Атырау, 26 сәуір 22:50
 ашықВ Атырау +25
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Ақша болса, команда да болады

2 125 просмотра

Image 0Мұз сарайында жанкүйерлердің «Бейбарыс» хоккей клубы басшылығымен кездесуі өтті. Барлығын келесі маусымда Александр ИСТОМИН бас бапкерлік лауазымында қала ма деген сұрақ мазалады. Жуырда әлеуметтік желілерде команданың өткен маусымда жүлдесіз қалғаны үшін жаттықтырушылар штабы жұмыстан шығарылды деген ақпарат пайда болған еді.

А. Истомин көңілсіз отырды. Кездесу алдында ол клуб директоры Болат МҰХАМБЕТҚАЛИЕВПЕН жеке сөйлескен еді. Дегенмен кіріспе сөзді өзі сөйледі:

- Маусым осылай аяқталды... Жақсы ойындар да, сәтсіз ойындар да болды. Маусым аяғында ширек финалдық плей-офф сериясында «Алматымен» керемет ойындар көрсеттік. Серияда 3:0 есебімен ұтылып жатып, қалған матчтардың барлығында жеңіске жетті. Содан кейін жол болмады.

Маусымды сәтсіз өтті деп айтпас едім. Әрине, жанкүйерлер бізден көп нәрселер күтті. Қолымыздан келгеннің бәрін жасадық. Мұз үстінде бейжай адам болған жоқ.

Атыраудың хоккей тарихы қысқа болса да, алты жылда бірталай жетістікке жеттік. Әрине «Бейбарыс» өткізген төрт жүлделі маусымнан кейін бізден жаңа трофейлер күту заңдылық...

- Маусым басында командаға өзіңіз ойлағандай жаңа ойыншылар ала алдыңыз ба?

- В.И.: - Бізге команда құрамының тұрақтылығы жетіспейді. Әрине, жаңа ұжым қалыптастыру ұзақ процесс. Өкінішке орай, осы жылы көптеген адамдар ауысты. Сәтсіздіктің басты себептерінің бірі осы деп ойлаймын.

- «Бейбарыс» хоккей клубының басшылығы жаттықтырушылар мен команданың жұмысына көңілі тола ма?

Б.М.: - Риза емеспіз деп айту дұрыс емес шығар. Команда мұз үстінде жігерсіз болған жоқ, олар ойнады және жанкүйерлерге талай рет қуаныш сыйлады. Команда қалыптастыруға келетін болсақ, біз бюджетке тәуелдіміз, клубымызды тастап кеткен ойыншылар мұны басқа клубтардан жақсы ұсыныс болғандықтан жасады. Дегенмен, бізде маусым бойы жалақы мен басқа да төлемдердерді кешіктіру болған емес. Қандай ақша болса, солай ойнадық...

- Ақша жоқ, олай болса неге Жастар хоккей лигасына қатысатын тағы бір команданы құрып жатырсыздар?

Б.М.: - Бұл әзірге Қазақстан хоккей федерациясының жобасы ғана. Бұған ешқандай ақша аударылған жоқ. Жобаны келесі жылдан бастау жоспарлануда. Біз тек дайын болғымыз келеді.

- Келесі маусымда «Бейбарыс» командасы бұрынғы құраммен қала ма?

Б.М.: Келесі маусымда Қазақстан хоккей федерациясы легионерлер лимитін енгізбекші. Шектеудің қандай болатынын ешкім білмейді. Бұл федерацияның жыл сайынғы конференциясында айтылады. Шектеуді өткен жылы енгізгісі келген, алайда сол кезде командалар легионерлермен келісімшарт жасасып қойып, чемпионат регламентіне өзгеріс енгізу кейінге қалдырылды.

Қазір клуб келесі маусымға қаржыландыруға өтінім берді. Команданы қалыптастыру осыған байланысты болады. Ақша болса, команда да болады. Бәрі де қаржыландыруға байланысты.

- Жаттықтырушылар штабы қалай болады?

Б.М.: - А. Истомин еңбек демалысын ресімдеп, демалуға кетіп бара жатыр. Мамыр айында қайта оралады. Осы уақытқа дейін қаржыландыру мәселесі шешіледі және келесі маусымға команданы қалыптастыруға кірісеміз.

- «Бейбарыс» - бұл Истомин. Ол бар жан-тәнін салып жұмыс жасайды...

Б.М. – Ол демалуға кетіп бара жатыр деп айттым ғой. Жаттықтырушылар штабының басқа мүшелерінің тағдыры қаржыландыру көлеміне байланысты болады. Бүгінде Сергей Рудольфович Горев Хоккей академиясында балалармен жұмыс жасап жатыр.

- Облыс басшылығы «Бейбарыстың» көрсеткен нәтижелеріне қандай қабақ танытты?

- Б.М.: - Әзірге еш хабар жоқ.

- «Бейбарыс» хоккейшілері мен жаттықтырушыларының өз еркімен жұмыстан босату туралы өтініш жазғандары рас па?

Б.М. - Заңнама бойынша келісімшарт мерзімі біткенде қызметкер жұмыстан шығу туралы арыз жазады. Хоккей федерациясының типтік шарты бар, оған сәйкес, хоккейшілермен еңбек қатынасы 1 шілдеден 30 сәуірге дейін созылады.

Барлық ойыншыларымыз өтініштерін жазып, толықтай есеп айырысты. Бұл қалыптасқан тәжірибе.

- Біз келесі маусымда да «Бейбарыс» Истоминнің басшылығымен ойнайды деген сөзді естігіміз келеді.

Б.М. – Бұл жаттықтырушыға қойылатын сұрақ – ол осы жерде жұмыс жасай беруді қалай ма? Өзінен сұраңыздар. Келісімге келдіңіздер ме дейсіздер ме? – Саша, біз келісімге келдік пе?

Осы сөзді айтқан Б. Мұхамбетқалиев А. Истоминге қол созды. Ол да қолын берді.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген автор

17 сәуір 2015, 18:32

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.