Атырау, 27 сәуір 00:02
 ашықВ Атырау +25
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

«Ақ Жайықты» оқыңыз да, жауап беріңіз»

1 929 просмотра

Бүгін, 17 қыркүйекте ҚР Парламенті Мәжілісінің пленарлық отырысында депутат Камал БҰРХАНОВ білім және ғылым министрі Асылан СӘРІНЖІПОВКЕ депутаттық сауал жолдады.

Атырау облыстық білім беру басқармасы қызметкерінің сөзі келтірілген «Ақ Жайық» газетіндегі ақпаратқа сілтеме жасап, депутат министрге оқу жылының басталуы кезеңінде Атырау облысында «1-сынып оқушыларының 60%-ы, 2-сынып оқушыларының 70%-ы, 3-сынып оқушыларының60%-ыоқулықтармен толықтай қамтылған. Тек қала мектептерінің жетінші сынып оқушыларының20%-ығана оқулықтарды толықтай алатындығын» хабарлады.

Кейін анықталғандай, мұндай жағдай тек Атырауда ғана емес, еліміздің басқа да өңірлерінде орын алған екен. Мәселен, депутаттың хабарлауынша, «Ақтөбеде оқушылардың 30%-ы кітаптың жетіспеушілігінен толыққанды оқи алмай жүр. Қостанайлық 3-ші және 10-шы сынып оқушылары оқулықтарды әлі күтіп отыр». Камал Бұрханов баспасөз бетінде жарық көрген Қызылорда қалалық білім бөлімі әдіскерінің «өтінімде 157 мың оқулық жеткізуге тапсырыс берілген, ал мектептер мұның тек 83 мыңын - өтінімде көрсетілген санның жартысынан сәл артық мөлшерде кітапқа қол жеткізді» деген сөзін де айтып өтті.

Өңірлік баспасөз құралдарына талдау жасаған парламент депутаты «біріншіден, оқушылардың саны қате есептелген, екіншіден, баспаханаға дейін жетпей қалған, не болмаса, баспа иелері дұрыс пайдаланбаған ақша мәселесі, үшіншіден, басылып шығарылған оқулықтардың саны берілген өтінімдерге сәйкес келмеген. Егер осы үш бағдар бойынша барлығы да дұрыс болса, бүгінде оқулық проблемасы болмас еді. Яғни, бір жерден ақау кеткен» деп ойын қорытындылады.

Парламент Мәжілісі регламентінің 153-тармағына сілтеме жасап, Камал Бұрханов Асылан Сәрінжіповке 24 қыркүйекте болатын келесі пленарлық отырысқа келіп, ауызша түсінік беруге шақырды және келесі сұрақтарға жауап дайындап келуді ұсынды: Өңірлер бойынша оқулықпен қамтамасыз ету үшін қанша оқушыға (1-11 сыныптар) өтінім жасалды? Өңірлер бойынша 2014 жылға оқулықтар мен көмекші құралдар сатып алуға республикалық және жергілікті бюджеттерден қанша қаржы бөлінді? 2014-2015 жылдарға арнап шығарылған оқулықтар мен көмекші құралдардың жалпы тиражы қандай және олар өңірлер бойынша қалай бөлінді?

Естеріңізге салсақ, еліміздің білім және ғылым министрлігі жариялаған бұрынғы ақпараттарға сәйкес, 2014-2015 оқу жылына оқулықтар алу үшін 8,6 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Сондай-ақ, оқу әдебиеті тапшылығы тек Ақмола, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарында ғана орын алу мүмкін деп жорамалданған. Алайда, өңірлік баспасөз құралдары жағдайдың бұдан да нашарлығын ашып көрсетті.

Жасұлан КӨЖЕКОВ,  

меншікті тілші, Астана

17 қыркүйек 2014, 17:13

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.