Атырау, 26 сәуір 18:42
 ашықВ Атырау +18
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Атыраудан 80 мұсылман қажылыққа барады

2 171 просмотра

Атырау облыстық қажылар қауымдастығының төрағасы Дүйсехан КЕМЕЛОВТЫҢ айтуынша, биыл облыстан 80-ге жуық адам Меккеге аттанбақ. Бұл туралы 15 қыркүйек, дүйсенбі күні облыстық орталық мешітінде қажылық сапарға аттанушыларға сәт-сапар тілеу барысында айтылды.   

- Осыған дейін біз баратын бауырларымызға қажылық сапары, оның талаптары мен міндеттері туралы кең мағлұмат беріп, арнайы курстар өткіздік. Бүгін, міне, ақсақалдар батасын беріп шығарып салуда. Алла қаласа, 21 қыркүйек күні Алматыдан Сауд Арабиясына ұшады. Негізгі, қажылық биыл 5-7 қазан аралығына сәйкес келіп тұр. Қажыға барушылар бір ай ішінде елге оралады, - дейді Д.Кемелов.

Соңғы кездері талай мәрте айтылып жүрген Сауд Арабиясында коронавирусты инфекцияның өршіп тұрғанына қатысты қойған сұрағымызға төраға жағдайдың бақылауда екенін жеткізді.

- Сапарға шығатын жандардың бәріне де вакцина салынды. Қолдарында дәрігерлік анықтама бар. Вакцина салынбаса, оларға виза де берілмес еді. Және олардың жанында туристік компаниялардың дәрігерлері болады. Егер оқыс жағдай бола қалса, кез келген қаладағы госпитальдарға жеткізіледі.

Биыл қажылық сапарын республика бойынша 19 туристік компания жүзеге асырмақ. Әр компанияның жеке жетекшілері және өздерінің арнайы пакеттері бар. Алматыдан Меккеге және қайтарда тасымал ұшақпен жүзеге асады, ал, Мекке мен Медина арасында автобуспен қатынайды. Жататын қонақүймен, 3 мезгіл тамақпен қамтылған және қажылық аяқталған соң екі қаладағы мешіттерге, арнайы қыдыруға болатын орындарға, Қызыл теңізге, құрма бағына бару да қарастырылған.

Биыл қажылық сапарға жиналғандардың бірі Индер ауданы Жарсуат ауылдық мешітінің имамы Құрам РЫСПАЕВ бұл сапарға 5-6 жылдан бері ниет қойған екен.

- Міне, қажылыққа барудың сәті биыл түсіп тұр.Қажылық – мұсылманның бес парызының бірі. Алладан амандық, ел тыныштығы мен жер бүтіндігін тілеп бармақпын. Әмин!

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

18 қыркүйек 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.