АРГОСС БиВи» осы жылдар бойына жұмыс жасау үшін шетелден шетелдік техникалық мамандарды белсенді түрде тартып отырған. Алайда олардың барлығы Атырауға іскерлік виза бойынша іскерлік кеңестер ұсынады деген желеумен келген. Тек бірнеше ай өткеннен кейін ғана оларға жұмыс жасауға рұқсат ресімделген немесе мүлдем ресімделмеген. Ал олардың барлығы Атырауда жұмыс істеп, «БМТ АРГОСС БиВи» бас кеңсесінен жалақы алып отырған. Сонда, соңғы кездері Қашаған майшелпегінен тек үгінділер ғана тиетін қазақстандық «сервистік» компаниялар Қашаған мен Теңіз жобаларындағы шетелдік мердігерлердің шетелдік қызметкерлерге бас кеңсе немесе рекрутингтік агенттіктер арқылы жайбарақат жалақы төлей алатындығын және мұның есептілікте көрсетілмейтіндігі туралы мәселені текке көтермеген болса керек.

Осы фактілердің жақында парламенттік тыңдауларда айтылғанына қарамастан, әзірге мемлекет тарапынан ешқандай реакция болмады. Ал шетелдік компаниялардың осындай әрекеттерінен ел бюджеті түгел алынбаған салықтар мен төлемдер түрінде едәуір зиянға ұшырап отыр.


КӨРІНБЕЙТІНДЕР БРИГАДАСЫ

Редакцияға мемлекеттік кірістер департаменті мен мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасына жіберілген тиісті сауалдарға берілетін жауаптарды ұзақ күтуге тура келді. Міне, жауап та келді.

Мемлекеттік еңбек инспекциясының басқармасы 2015 жылдың 6 мамыры мен 9 маусымы аралығында жүргізген жоспардан тыс тексеру жұмыстары бойынша, «БМТ АРГОСС БиВи» филиалы әлденеше рет шетелден техникалық мамандарды жұмыс жасау рұқсаты мен жұмыс визасын алмастан жұмысқа тартқан.

Шетелдік қызметкерлер Атырауға келген кезде алдымен іскерлік визалар (тұрақты жұмыс жасауға рұқсатсыз) ресімделген. Мұнда шетелдік мамандар Атыраудағы «БМТ АРГОСС БиВи» кеңсесінде болып, тұрақты негізде жұмыс істеген. Бұл ағылшын тілінде жасалған жұмыстардың түрі сипатталған жұмыс уақыты есебінің табелімен расталады.

Осылайша, шетелдік мамандар Крейг Грей Дэвид, Марк Ван Дер Путте, Джон Лендлей (Баутино айлағы), Шон Мак Дермонт (Баутино айлағы), Роберт Коендерс, Николас Филп, Кой Гавин Пол елімізде жұмыс істеген. Жұмыс жасау рұқсаты осы тізімдегі тек екі экспатта болған. Мәселен, Крейг Грей Дэвид Атырауда 2013 жылдың ақпанынан бастап жұмыс істеген. Ал оған жұмыс жасау рұқсаты тек 2013 жылдың 23 сәуірінде, жұмыс визасы – 2013 жылдың 29 мамырында берілген. Тізімдегі қалғандар мүлдем заңсыз жұмыс істеген.


ЭКСПАТТІКІНДЕЙ ЖАЛАҚЫНЫ ҚАЛАЙМЫН

Тексеру материалдарына сүйенсек, компания еңбек инспекциясының қызметкерлеріне 2011-2012 жылғы штаттық кестені де, штат саны мен қызметкерлердің еңбекақысы көрсетілген қандай да болмасын басқа құжаттарды да ұсынбаған.

Ал «БМТ АРГОСС БиВи» штаттық кестесін тексеру шетелдік және қазақстандық қызметкерлер арасындағы еңбекақы төлеудегі үлкен айырмашылықтарды анықтаған. Мәселен, «техникалық бас маман» лауазымындағы экспаттың айлық жалақысы орташа алғанда 2013 жылы 1,2 млн теңгені, 2014 жылы 1,6 млн теңге, 2015 жылы 1,4 млн теңгені, ал осындай позициядағы қазақстандық инженердің орташа жалақысы 400 мың теңгені құраған.

Каспийдегі мұз ахуалын бағалайтын инженердің еңбегі одан да көп төленген: Николас ФИЛПТІҢ 2014-2015 жылғы айлық жалақысы 5,5 млн теңге құрады. Дегенмен, бәлкім, елімізде шынымен де мұндай профильдегі мамандар жоқ шығар.

Инспекциядағылар еңбекақыдағы едәуір айырмашылықты «БМТ АРГОСС БиВи» компаниясында тариф кестесінің (лауазым бойынша жалақылар сызбасының) жоқтығымен байланыстырады. Инспекцияның пікірінше, осылайша ҚР Еңбек Кодексінің 126-бабының 1-тармағы бұзылған.


«БӘРІ КЕЛІСІМШАРТҚА СӘЙКЕС»

Біздің дереккөзіміз растағандай, «БМТ АРГОСС БиВи» Қашаған жобасында Аджип ҚКО үшін 2008 жылдан күні бүгінге дейін екі келісімшарт орындаған. 2008-2013 жылдардағы кезеңде жасалған бірінші келісімшарт бойынша, Аджип ҚКО мен «БМТ АРГОСС БиВи» компаниясының арасындағы есеп айырысулар толығымен соңғы компанияның Нидерландыдағы бас кеңсесі арқылы жүргізілген. Дегенмен «БМТ АРГОСС БиВи» 2011 жылы Атырау қаласында өзінің ресми филиалын ашқан. Ал, біздің мәліметтеріміз бойынша, өзінің тендерлік процедураларында Аджип ҚКО шетелдік компаниядан келісімшарт жасалған жағдайда 6 ай ішінде Қазақстаннан филиал ашуды талап еткен.

Осылайша, біздің дереккөздердің мәліметтері бойынша, екінші келісімшарт (01.09.2010-31.08.2015) кірісінің бір бөлігі де ресми мәлімделмеген.

Осы мәселе бойынша наурыздың аяғында ҚР Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитетінің Атырау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментіндегілер департаменттің «БМТ АРГОСС БиВи» филиалына салық заңнамасының бұзылу фактілері бойынша, камералдық бақылау нәтижелерімен анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы хабарлама жолдағандығын хабарлады.

Бізге мемлекеттік кірістер департаментінде: «Салық Кодексінің 587-бабының 2-тармағына сәйкес, камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны орындауды салық төлеуші (салық агенті) ол табыс етілген (алынған) күннен кейiнгi күннен бастап 30 жұмыс күні ішінде жүзеге асырады», - деп хабарлап, камералдық бақылау нәтижелерін қосымша ұсынуға уәде берді.

Осы жарияланымды әзірлеу кезеңінде департаменттегілер компанияның хабарламада көрсетілген заң бұзушылықтармен келіспей, өз дәйектерін ұсынғандығын хабарлады. Шетелдік фирма есеп айырысулардың келісімшарт шарттарына сәйкес бас кеңсе арқылы жүргізілгенін растап отыр. Осыған байланысты Атырау облыстық мемлекеттік кірістер департаменті ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінен «БМТ АРГОСС БиВи» резидент елінің құзырлы органдарына сұраным жолдауды өтінді.

Әзірге қазақстандық бақылаушы органдар компания қызметінің нюанстарын анықтауда. Біздің мәліметімізше, «БМТ АРГОСС БиВи» NCOC-тан тағы бір ірі келісімшарт алудан үмітті.

Тексеру барысында анықталған фактілер бойынша компания басшылығының пікірін білу мүмкін болмады: «БМТ АРГОСС Би. Ви.» кеңсесінде 16 маусымда прокуратураға шақыртылған филиал директоры Жан Поль ЛИНДЕБУМНЫҢ бүгін таңертең Нидерландыға ұшып кеткенін, ал өңірлік менеджер Светлана САПАРОВАНЫҢ еңбек демалысында жүргенін хабарлады.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

16 маусым 2015, 16:09

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.