Атырау, 27 сәуір 02:11
 ашықВ Атырау +24
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

Хиджамның қабылдауында

13 797 просмотра

Атырауда дәстүрлі емдеудің жаңа түрі пайда болды: қан алу тәжірибесінде әжептәуір тәжірибесі бар емшінің алды пациенттердентоластар емес. Құрбан МАГОМЕДОВ (суретте) күніне сегіз процедураға дейін жасайды.

Кездесу Самарқанд көшесіндегі шағын мешітте өтетін болып белгіленді. Бізді тарамыс денелі ер адам қарсы алды. Дөңес мұрынды, еңсесі тік. Медиктің көгілдір реңді киімі, салмақты сөзі, тәжірибелі көзқарасы – аумаған хирург дерсің.

Құрбанның жасы 53-те, 10 жыл бойына тек хиджамамен (емдік қан алудың мұсылмандық әдісі) айналысып келеді. Асықпай, арасында кеудесіне түскен сақалын сипап қойып, емші еріктіміздің жағдайын сұрай бастады. Пациент те дуалы емшінің ырқына берілген секілді. Сәл мүдіріп барып, өзінің бойындағы сырқаттарын тізбектей бастады: артериялық қан қысымының жоғары, иығы мен белі ауыратынын, салмағы артық екенін... айтты.

- Түсінікті… - деді хиджам. Асықпай сөмкесінің ішіндегілерді: бөтелкелерді, банкаларды, жақпамайды және басқа да маған белгісіз заттарды шығарды.

- Хиджама – бұл капилляр қанын сору арқылы емдеу, - деп түсіндірді ол. - Әр адамның ағзасында арам қан бар. Егер оны алып тастаса, бұл ағзаны сауықтырады және жаңартады. Мен мұны растай аламын. Өйткені, науқастан қара, шайыр секілді қою қанның аққанын өз көзіммен көрдім. Хиджаманың шынымен де көмектесетіндігін көрдім.

 

ҚЫЗЫЛ ШЫҚ

Емші етпетінен жатқызған соң, пациент өзін босаң күйде ұстауға тырысты. Зарарсыздандырылған бессаусақ қолғап киген хиджам оның арқасын және вакуум банканы спирт ерітіндісімен сүртті. Содан соң денедегі арнайы нүктелерді таңдап, осы банкаларды төңкерді. Тапанша секілді арнайы аспаппен одан ауа шығарды. Банка астындағы тері пештегі тоқаш бөлкеге ұқсап, көтеріліп, көгілдір тартты.

- Бұл қанды шоғырландырады, ауырсыну болмайды және тілетін жерді белгілейді, - деп түсіндірді Құрбан. – Бұл құрғақ сору деп аталады. Мен банканы науқасты азаптаған сырқатынан айығуға көмектесетін әмбебап нүктелерге қойдым.

Пациент сәл бетін тыржитып, өз әсерін суреттеді:

- Әзірге ауырған жоқ, бірақ жағымды да емес.

Біраз уақыттан кейін хиджам банкаларды түсіріп алды. Арнайы қорапшадан бірнеше өткір тістері бар бір мәрте қолданатын пластинканы – скарификаторды алды. Осы кезде нағыз жағымсыз процедура басталады. Жеңіл қимылмен Құрбан «сорылған» жерді жай ғана кертіп, тапаншасымен қайтадан вакуум жасап, оған банканы төңкерді. Пациент ауырсынғанын білдіртпеуге тырысты. Теріде сол сәтте қанды шық пайда болды. Банканың іші біртіндеп қанға тола бастады.

- Ал, бұл ылғалды хиджама деп аталады, - деп түсіндірді хиджам.

Айта кету керек, әр жерде қанның толу қарқындылығы әртүрлі. Мәселен, бел омыртқасы тұсында банка санаулы секундтарда төрттен бір бөлігіне толды. Мойын бөлігі мен жауырын ортасындағы омыртқа маңындағы банка баяу толды. Ол, шынымен де, қанық қоңыр түсті, өте күңгірт екен.

 

ТЕМЕКІ ИІСТІ ҚАН

- Қан алу немесе хиджама – бұл бізге Мұхаммед пайғамбардан (с.ғ.с.) қалған емдік әдіс. Онымен осыдан 1400 жыл бұрын мұсылмандар түрлі сырқаттарды емдеген. Дегенмен, менің пациенттерімнің арасында түрлі дін өкілдері де бар, - дейді Құрбан. – Көп адамдарды маған алып келеді. Бірақ менен олар өз аяқтарынан тұрып кетіп жатады. Бастамас бұрын мен әрдайым да Алладан көмек сұраймын және хиджаманы шынайы көмектесу ниетімен жасаймын. Олай етпесе болмайды.

Оның айтуынша, адам денесінде негізгі 77 және қосымша 13 канал бар екен. Олар арқылы ағзадан «сырқат» қанды шығарады. Сырқатына байланысты процедура екі аптадан соң жылына бір рет немесе бірнеше айда бір рет қайталанады. Кей жағдайда хиджама жекелеген жерлерге – аяққа, белге, басқа жасалады.

- Хиджамамен қандай сыр-қаттарды емдеуге болады?

- Көптеген. Арқадағы және бастағы аурулар, жыныстық дәрменсіздік, төмен және жоғарғы қан қысымы, әлсіреген иммунитет, көктамырдың тарылуы және бітелуі, мойын мен иықтағы аурулар, геморрой, бас ауруы, бедеулік, өкпе туберкулезі, тері аурулары, жүрек ауруы, қант диабеті, бұлшықет аурулары, қол мен аяқ бұлшықетінің жансыздануы, ревматизм, дененің сал болуы, нашар көру, көз қысымы, жасаурау, нашар есту, гайморит, сіңір түйілуі және т.б. 

…Міне, ол (пациент) таблетка ішу үйреншікті әдетіне айналғанын, онсыз өзін нашар сезінетінін айтты. Нашар сезінбей қайтсін, таблетка болмаса оның қан қысымы 180-ге дейін көтеріліп кетеді екен. Неліктен сәл ғана қанды алмасқа? Сәл ғана... сонда қан қысымы қалпына келетініне сенімдімін. Ал, әр дәрінің өзінің жанама әсері бар. Хиджамада – жоқ. Тек бір адамнан қанды аз алу керек, енді бірінен көбірек алу қажет...

- Бір процедурада ағзадан қанша қан алынады?

- 200-ден 400-ге дейін, кей жағдайда 800 миллилитрге дейін қан алынады. Бұл қан көп тұрып қалған, өзінің қорын сарқыған боп есептеледі. Кейде иісі жағымсыз қою қара қан шығатын кездер болады.

Емшінің айтуынша, біздің қанымыз біз өмір сүріп отырған ортаның индикаторы секілді. Біздің зиянды әдеттеріміз, өмір салтымыз – осының бәрі қаны-мызда. Мәселен, шылымқордың қанынан күлімсіген темекінің иісі шығады екен...

- Анық емес, бірақ менің мұрным темекінің иісін жақсы сезеді. Өзім темекі шекпеймін, - дейді хиджам. – Бірде шопаннан қан алған едім. Керткен кезде қой етінің иісін сездім. ...Сіздің қаныңыздан нақты ештеңенің иісі шықпайды, - деп тыныштандырды ол қысылып қыбыжықтай бастаған пациентті. – Бірақ бәрібір әлдебір белгісіз жағымсыз иісі бар. Мұндай қаннан жақсы иіс шықпайды.

 

ӨЛІ-ДОНОР ТУРАЛЫ АҢЫЗ

…Қане, достым, болған сияқты, -  деді жиырма минут өткен соң Құрбан. Қанға арналған ыдысты қойып, банканы түсіріп алды. Кертілген жерді мақтамен сүртіп, содан соң ол жерге қара зиренің майын жақты. Оның растауынша, бұл май мұндай жараны үш-төрт күнде жазады екен.

Пациент аздап абыржып қалды: қанын жоғалтқан соң ба, әлде оның тәрелкедегі түрін көрген соң ба, білмедік. Көз алдымызда алынған қан қарайып, бір бөлігі шөгіп, бір бөлігі қоңырқай ұйыған қанға айналды.

- Бұл жерде, шамамен, 800 миллилитр қан бар. Өзіңізді қалай сезінесіз?

- Банка төңкерген кезде қол-аяғым мұздап кеткенін сездім, - дейді пациент. – Қазір жылынып жатқанын сезіп отырмын. Аздап басым айналды. Бірақ жалпы жеңілдік пен масаттануды сезініп отырмын.

- …Әуесқой пациенттердің бірі қанын алып, анализге тапсырыпты. Нәтижесін алуға келген кезде дәрігерлер оған: «Есің дұрыс па? Өлі адамның қанын неге әкелдің?» депті. Бұл рас па, өтірік пе, білмеймін, бірақ бұл қан, шынымен де, жақсы емес.

Бірақ хиджаманың керек еместігін көретін кездерім де болады. Өз денсаулықтарын қатаң қадағалайтын таныс отбасын білемін. Олар спортпен айналысады, дұрыс тамақтануға тырысады, моншаға жиі барады, бал жейді, шөп шайлар ішеді... Мен оларға хиджама жасаған кезде олардан дұрыс қан шықты, содан кейін мен процедураны тоқтаттым.

- Сіздің тұрақты пациенттеріңіз бар ма?

- Бар, бірақ аз. Адам, әдетте, процедурадан кейін өзін жеңіл сезініп, содан кейін келмейді. Жанымыз көзімізге көрінгенде ғана көмекке жүгінеміз ғой, ал сәл жеңілдесе – емді тастаймыз, біздің менталитетіміз осындай ғой.

Құрбан қанға боялған мақтаны жинап алып, қанды кәріз жүйесіне ағызды. Бұл процедура қанша тұрады? Хиджам белгіленген баға жоқ екенін, кім қанша берсе, сонша алатынын айтты. Бермесе де ештеңе демейді, тек көмегі тисе болғаны.

- Бәлкім, донорлық пунктке барып, қан тапсырған оңай шығар?

- Бұл екі түрлі нәрсе, - деді ол. – Медицина мекемелерінде көктамырдан қан алады. Олар жұмыс жасап тұрған жақсы қанды алады.

 

«НАШАР ҚАН БОЛМАЙДЫ…»

- «Тұрып қалған» қан деген не түсінік? - дейді облыстық аурухананың дәрігер-гематологы Гүлфайрус ДАХИЕВА. Сау ағзада денсаулықты жақсарту үшін алып тастауға болатын мүлдем артық ештеңе жоқ. Дегенмен, заманауи медицинада қан алу тәжірибесі бар. Бірақ ол тек көрсетілімдер бойынша ғана тағайындалады. Мәселен, шынайы полицитемия диагнозы бар науқасқа. Бұл сырқат қан жүйесіндегі қатерсіз ісік тобына жатады және қанда эритроциттер көбейеді. Эретремиктерге мұндай процедура тағайындалады, бірақ қан аз ғана, нақты белгіленген мөлшерде алынады.

Донорлық секілді, хиджаманың өзінің бірқатар қарсы көрсетілімдері бар. Мен бала туатын жастағы әйелдерге оны жасауға кеңес бермес едім. Егер етеккірден бөлек әйелдер хиджаманың көмегімен қан жоғалтатын болса, онда бұл қаназдыққа соқтыруы мүмкін.

- Иә, орта ғасырларда қан алу емдеу әдісі ретінде өте кең тараған, - дейді қалалық аурухананың (БСМП) дәрігер-кардиологы Мирам НҰҒЫМАНОВ. – Маған дәрігер ретінде үнемі қан көруге тура келеді. Адам ағзасында «жаман» қан жоқ екендігін сеніммен айта аламын. Жүректен бастап соңғы капиллярға дейінгі қанның бәрі бірдей. Тек айырмашылығы – артериалық қанда оттек болады, сондықтан ол ашық қызыл түсті. Ал, көктамыр қанында көмірқышқыл газы көп, оның түсі күңгірт. Қан алу процедурасы, хиджама кезінде адамдар осы көктамыр қанын көреді.

Содан соң: кез келген қан бірнеше минуттан кейін жұмаршақтанады. Айта кетейік, бұл өлі адамның қаны туралы айтылған аңызды жоққа шығарады. Өйткені, жұмаршақтанған қан анализ жасау үшін жарамсыз. Оның беткі қабатында плазма көрініп тұрады. Оны бұл адамдар іріңге, арам қанға және т.б. санайды. Ал шылымқорлардың қанының иісіне келер болсақ, ол рас, кез келген лаборант мұны растай алады.

Сізге хиджама емдейтін сырқаттардың түрлерін айтыпты. Ендеше, араб елдерінде заманауи медицина неліктен бар? Адамдардың хиджамадан жеңілдік сезінетінін жоққа шығармаймын. Олардың қанында жаңа жасуша түзіледі, иммунитет жақсарады... Ендеше, адамдарға сырқаттар үшін қан тапсырған жақсы емес пе?

Сондай-ақ, плацебо әсерін де жоққа шығара алмаймын. Адамға дәрумен беріп, мұның ең күшті  дәрі екеніне көз жеткіздіру керек. Егер адам бұған сенсе, керемет ем әсерін көреміз. Бірақ, әрине, егер адам тез иланғыш болған жағдайда ғана.

Анастасия ПАСТУХОВА

11 қыркүйек 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.