Атырау, 26 сәуір 21:46
 ашықВ Атырау +18
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Сахнадағы «Шаңырақ шаттығы»

5 613 просмотра

Биылғы жылдан бастап қыркүйектің екінші жексен-бісінде аталып өтілетін «Отбасы күні» мерекесіне орай Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында қалалық «Шаңырақ шаттығы» атты мүмкіндігі шектеулі жанұялар арасындағы сайыс-фестиваль өтті.

Бірнеше айналымнан тұратын сайыс жолына ОРАЗҒАЛИЕВТАР, ТӘНЕКЕЕВТЕР, МҰХАНБЕ-ТОВТАР, ӘБДЕШОВТАР және БАТЫРҒАЛИЕВТАР (суретте)отбасылары шықты. Алғашқы бөлім «Таныстыруда» топтасып ортаға шыққан жанұя мүшелерінің сайыс соңына дейін бір-біріне деген қамқорлығы, мейірімділігі сахнада да анық байқалды. Мәселен, Мұханбетовтар отбасының анасы көзі нашар көретініне қарамастан, баласының қолынан жетектеп, отбасын өлеңмен таныстырып өтті. Ал, Әбдешовтар отбасының ұлы Аманқос зағиптар қоғамының мүшесі болғанымен, қазіргі уақытта Астанада білім алуда екен. Өмірдегі қиыншылықтармен күресудің тағы бір үлгісін Батырғалиевтар жанұясы көрсетті. Жас отбасы өз үндерін ым-ишаратпен жеткізді. Бала кезінде қатты ауырып, дәрігер жанын аман алып қалғанымен, бір мүшесінен айрылып, соған қарамастан Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледж студенті атанып, қазіргі кезде №15 балабақшада хореграф болып еңбек етіп жүрген Батырғалиевтар отанасы жары Артурмен бірге сахнаға шықты. «Байлығымыз – балаларымыз» деген екі жастың сахнаға кішкентай ұлы мен қызы да жүгіріп шықты...

Сайыстың екінші «Өнерліге өріс кең» айналымында қам көңіл жандар сахнада өз өнерлерін көрсетті. Оразғалиевтар отбасының анасы мен қызы қазақтың құрақ тігу, киіз басу, тіпті, шай құю дәстүрін ырғақты музыкамен қимыл арқылы көрсетті. Ал, Тәнекеевтер отбасының қыздары ауыр науқасына қарамастан, нағыз шыдамдылық танытып, сахнада «Құс жолы» әнін әуелете шырқады. Кемтар жанға құдай әдемі дауыс берген екен, нәзік бойжеткенді сахнаға анасы сүйемелдеп шығарды. Басқа жанұялар да аянып қалмады, ән де айтты, би де биледі.

Спорттық сайыс түрлері бойынша әкелері дойбы тақтасында таласқа түссе, балалары кәрзеңкеге доп лақтырудан жарысты. Кейін бәрі бірдей дартс бойынша сайысып, мергендіктерін сынады. Жанұяның отаналары келесі «Тату үйдің тамағы тәтті» айналымында тез әрі оңай дайындалатын тағам түрлерін ұсынса, соңғы «Ғажайып сән әлемі» айналымында қолдағы материалдардан түрлі киім үлгілерін ұсыну талап етілді. Бұл жерде түрлі түсті пакеттерден Оразғалиевтар кешкі көйлек ұсынса, Тәнекеевтер де осы тектес күзгі балға киюге болатын көйлек үлгісін көрсетті. Мұханбетовтар газет беттерінен құралған жазғы сарафан үлгісін көрсетсе, Әбдешовтар кішкентай ханшайымның түрлі мерекелерге киетін әдемі көйлегін көрсетті. Ал, Батырғалиевтардың әкесі асүйде қолданатын фольгадан робот киімін жасап, кәнігі робот қимылымен сахнада жүрді.

Конкурс қорытындысы бойынша, Оразғалиевтар «Ұлағатты отбасы», Тәнекеевтер «Үлгілі отбасы», Мұханбетовтар «Ынтымақты отбасы», Әбдешовтар «Өнегелі отбасы», Батырғалиевтар «Өнерлі отбасы» аталымдары бойынша марапатталып, барлықтарына бағалы сыйлықтар мен арнайы дипломдар табыс етілді.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

18 қыркүйек 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.