Атырау, 27 сәуір 09:16
 ашықВ Атырау +27
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

«Өмірдің мәнін кеш ұқтым»

4 185 просмотра

«Мен 1984 жылдан бастап өмірімнің жартысын үзіліспен колонияларда өткіздім. Үш рет аса қауіпті рецидивист деп танылдым. Өмір ұрлық-қарлық қылу түсінігімен өтіп жатты.

...Мен мемлекет есебінен өмір сүрдім. Еркіндікте жүрген кейбір адамдар түрмедегілер сияқты тамақтанбайды деп ойлаймын. Не ішем, не кием дегеніміз жоқ, аппақ жаялықтардың үстінде ұйықтаймыз.

...Зонада отырғанда қандай ғана адамдарды кездестірмедім десеңізші. Менімен бірге отырғандардың көбі қазір бұл өмірде жоқ, ал тірілері отбасын құрды. Менің қазір жалғыз тілегім бар. Мен қарапайым адамдар секілді өмір сүргім келеді». 

Бұл редакциямызға кәдімгі пошта арқылы келген бұрынғы зэктің хатынан үзінді. Оның есімі – Болат,  жасы 51-де. Ал бас бостандығынан айыру орындарында ол 30-жылға жуық уақыт отырған. Соңғы отырған жері - Тараз қаласындағы қатаң режимдегі түзеу колониясы. Хаттың соңында ұялы телефон нөмірі жазылулы тұрды. Мен одан кездесуімізді өтіндім, ол келісті.

...Көзіне қара көзілдірік тағып, басына бейсболка киген жұқалтаң келген орта бойлы жігіт ағасының орталық мешіттен шығып келе жатқан бойы екен. Келіскеніміздей, Махамбет-Исатай алаңында кездестік. Ораза ұстап жүр екен. Дін жолында жүргеніне бес жыл болыпты. Намаз оқуды Тараздағы түрмеде отырғанда бастаған. Менің алғашқы қойған сұрағым – оның не үшін отырғанын және қандай қылмыс жасағанын білу жайында болды.Бұл сұраққа ол жауап бергісі келмей:

- Әр түрлі қылмыс түрлері болды, бірақ, мен кісі өлтіргенім жоқ, қыз зорлағаным жоқ...– деді.

Алғаш рет оны әскердегі төбелес үшін отырғызды. Екі жылға сотталып, тәртіп батальонына айдалғанымен, бір жылдан соң туған үйіне оралады. Ал аз уақыттан соң қарақшылық жасағаны үшін үш жылға сотталып, кері түрмеге жабылады. Ішіп жүргенде таңылған қылмыстар ұрлық, бұзақылық... деп, үсті-үстіне жамалып, кейінгі өмірі «түрмеден түрмеге» жалғасады.

- Бәрі ақымақтықпен болған іс қой. Ішіп, мас болып жүргенде, мойныңа ілінген қылмыстарды мойындайын десең, оны жасаған-жасамағаның есіңде болмайды, - дейді Болат.

Көп жыл түрмеде отырған ол бостандықтағы өмірге әлі күнге дейін үйренісіп кете алмай жүр.  

- Түрмеде артық қадам жасамайсың, ненің қайда және қалай жатқанын білесің, бәрі уысыңда. Ал бостандықта бәрі әлдеқайда күрделірек.

Түрмеден түрмеге дейінгі үзілістердің ұзаққа бармауы да сол себептен болар. Болат өзінің дін жолына түскенде бәрі өзгергенін айтады: 

- Мен Тараз колониясынан босап шыққанда, өзімнің ағам мен әкеме түрмеге оралмауыма уәде бердім. Спирттік ішімдікті қойдым, темекіні тастадым, ең бастысы, есірткіден бас тарттым. «Ломкаларды» басымнан өткердім, аман қалдым. Жақында жеке куәлік алдым, бұған дейін менде он алты жасымда алған кеңестік төлқұжатым ғана болатын. Бірақ, басында қиын болды. Мен өмірімде бір рет те болсын жұмыс істеп көргенім жоқ қой. Бірнеше рет сотталғанмын. Мамандығым да жоқ. Осының бәрін ойлап, бойымды үрей биледі. Ең жеңілі – қайта отыру... Бірақ, мен үрейді жеңдім. Қала шетіндегі ауылдардың бірінде жарты жылдай мал бақтым, сүт сауып, жүн қырықтым. Бірақ, қаланың тірлігіне үйренісе алмай жүрмін, оңай емес әрине.Әзірге көтерме жұмыстарда жұмыс істеп жүрмін. Бұл уақытша, тұрақты жұмыс іздеудемін. Жақында жұмыспен қамту орталығына тіркеліп қойдым.

Болаттың жеке тұрағы жоқ, пәтер жалдап тұрады. Бірақ, ол ертеңіне сенеді. Болашаққа құрған жоспары бар. Үйленіп, үй болып, отбасын құрғысы келеді, әке атануды армандайды.

- Мен нандығымды табу дегенді сезініп, түсіне бастадым. Мен енді қалған өмірімді дұрыс өткізгім келеді. Теңімді тауып, отбасын құрғым келеді, ың-шыңсыз, айқау-шусыз, тыныштықта құрылған, берекелі отбасын құрғым келеді. Жарым қандай адам болса да, ең бастысы, иманы болсын деп тілеймін. ҚР азаматы ретінде өмір сүріп, отбасымның жағдайын ойлап, жарыма қамқоршы болғым келеді, -деді бізбен қоштасарда Болат. 

Айнұр САПАРОВА

24 шілде 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.