Атырау, 26 сәуір 19:22
 ашықВ Атырау +18
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Мықты боксшылар келеді

2 748 просмотра

26-30 cәуір аралығында АМУ-дің «Жайық» спорт кешенінде Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлына арналған бокстан VI халықаралық турнир өтеді. Рингтегі айқастар күн сайын сағат 14.00-ден 17.00-ге дейін (күндізгі сессия) және 17.00-ден 20.00-ге дейін (кешкі сессия) болады.

Облыстық бокс федерациясы хабарлағандай, турнирге Қытай, Иордания, Моңғолия, Ирак, Гана, Ресей, Қырғызстан, Украина, Тәжікстан, Өзбекстан, Грузия және Әзірбайжан елдерінен 12 құрама команда келеді. Айқастарда, сондай-ақ, Қазақстанның олимпиадалық құрамасына қосымша құрылған, 2008 жылғы олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаев басқаратын эксперименттік құрама команда да өнер көрсетеді. Атырау облысы алаң иесі ретінде8 үздік боксшысын шығара алады.

Біз облыс құрамасы жаттығу жасап жатқан «Атырау» ДСК-нде болдық. Жаттығу жасап жатқандардың арасынан Азамат Досмағамбетов, Рашид Салауатов, Рахман Әлжанов, Абзал Жүсіпов, Нұрсұлтан Амангелдиев сияқты белгілі былғары қолғап шеберлерімен бірге Асылхан Ұзақбаев, Есенаман Шүнғарин, Сұлтан Есболаев сынды боксшылардың жергілікті жас буынын көрдік.

- Жиырма жігіт жаттығу жасап жатыр, дайындығы жақсы ең мықты сегізі рингке шығатын болады. Барлығы да құлшынып тұр, - дейді облыстың аға жаттықтырушысы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Қанат ОРАҚБАЕВ.

- Өткен жылғы ел чемпионатында атыраулық Ержан Ордабаев пен Рашид Салауатов екі алтын алса, Азамат Досмағамбетов күміс жүлдегер атанды. Өкінішке орай, Ержан осы турнирге қатыса алмайды. Ол 26 сәуірде Қазақстанның ұлттық құрамасының сапында оқу-жаттығу жиынына, содан кейін халықаралық турнирлерге қатысуға кетеді.

Боксшыларымыз турнирге қатысуға сақадай сай. Облыстық бокс федерациясы қаңтар айында он үздік боксшыны Ташкент қаласына Өзбекстан құрамасымен бірге оқу-жаттығу жиынын өткізуге жіберу шығынын қаржыландырды. Содан кейін осындай жиын Алматы түбіндегі «Тау самалы» спорт базасында өтті.

Бұл күндері «Атырау» ДСК-нде Моңғолия олимпиада құрамасы оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Моңғол боксшыларының арасынан Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Уранчемег МУНК-ЭРДЕНЭНІ (суретте) таныдық. Ол орыс тілінде жақсы сөйлейді екен.

- Өкінішке орай, мен осы турнирге қатыса алмаймын, жарыс қарсаңында Германияға емделуге кетемін. Мен жоқ болсам да, құрама сапында Азия чемпионатының үш жүлдегері бар. Олар айқасқа дайын.

Біздің мұнда келуіміздің себебі, Қазақстанда кеңестік бокстен бастау алған жақсы бокс мектебі бар. Осында жаттығып, бірге жарыстарға қатысу арқылы біз көптеген пайдалы нәрселерді бойымызға сіңіреміз. Біз үшін ең бастысы – 2015 жылы Катарда өтетін әлем чемпионатына жақсы дайындалып, 2016 жылғы Олимпиада ойындарына қатысу.

Жақын әзірде Атырауға 2000 жылғы олимпиада чемпионы Александр ЛЕБЗЯК бастаған Ресейдің олимпиадалық құрамасы келеді. Құрама сапында әлем чемпионы Сергей ВОДОПЬЯНОВ сияқты әлемге танылған бокс шеберлері өнер көрсетеді. Ирак құрамасы бұрынғы Қазақстан құрамасының бас бапкері Дамир БУДАНБЕКОВТІҢ бастауымен келеді.

Турнирге қонақ ретінде әлем чемпиондары Галиб ЖАФАРОВ (2003), Ердос ЖАНБЕРГЕНОВ (2005) және тағы басқа спортшылар келеді.

Турнирдің жартылай финалдық және финалдық айқастары KAZsport телеарнасынан көрсетіледі.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

24 сәуір 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.