Атырау, 27 сәуір 02:56
 ашықВ Атырау +24
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

Дөрекі жүргізуші оқушыларды енді тасымайды

2 293 просмотра

Қалалық мәслихат депутаты Жандарбек ЕРМҰХАНОВ мектеп автобусының жүргізушісінің үстінен әуелі қалалық ішкі істер басқармасына, ал, кейін қалалық прокуратураға шағымданады. Жұмыскер ауылындағы №35 мектеп-гимназиясының оқушыларын Нұрсая ықшамауданына тасымалдаумен айналысқан жүргізуші Ермұхановтың 15 жастағы ұлына қол көтерген. Бірақ бұл шағымдарға әлі күнге дейін жауап жоқ. Облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәзира МҰХТАРОВАНЫҢ бізге хабарлағанындай, бұл іспен қазір анықтаушылар айналысуда.

Оқиға 17 қараша күні орын алған. 

- Сол күні ұлым мектептен күндегі уақытынан кешігіп келді. Өңі бозарып кеткен. Не болғанын сұрасам, автобус жүргізушісінен таяқ жепті, - дейді Ж.Ермұханов. -Сол қырсық шалған күні менің ұлым бастауыш және жоғары сынып оқушыларымен бірге бесінші сабақтан шығып, мектептің автобусын 20 минуттай күткен. Ол күні салқын болды ғой. Ұлымның айтуынша, автобус келген уақытта сыртта тоңып қалған балалар автобусқа қарай жүгірген. 44 жастағы автобустың жүргізушісі Марат БЕРДИКУЛОВ есік ашпаған, кейін өзі секіріп түсіп, балаларға айқайлап, ұрысып, оларды «малсыңдар» деп балағаттаған. Менің баламның: «Ағай, сіз бізге боғауыз сөз айтпаңыз, одан да уақытында келіңізсейші» деген сөзінен ол ашуға булығып, балама «сопляк қатынсың» деп, оқушылар мен сынып жетекшісі Мадина Төлегенованың көзінше бетінен шапалақпен ұрып жіберген. Осыдан кейін жүргізуші баламды автобусқа мінгізбейтінін айтып, сол жерде жалғыз өзін тастап кеткен. Далада бір сағаттай тұрып қалған балам сол күні түнде қатты қызулап, дәрігер шақырттық. Бір апта мектепке барған жоқ, көңіл күйі бұзылып, күйзелісте жүргесін біз оны психологқа көрсетуге мәжбүр болдық.  

Осындай жағдай тура бір ай бұрын 17 қазан күні де орын алған. Дәл осы жүргізуші ол кезде 7-сынып оқушысын ұрып, қылғындырған. Мектеп әкімшілігі ешқандай шара алмаған соң, жәбір көрген баланың анасы да  Ермұхановпен бірге 18 қараша күні қалалық ішкі істер басқармасына арыз берген. Алайда, №35 мектеп-гимназиясының директоры Алмабек АБДОЛОВ бұл жайында ештеңе білмеймін деп жауап берді. Ол Ермұхановтың ұлының жағдайынан соң оқушыларды «Тұлпар», «Нұрсая» ықшамаудандарына тасымалдаумен айналысуға келісімшартқа отырған «Атырау тасымалы» ЖШС басшысы Бауыржан БЕРДІҚҰЛОВҚА хабарласып, ауызша ескерту жасағанын айтып өтті. Сондай-ақ, мектеп директоры бүгінде ЖШС басшылығы жүргізуші Марат Бердикуловты (ол «Атырау тасымалы» директорының ағасы) жұмыстан аластатқанын хабарлады.

Айнұр САПАРОВА 

Суретті түсірген автор

18 желтоқсан 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.