Атырау, 26 сәуір 16:44
 ашықВ Атырау +23
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Тамсандырған дала әуені

4 733 просмотра

Image 1Жақында NCOC басшысы Стефан де МАЙОНЫҢ қонақ қабылдайтын үйінде экспаттар мен атыраулықтар жиналды. Үй иесінің достары мен әріптестері камералық концертті тамашалады.

«ОНЫ БІЗШЕ СҮЙЕ БІЛІҢІЗДЕР»

«Бірінші бөлімде» өнер көрсету үшін жергілікті кәсіби музыканттар шақырылса, «екінші бөлімде» үй иелерінің өздері өнер көрсетіп, көрермендерді таңғалдырды. Ерлі-зайыпты Стефан мен Шантэл де Майолар қазақ ән-күйінің үлкен жанкүйерлері ғана емес, өздері де музыкамен әуестенеді екен.

Стефанның айтуынша, музыкаға деген махаббат екеуін қосқан екен. Балалары да мұны өз бойларына сіңірген. Баласы Эдвард кәсіби түрде вальс билесе, қызы Каролина лирикалық сопраноға ие және Намюр қаласында музыкаға оқып жатыр, ал кіші қызы Аврора фортепьянода ойнайды.

Шантэл рояльда сүйемелдеп, Стефан опера арияларын, сондай-ақ, сүйікті француз ақындарының сөзіне музыкасын өзі жазған бірнеше романстар орындады. Кеш соңында музыкалық тосын сый ретінде (кештің өзі де бір үлкен тосын сыйдай еді!) топ-менеджер Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін қазақ тілінде тамылжыта орындап берді.

Кеш «Expat Partners Атырау» тобының бастамасымен Атырауда жұмыс жасайтын шетелдік мамандарды қазақтың халық музыкасымен таныстыру мақсатында ұйымдастырылды, ал, Стефан мен Шантэл мұны өз үйлерінде өткізуді ұсынды.

- Мен қазақ музыкасын өте жақсы көремін, оны көп тыңдаймын, өзім де айтамын, ал, Шантэл рояльда ойнап, қазақ әндерін үйренуде, - дейді Стефан.

- Мен ән айта бастағанда бағбан қазақ терезеден қарап, жымиып күледі, - деп жолдасының сөзін қостады Шантэл.

- Біз Атырауда жұмыс жасайтын және тұратын экспаттардың қазақ музыкасымен жақсы танысқандарын қалаймыз, мүмкін, олар да мұны бізше сүйіп кетер, - дейді Стефан. Олар Шантэл екеуі осында болатын концерттерге жиі барып тұрады.

ТАЛАНТТАР ШЕРУІ

Image 2

Осы кешке шақырылған, негізінен, Дина Нұрпейісова атындағы академиялық ұлт-аспаптар оркестрінің мүшелерінен және басқа да жергілікті музыканттардан аз уақытта құралған музыкалық-этнографиялық ұжым әр түрлі бағдарламалармен өнер көрсетті.

Нар қобызда ойнаудың шынайы шеберлігін атақты Ықылас қобызшының (1843-1916) ұрпағы, этномузыкатанушы және композитор Ақнар Шәріпбаева көрсетіп, Ұлы бабасының «Қорқыт», «Жез киік» күйлерін орындады. Ал «Қасқырдың ұлуын» үлкен сезімталдықпен орындағанда қасымда отырған көрермендердің бірі маған орындық арқалығын қысып отырғанын мойындады. Оларды қайтадан сезімдеріне оралтуға тырысқандай, Ақнар еуропалық құлаққа үйреншікті Латиф Хамидидің «Романсын» орындап берді.

Гүлжан Жолдыбаева домбыраға ұқсас үш шекті аспап – шертерде ойнап, көрермендердің ықыласына бөленді. Бұл аспапты дыбысы жағынан банджоға ұқсаттым.

Концертмейстер, домбырашы Ерлан Раисов домбырада ойнаудың түрлі орындаушылық стильдерін көрсетті. Батыс Қазақстанға тән «төкпе» мақамымен ол Құрманғазының «Адай» күйін, Шығыс Қазақстанға тән «шертпе» әдісімен Сәкен Тұрысбековтың «Көңіл толқыны» күйін шебер орындады. Содан кейін Нұрғиса Тілендиевтің осы стильді біріктіретін «Аққу» күйін төкті.

Image 3

Эльмира Иманбаева Отырар қаласының орнынан табылған сазсырнайда Ермұрат Үсеновтың «Көңілді арбакеш» және Нұрғиса Тілендиевтің «Балапандарым» шығармаларын құйқылжыта орындады. Көрермендер осындай құс жұмыртқасындай шағын қыш сыбызғыдан сиқырлы әуендер шығаруға болатынына таң қалды.

Ағаш қобыз, шаңқобыз, сыбызғы сияқты экзотикалық аспаптар ойналып, талантты жас әнші Бауыржан Ақтайдың көмеймен ән салуы шетелдіктердің үлкен қызығушылықтарын тудырды. Сыбызғыны орындағанда музыкант үрлемейді екен, осындай ерекше әуенді шығару үшін аспабымен ән айтады екен.

Барлық орындаушылар да керемет өнер көрсетті. Қарыштай дамып келе жатқан ғарыш дәуірінде халқымыздың көне дауысын естуге мүмкіндік жасаған осы музыканттарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Кеш соңына таман өнерпаздар Тәттімбеттің «Саржайлауы» мен Сүгірдің «Ыңғайтөк» күйлерін орындады. Аралас ырғақпен құрастырылған музыкалық шығарма дыбысталуы жағынан маған джаз әуеніндей көрінді. Осы сәтте маған Тәттімбет пен Сүгір шапан жамылған сақалды қариялардан гөрі заманауи жас музыканттар бейнесінде елестеді...

КОНЦЕРТТЕН КЕЙІН...

Image 0

Музыканттар шабыттанып, көрермендер қолпаштай қол соғып, «Браво» деп айқайлады. Алайда олардың шынайы сезімдерін көздері анық байқалтып тұрды. Жанарлары шаттық нұрын шашып тұр еді.

- Мен домбыраның құдіретіне таң қаламын. Оның екі-ақ шегі бар, алайда музыканттар батыстық гитарашылардың түсіне де кірмейтін қиын шығармаларды шебер орындады, - деп ойымен бөлісті концерттен кейін Шантэл.

- Концертте алған әсерлерімізден қазақтың дәстүрлі музыка өнері өзінің әдемілігімен, сезімталдығымен, лирикалығы және философиялық тереңдігімен қаншалықты тартымды екенін көрдік. Оны әлемге таныту керек. Біз мұны баяғыда түсінгенбіз, - дейді Стефан. Шантэл бұған келісемін дегендей басын иіп, жұбайын құшақтады. Олардың бұл өмірде тағы бір құштарлықтары – қазақ музыкасы – бар екені көрініп-ақ тұрды.

Зинат ОРЫНБАСАРОВА

14 мамыр 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.