Атырау, 26 сәуір 17:06
 ашықВ Атырау +23
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Оқиғалар тізбегі

2 532 просмотра

Image 0

Полицияға Атырау ықшамауданының тұрғыны шағымданды. Оның 29 жастағы көршісі сыртқа жайып қойған кірін ұрлап кетіпті. Күдікті ұсталып, басқа жаққа кетпеу туралы қолхатпен босатылды.

***

Мамырдың 14-іне қараған түні белгісіз біреулер терезе арқылы Авангард 2-ші ықшамауданындағы азық-түлік дүкеніне түскен. Қаскөйлер төлем терминалын бұзып, ақшасын ұрлаған. Жасырынбақ болған күдіктілердің бірін – 22 жастағы Құрманғазы тұрғынын «Батыс» полиция жасағы ұстады.

***

Жұмыскер поселкесінің тұрғыны өткен жылдың мамырында Балықшыдағы 42 жастағы танысының туысын жұмысқа орналастырамын деп олардан 350 мың теңге алып, ғайып болғанын хабарлады. Іздеу жарияланды.

***

Полицияға 23 жастағы қыздың Исатай ауданының Х.Ерғалиев ауылында орналасқан букмекерлік кеңседе ойнап отырып, 25 жастағы әріптесінен 60 мың теңге қарызға алып, қайтармай отырғаны туралы шағым түсті. Күдіктіге іздеу жарияланды.

***

Дамбы ауданындағы Зарослый ауылында су полициясы қала маңындағы Атырау селосынан 32 жастағы тұрғынын жалпы салмағы 3,142 келі қара уылдырық салынған 6 пластик банкамен ұстады. Қылмыстық іс қозғау туралы мәселе шешілуде.

***

Полицияға шаңсорғыш сататын қызметкермін деп таныстырып, аңғал сатып алушылардан алдын ала төлем алып, ғайып болған 28 жастағы әйелдің әрекетіне қатысты бес шағым түсті. Барлық криминалдық эпизодтар өткен жылдың қыркүйек-қазан айларында орын алған. Күдікті сатып алушылардан 450 мың теңгедей жинап алған. Шаңсорғыш әлі қолдарына тимеген.

***

Мамырдың 15-де Аққыстау селосында аудандық полиция қызметкерлері Жұмыскер поселкесінің 25 жастағы тұрғыны жүргізіп келе жатқан «Лада» ВАЗ 2114 көлігін тоқтатты. Көліктің жүк көлігінен Атырау қаласының 34 жастағы жолаушысына тиесілі бес бекіре тұқымдас балық табылды.

***

Мамырдың 15-де 18 сағат 45 минутта Атырау-Әуежай тас жолының бойынан жүргізушісі рөлде отырған күйі көз жұмған «Лада» ВАЗ-2110 көлігі табылды. Марқұмның жеке басы анықталды. Бұл Теңдік поселкесінің 46 жастағы тұрғыны болып шықты. Соның қарсаңында ғана ол облыстық ауруханадан шыққан екен. Сараптама тағайындалды.

***

Полицияға атыраулық 32 жастағы кәсіпкер шағымданды. Оның айтуынша, оған сатушы болып жұмыс істеген шымкенттік 22 жастағы қыз кассадан миллион теңгеден астам ақшаны иемденіп алған. Күдікті басқа жаққа кетпеу туралы қолхатпен босатылды.

***

Мамырдың 17-не қараған түні Авангард 3-ші ықшамауданындағы №8 үйдің ауласында белгісіз қаскөй «Тойота» мен «Шевроле» көліктерінің дөңгелектерін үшкір затпен тесіп тастаған. Тергеу жүргізілуде.

***

«Қайыршы» операциясының барысында 14 мамырда көші-қон полициясының қызметкерлері «Мерей» базарынан 51 жастағы Молдова азаматын ұстады. Ол келушілердің мазасын алып, өзінен асүй пышағы мен төсек-жаймаларды сатып алуды ұсынған. Шетелдікке ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 449-бабы («қоғамдық орындарда тиісу») бойынша кейін елден шығарумен қатар екі тәулікке әкімшілік қамаққа алу тағайындалды. «Қайыршы» операциясы басталғанда қайыр сұраған 102 адам, 20 таксист және 4 көше саудагері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

21 мамыр 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.