Атырау, 27 сәуір 08:18
 ашықВ Атырау +27
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

Атыраулық оқушылар - халықаралық білім олимпиадасы жеңімпаздары

8 522 просмотра

Атырау қаласындағы Қазақ-түрік лицейінің 11 «б» сынып оқушылары осы жылдың қараша айында өткен халықаралық-рейтингілік олимпиададан жеңіспен оралды. Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін ғылыми жобалар бойынша халықаралық-рейтингілік олимпиадаға биыл 11 елдің оқушылары қатысты. Ал Қазақстаннан 29 бала барған.

Олардың аарсында әдебиет саласы бойынша Атыраудан жалғыз барған оқушы Айбар ҚАДІРЛИЕВ (суретте) Венгрияның Будапешт қаласында «Мұхтар Шаханов шығармаларындағы өмір шындығы» тақырыбында ғылыми жұмысын жемісті қорғап, ІІ-ші дәрежелі дипломмен марапатталды. Оның ғылыми жетекшісі лицейдің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Зәуре Жолдасова.

«Мен өзімнің жұмысымда түркі тілдес халықтар арасындағы ең үздік әлем ақыны атанған Мұхтар Шахановтың шығармаларын 9, 10, 11-сыныптардың әдебиет пәндерінің оқулық бағдарламаларына енгізілсе деген бастаманы көтердім. Сондай-ақ, ақынның өз елінің нағыз патриот екенін жеткізуге тырыстым. Қазылар алқасы ғылыми жобама жақсы баға берді».

Айбар аталмыш олимдиадада қазылар алқасының құрамында әйгілі түкітанушы, венгрлердің қыпшақтар арасынан шыққанын алғаш дәлелдеген Иштван Қоңыр Мандокидің жұбайы, көрнекті түркітанушы, біздің жерлесіміз ғалым Айша Қоңыр Мандокидің болғанын айтады.

Ал кейін Швейцарияның Цюрих қаласында өткен халықаралық-рейтингілік олимпиадада география пәні бойынша І-орынға ие болған Абылайхан ЕШМАНОВТЫҢ (суретте) ғылыми жобасының тақырыбы - «ХХІ ғасырдағы Каспий теңізінің экологиялық мәселелері» деп аталды. Ол география пәні бойынша Қазақстаннан барған 10 баланың ішінде ғана емес, бүкіл Еуропа, ТМД елдерінің ішіндегі 11 елдің қатысушыларын басып озған ЖЕҢІМПАЗ!

- «Мен дайындаған жұмысымда Каспий теңізін қоршап жатқан бес елдің жатқанын атап өтіп, әр елдің барконьерлері сол жерде бекіре тұқымдас балықтарды аулауға шығатынын тілге тиек еттім. Және, теңізді қоршаған бес ел браконьерлермен күресу үшін, мәселені реттеу үшін бір ортақ келісімге келу керектігін айттым. Сондай-ақ, Еуропаның ПРООН, ГЭФ секілді экологиялық мәселелерді қорғау ұйымдарымен бірігіп жұмыс жасау керек және мұнай қалдықтарын табиғи жолмен тазарту керек деген ой тастадым».

Абылайханның ғылыми жетекшісі Гүлсара Нұрғалиева есімді мұғалім.

Ал Мирас ЖАЛМУРЗИН (суретте) тарих пәні бойынша білім сайысына қатысып, «ХХ ғасырдың 30-шы жылдарындағы Атырау өлкесіндегі сталиндік қуғындау саясаты» атты ғылыми жобасын ұсынған. «Еуропа халқы сталиндік репрессия дегенге қызығушылықпен қарайды. Себебі, ондағы елдерде репрессия атымен болған жоқ. Содан да оларға таңсық. Менің жұмысымды олимпиадада отырған профессорлар қызыға тыңдады. Және, жүлделі ІІ-ші орын алуsма да Атыраудың облыстық, қалалық мұрағат қорларындағы деректерді және үкіметтік емес ұйымдарының басып шығарған «Рух-память» атты кітапты оқып, ондағы кейбір маңызды материалдарды пайдалануым сеп болды. Кітапта құрбан болғандардың суреттері де сақталған. Өз басым Атырауда құрбан болған тұлғалардың бірқатарына тоқталып, олардың не үшін сотталып, не үшін ату жазасына кесілгені жайлы егжей-жегжейлі әңгімелеп бердім» дейді.

Мирастың ғылыми жетекшісі - Алматыдағы Сүлеймен Демирел атындағы университеттің оқытушысы Мейрамгүл Құсайынова болды.

Мирас, Абылайхан, Айбар да Италия, Венгрия секілді елдерден келіп отырған қазылар алқасының орыс тілінен гөрі ағылшын тілін жақсы түсінетін болған соң, ғылыми жұмысты  халықаралық тілде қорғауды жөн санадық дейді.

Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

Cуретті түсірген автор

30 желтоқсан 2010, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.