Атырау, 27 сәуір 02:55
 ашықВ Атырау +24
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

Жылу берушілер сараңсып қалмады

3 414 просмотра

Д.Нұрпейісова атындағы Мәдениет сарайында өткен жұртшылық тыңдауында «Атырау жылу жүйелері» («АЖЖ») АҚ президенті Нұрадин ШАМШАТОВ ағымдағы жылдың 1 қазанынан бастап енгізілетін 2015-2017 жылдардың жаңа тариф жобасымен таныстырды. Кәсіпорын ТМРАД-тан жылу энергиясын беру және тарату тарифін бірден 37,7 пайызға көтеруді сұрап отыр.

50-ЖЫЛДАРДЫҢ КӨЗІ

«АЖЖ» АҚ балансында 212 км жылу жүйесі, магистралды жылу жүйелерінің екі сорғы стансасы, 40 жылу қосыны бар. Сондай-ақ, қалалық әкімдікпен сенімді басқару келісімшарты бойынша кәсіпорынға 20 жыл мерзімге Алмагүл, Алмагүл-1, Көркем ықшамаудандарындағы және Аманшин көшесінің бойындағы 4 км тарату және 24 км кварталдық жүйелер және бес жылу қосыны берілген.

«АЖЖ» АҚ 1 119 нысанды жылумен қамтиды. Өткен жылы «Қазақэнергосараптама» институты жүргізген сараптама қорытындысы бойынша, АҚ-ның негізгі қорының тозуы: ғимараттар мен құрылыстар – 88 пайыз, жылу жүйелері – 78 пайыз, ыстық сумен қамту жүйесінің жылу алмастырғыштары – 46,1, сорғылар – 67 пайыз, электр қозғалтқыштар – 48 пайызды құрады.

- Соңғы 30 жылда біз апатты желілерді ауыстыру қарқыны бойынша көп қалыс қалып келгендіктен, осындай ахуал қалыптасты. 1997-1999 жылдары біз қалалық ТКШ-дан жүйелерді қатты тозған күйде алдық, ал жылу қосындары өткен ғасырдың 50-ші жылдары салынған бұрынғы қазандық ғимараттары болатын. 2000 жылы пайдалану мүмкін болмағандықтан бес жылу қосыны күреліп тасталды. Қалғандары апатты күйде тұр.

Бұдан басқа, жерасты суларының деңгейі жоғары болғандықтан және Атырау қаласында нөсерлі кәріз жүйесі мен су төмендеткіш болмағандықтан жерасты тұрбалары қатты тоттануда. Учаскесі ЖЭО-нан Восток ықшамауданына дейін созылған М1 магистралі 1968 жылдан бастап пайдаланылып келетінін атап айтқым келеді, - деді өз баяндамасында Шамшатов.

Оның айтуынша, жыл сайын 7 км-ден астам тозығы жеткен магистраль тұрбаларын ауыстырған жөн. Ал іс жүзінде ол екі есе аз ауыстырылады екен. Жыл сайынғы 96 км жылу изоляциясы жөнделудің орнына іс жүзінде екі есе аз жөнделетін көрінеді.

 

«БІЗ ШЫҒЫНДЫМЫЗ, БІРАҚ БАНКРОТ ЕМЕСПІЗ»

2015-2017 жылдардың тариф жобасында күрделі жөндеудің келесі шығындары жоспарланған: 2015 жылы - 479,6 млн теңге, 2016 жылы – 480,1 млн, 2017 жылы – 476,3 млн. Бұдан басқа, осы үш жылға кәсіпорын құны 1 млрд 533 млн теңге болатын инвестициялық бағдарлама жасақталған. Осы қаржыға магистралды жылу жүйелерінің тозығы жеткен жерлерін, орталық көпірдің тіреуінде орналасқан диаметрі 53 см болатын магистралды тұрбаны ауыстыру, шойын тұрбаларды полиэтилен тұрбаларға ауыстыру және т.б. жоспарлануда.

- «АЖЖ» АҚ-ның қаржылық-шаруашылық қызметі шығынды. 2011-2013 жылдар ішінде біз 430 млн теңге зиян тарттық. «АЖЖ» АҚ кәсіпорнының ахуалын қалпына келтіру мақсатында ТМРАД-қа бір гектокалория үшін 3 563 теңге мөлшерінде (ҚҚС-сыз) шекті тарифті бекітуге өтініш бердік, - деп мәлімдеді Шамшатов (қолданыстағы тариф - 2 587 теңге).

Баяндамадан кейін Шамшатовқа «Арлан» ҮЕҰ төрағасы Макс БОҚАЕВ бірнеше сауал қойды.

- Сонда сіздің кәсіпорын банкрот болғаны ма?

- Біз өзімізге шығын келтіріп жұмыс істейміз. Бірақ өзімізді банкрот деп танымаймыз.

- Сіздер кімге қарызсыздар?

- Негізінен біз «Атырау ЖЭО» АҚ-ның борышкерлері болып табыламыз.

- АЖЭО сіздің кәсіпорныңыздың іс жүзіндегі ортақ иесі ме?

- ҚР Заңдары бойынша монополистер өндіріс пен энергия таратуды қатар алып жүре алмайды.

- Сіздің өтініміңіз бекітілген жағдайда негізгі тұтынушылар үшін тарифтер қаншалықты көтеріледі?

- Біз мұндай есептеулер жасаған жоқпыз.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Сурет «АЖ» мұрағатынан алынды

31 шілде 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.