Атырау, 27 сәуір 07:46
 ашықВ Атырау +24
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

Жаңа жылға жаңа Кодекспен

5 757 просмотра

2015 жылғы қаңтардан бастап жаңа ҚР Қылмыстық Кодексі күшіне енгізіледі. Айыппұлдар мөлшері артқан, мүлікті тәркілеу тәртібі өзгертілген. Терактілер мен соғыс уақытында қылмыс жасау, мораторий алынса, өлім жазасына кесіледі.

 

ЖАУАПКЕРШІЛІК ӨЛШЕМДЕРІ

Қылмыстық құқық бұзушылық-тар қоғамға қауіптілік және жаза-ланушылық дәрежесіне қарай қылмыстар және қылмыстық теріс қылықтарболып бөлінеді. Жаңа кодекс тұжырымдарына сәйкес, қоғамға қауіпті іс-әрекет (әрекет немесе әрекетсіздік) қылмыс деп танылады және қылмыстық теріс қылық деп қоғамға зор қауіп төндірмейтін, болмашы зиян келтірген не адамның жеке басына, ұйымға, қоғамға немесе мемлекетке зиян келтіру қатерін туғызған іс-әрекет (әрекет не әрекетсіздік) танылады.

Қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін кінәлі деп танылған адамға негiзгi жазалар: айыппұл; түзеу жұмыстары; қоғамдық жұмыстарға тарту; қамаққа алу қолданылуы мүмкiн.

Ал, қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылған адамға негізгі жазалар: айыппұл; түзеу жұмыстары; бас бостандығын шектеу; бас бостандығынан айыру; өлiм жазасы қолданылуы мүмкiн.

Қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылған адамға негізгі жазамен қатар мынадай қосымша жазалар: мүлкін тәркілеу; арнаулы, әскери немесе құрметтi атағынан, сыныптық шенiнен, дипломатиялық дәрежесiнен, бiлiктiлiк сыныбынан және мемлекеттiк наградаларынан айыру; белгiлi бiр лауазымды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру; шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды ҚР-ның шегiнен тысқары жерге шығарып жiберу қолданылуы мүмкін.

 

ГУМАНИЗМ ТІЛІНДЕ

Кодекстің жаңа редакциясында ең жоғарғы жаза ретінде «өлім жазасы» бұрынғыша қалдырылған.

- Өлім жазасы – ату жазасы адамдардың қаза табуымен ұштасқан террористік қылмыстар үшін, сондай-ақ, соғыс уақытында жасалған аса ауыр қылмыстар үшін ең ауыр жаза ретінде белгіленеді, ондай жазаға кесілген адамға кешірім жасау туралы өтінішхат беру құқығы беріледі, – деп түсіндірді Атырау облыстық прокуратурасының Оқу орта-лығының жетекшісі Салима ЖЕКЕЙБАЕВА.

ҚР Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВенгізген өлім жазасын орындауға мораторий өз күшінде, сондықтан да өлім жазасы туралы үкімді орындау мораторий қолданылған уақытқа тоқтатыла тұрады.

- Алайда, мораторий күші кез келген уақытта тоқтатылуы мүмкін, сол кезде жоғарыда аталған жаза қылмыскерлерге қолданылады, - дейді Жекейбаева.

Өмір бойына бас бостан-дығынан айыру аса ауыр қыл-мыстар жасағаны үшін, сондай-ақ, өлім жазасына балама ретінде белгіленуі мүмкін.

 

АҚША ТҮРІНДЕ

Жаңа кодексте айыппұлдың мөлшері жоғарылатылған: айыппұл қылмыстық теріс қылықтар үшін – айлық есептік көрсеткіштің 25-тен 500-ге дейінгі шегінде, қылмыстар үшін – айлық есептік көрсеткіштің 500-ден 10 000-ға дейінгі шегінде, ал, Кодекстің 366 (пара алу), 367 (пара беру) және 368 (парақорлыққа делдал болу)-баптарында көзделген қылмыстар үшін Кодекстің тиісті бабының санкциясында белгіленген мөлшерде белгіленеді. Айыппұл мөлшерін жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың ауырлығын және сотталған адамның мүліктік жағдайын ескере отырып, сот айқындайды.

Қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін тағайындалған айыппұлды төлеуден жалтарған жағдайда Кодекстің 43 (қоғамдық жұмысқа тарту) және 45 (қамау)-баптарының ережелері ескеріле отырып, ол 1 АЕК үшін қоғамдық жұмыстардың бір сағаты есебімен қоғамдық жұмыстарға тартуға не 4 АЕК үшін бір тәулікке қамаққа алу есебімен қамаққа алуға ауыстырылады.

Қылмыс жасағаны үшін тағайындалған айыппұлды төлеуден жалтарған жағдайда Кодекстің 46 (бас бостандығынан айыру)-бабының ережелері ескеріле отырып, ол 4 АЕК үшін бас бостандығынан айырудың бір күні есебімен бас бостандығынан айыруға ауыстырылады.

Жазаның жаңа түрі «қамаққа алу» кодекске енгізілген. Қамаққа алу 30 тәуліктен 90 тәулікке дейінгі мерзімге белгіленеді. Ұстап алу мерзімі қамаққа алу мерзіміне қосылады.

Қамаққа алу кәмелетке толма-ғандарға, жүкті әйелдерге, жас балалары бар әйелдерге, жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектерге, 58 жастағы және ол жастан асқан әйелдерге, 63 жастағы және ол жастан асқан еркектерге, І немесе ІІ топтағы мүгедектерге тағайындалмайды.

Жаңа кодексте мүлікті тәркілеу тәртібіне қатысты толықтырулар енгізілген.

- Егер белгілі бір затты тәркілеу осы затты тәркілеу туралы сот шешімі қабылданған кезде оның пайдаланылуы, сатылуы немесе өзге де себептері бойынша мүмкін болмаса, сот шешімі бойынша осы заттың құнына сәйкес келетін ақшалай сома тәркіленетін болады, - деп түсінік берді Салима Жекейбаева.

45-бап («Қамақ алу») 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап, ал 48-бап («Мүлікті тәркілеу») 2018 жылғы 1 қаңтарда күшіне енеді.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

18 қыркүйек 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.