Атырау, 27 сәуір 01:24
 ашықВ Атырау +24
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

​Масутацу Ояманың ізбасарлары

2 989 просмотра

Өскеменде өткен кекушинкай каратеден Қазақстан чемпионатында облыстық «Намыс» федерациясының шәкірттері Эльдар Бисенов пен Аманат Еділбаев 16-17 жас санатында өз салмақтары бойынша алтын медаль иеленді. Ересектер арасында Рүстем Байбосынов екінші болса, Перизат Шахметова «Жеңіске деген жігері үшін» сыйлығына ие болды. «Намыс» кекушинкай карате федерациясының спортшылары республикалық және халықаралық жарыстарда үнемі жоғары нәтижелер көрсетіп жүр. Бұл туралы федерацияның аға жаттықтырушысы Мұрат ЖОЛДАСОВ (суретте) әңгімелейді.

Image 1«ЖС» анықтамасы: Мұрат Жолдасов, 1-дан қара белдігінің иегері, жаттықтырушылық өтілі - 10 жыл, ұлттық дәрежедегі төреші.

- Кекушин жапон тілінен аударғанда «жоғарғы ақиқат» деген мағына береді. Каратенің бұл стилінің негізін өткен ғасырдың 50-жылдары Масутацу Ояма қалады. Кекушинкай карате - өте қызықты спорт түрі. Айқастар ешқандай қорғаныс құралдарынсыз толық контактіде өтеді, тек қолмен басқа соққы беруге тыйым салынған.

Кекушиннің Атыраудағы алғашқы секциясы 1993 жылы ашылды, ал облыстық «Намыс» федерациясы 2008 жылы құрылды. «Намыстың» туы астында бүгінде екі жүзге жуық балалар мен ересектер жаттығу жасап жатыр. Федерацияның жаттықтырушылары – директор Таңат Нұрымов, мен, Рүстем Байбосынов, Александр Грузинцев және Андрей Котов.

- Шәкірттеріңіздің жетістіктері туралы айтыңызшы.

- Шәкірттеріміз үздіксіз жаттығу жасайды, соның арқасында жетістіктерге жетуде. Жаттықтырушыларымыз спортшылардың мектептегі үлгерімдеріне де қарап қояды. 2012 жылғы Азия чемпионы Әли Бексейітов пен Қазақстан чемпионы Әділет Тайжұмаев мектепті «Алтын белгімен» бітірді.

Image 0Э.Бисенов, Р.Байбосынов, «Намыс» федерациясының директоры Т.Нұрымов және А.Еділбаев.

Өткен жылы Астанада 9 жасар Дамир Жарекесов ТМД кубогының иегері атанды. Барселонада өткен Еуропа чемпионатында Андрей Котов пен Александр Грузинцев алтын медаль алды (Александр, сондай-ақ, «Самурайлық рухы үшін» арнайы сыйлығына ие болды). Диар Жаниязов күміс жүлдегер атанса, Альфия Даирова «қолаға» қол жеткізді.Өткен жылғы ҚР чемпионатында Д. Жарекесов, А. Грузинцев («Үздік техникасы үшін» сыйлығына ие болды) және Кирсан Құлмағанбетов өз шеберліктерін көрсетіп, чемпион болды. Д. Жаниязов, А. Даирова және Асылжан Берман күміс медаль иеленді.

Биыл біз Атырауда Астрахан карате қауымдастығының президенті Андрей Быков жетекшілік ететін Астрахан облысы құрамасымен бірге бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Астрахан Ресейдің оңтүстігіндегі кекушин жақсы дамыған өңір болып саналады. Сенсей А. Быков облыстық «Намыс» федерациясы спортшыларының спорттық деңгейіне жоғары баға берді.

Ақпанда біз Астанада дәстүрлі ТМД кубогына қатыстық және екі «қолаға» ие болдық. Алмаз Әлиханов пен А. Еділбаев жүлде иелері атанды.

Наурызда Ақтөбеде кекушинкай каратеден республикалық турнир өтті. Бұл жерде Дінмұхамед Әбдіғали, Д. Жарекесов («Үздік техникасы үшін» сыйлығына ие болды), Иван Пустовайт, Эльдар Бисенов, Асылан Шаймерденов, Рүстем Байбосынов «алтын» алды. Глеб Повстянко, Сұлтан Нұрбаев, К. Құлмағанбетов, Сайқыбек Ғалымжанов, Нұрасыл Қадырғалиев және А. Әлиханов «күміс» жүлдегер атанды. Бекжан Сағытжанов, Бекасыл Арманұлы және Әлфараби Тұрмағамбетов «қола» иеленді.

Сәуірде ҚР Ұлттық кекушинкай карате федерациясы ҚР Ұлттық олимпиада комитетінің аккредитациясына ие болды. Бұл елдегі кекушиннің дамуына сөзсіз оң ықпалын тигізеді. Жарыстарға бару жеңілдей түседі.

- Биыл тағы қандай жарыстарға қатысасыздар?

- Сәуірде «Намыс» федерациясының шәкірттері командасы Краснодарға Ресей Оңтүстік федералдық округінің чемпионатына қатысуға барады. Сәуірдің аяғында мықты «намыстықтар» Астраханда өтетін Бүкілресейлік «Каспий кубогі» турниріне қатысады. Мамыр айында Берлинде ер балалар мен жасөспірімдер арасында Еуропа чемпионаты өтеді. Мұнда облыс намысын Диар Жаниязов қорғайды.

Шілдеде командамыз жапон және ресейлік шеберлер жетекшілігімен өтетін оқу-жаттығу жиынына қатысады. Бұл не Алматы түбіндегі тауда, не Бурабайда болады. Қазанда ересектер арасында Еуропа чемпионаты өтеді. Қарашада «намыстықтар» Теміртауда болатын Қазақстан кубогында өнер көрсетеді. Ал жылды «Astana Оpen» халықаралық турнирімен аяқтаймыз. Бұл жарысқа ең үздіктер аттанады.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

16 сәуір 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.