Атырау, 26 сәуір 22:08
 ашықВ Атырау +18
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Жаңа ӘҚтК: қарапайым және жеңіл

3 237 просмотра

Қадағалаушы, құқық қорғау және сот органдары өкілдері қатысуымен өткен брифинг 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін жаңа Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске арналды.

Жаңа Кодексте 920 бап бар. Онда қолданыстағы Кодекстің уақыт сынынан өткен негізгі ережелері Жалпы, Ерекше және Процедуралық бөлімдерге бөлініп, сақталды. 

- Жаңа редакциядағы Кодекс әкімшілік заңнамаларды реформалауға бағытталған, - деді қала прокурорының орынбасары Ерлан ҚҰТҚОЖА.

Прокурорлардың пікірінше, жаңа ӘҚтК-те бизнеске көп жеңілдіктер жасалған:

- Атап айтсақ, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне салынатын айыппұлдар орта есеппен екі есе азайтылған.

Сондай-ақ әкімшілік жаза ретінде ескертуді қолдану тәртібі кеңейтілді.

Құтқожаның айтуынша, әкімшілік құқықбұзушылық туралы істерді қарайтын өкілетті органдардың құзіреттілігі қайта қаралды.

- Мәселен, айыппұл түрінде әкімшілік жаза қолданылатын баптарды өкілетті мемлекеттік органдардың қарауына беру жолымен соттардың жұмыстары жеңілдетіледі.

Айтпақшы, статистика деректері бойынша, жыл басынан бері Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік соты 10 мыңнан астам іс қараған.

Әкімшілік жауапкершілікке тарту процедурасы да біраз өзгереді. Жаңа Кодексте айыппұлды төлеу әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамамен бірге берілетін түбіртек арқылы жүзеге асырылатын, яғни, тұлға өзі жасаған құқықбұзушылық фактісімен келісіп, өз кінәсін мойындаған, айыппұлды өз еркімен төлеп, еш талап қоймайтын әкімшілік құқықбұзушылық істері бойынша қысқартылған өндіріс енгізіледі.

Сонымен қатар, қысқартылған тәртіп үшін ынталандыру механизмі қарастырылған: хаттама берілгеннен кейін 7 күндік мерзім ішінде айыппұлдың жалпы сомасының 50%-ын төлеу мүмкіндігі берілген. Егер азамат құқық бұзу фактісімен келіспейтін болса, іс жалпы тәртіппен қаралады.

 

КУӘГЕРЛЕРДІҢ ОРНЫНА БЕЙНЕЖАЗБА

Кодекс баптарының ішінен судьяға, органға (лауазымды тұлғаға) істі жеңілдететін жағдайлар анықталғанда жеке тұлғаға салынған әкімшілік айыппұлды 30%-ға дейін төмендету құқығын беретін нормалардың енгізілу күтпеген жағдай және жаңашылдық деп танылды.

Әкімшілік жауапкершілікке тартылған тұлғаға күшіне енген сот шешіміне өз бетінше шағымдануға мүмкіндік беретін норма да реформаторлық болып есептелді (қазіргі қолданыстағы Кодексте заңды күшіне енген сот қаулысына шағым беру құқығы Бас прокурорға, оның орынбасарларына, облыс прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорларға берілген).

ІІД-нің құқықбұзушылықтың алдын алу бөлімінің бастығы Ерлан РЫСҚАЛИЕВбрифингке қатысып отырған судьялардың назарын тағы бір жаңалыққа аударды: жаңа Кодекс әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттаманы куәгерлерсіз толтыруға рұқсат береді:

- Егер алыс жерлерде, мәселен, қаладан жырақ жерлерде, далада немесе орманда, тәуліктің қараңғы мезгілінде құқықбұзушылықты анықтау фактісі бойынша куәгерлер табу мүмкін болмаса, хаттамаларды техникалық құралдарды пайдаланып, яғни, бейне камералар мен бейнерегистраторларды міндетті түрде қолданып, хаттамаларды ресімдеуге болады...

 

МАС КҮЙІНДЕ КӨЛІК ЖҮРГІЗУ «ҚЫЛМЫСТЫҚ ТЕРІС ҚЫЛЫҚҚА» ЖАТАДЫ

Ал енді баптардағы өзгерістер туралы:

Жаңа ӘҚтК-нің 50-бабы (қолданыстағы ӘҚтК-нің 55-бабы): егер қолданыстағы редакцияда судья қамақты 45 тәуліктен аспайтын мерзімге тағайындаса, жаңа ӘҚтК-де 30 тәуліктен аспауы қажет.

Жаңа ӘҚтК-нің 73-бабы – отбасылық тұрмыстық қарым-қатынастар саласында заңға қайшы әрекеттер (қолданыстағы ӘҚтК-нің 79-5 - бабы). Осы баптың 2 тармағында (әкімшілік жаза салынғаннан кейін жыл ішінде қайталап жасаған құқықбұзушылық) жазалау шарасы өзгерді, нақтылап айтқанда, жеңілдетілді. Егер бұрын 10-нан 15 тәулікке дейін қамақ болса, жаңа ӘҚтК-де 10 тәулікке дейін.

Қолданыстағы әкімшілік кодекстің бірқатар баптары ҚР Қылмыстық кодексіне көшті, атап айтсақ, 9-1 тарауының баптары:

79-1 бабы – ұрып-соғу;

79-3 бабы – денсаулығына зиян келтіру.

Алкогольдік ішімдіктер ішу немесе мас күйінде қоғамдық орында болғаны үшін (қолданыстағы ӘҚтЖ-ның 336-бабы, 3 тармағы) жазалау шаралары төмендетілді. Қолданыстағы Кодексте 15 тәулікке дейін қамақ болса, жаңада 5 тәулікке дейін.

Жаңа Кодекстің 608-бабы (қолданыстағы Кодекстің 467-бабы 6 және 7 тармағы) бойынша құқықбұзушылық – «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беруі» - «қылмыстық теріс қылық» болып белгіленіп, қылмыстық істерді қарайтын соттарда қаралады.

Брифинг қатысушылары талқылау барысында пайда болған сұрақтарға дұрыс жауап беру үшін тәжірибе керек деген тоқтамға келді.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА 

27 қазан 2014, 18:12

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.