Атырау, 27 сәуір 05:24
 ашықВ Атырау +24
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

Спорт жаңалықтары

3 374 просмотра

«Одибе үшін біз ақша төлеген жоқпыз»

Трансферлік терезе жабылғаннан кейін республикалық спорт сайттарында футболдан ел чемпионатында ойнайтын он ең қымбат ойыншы туралы ақпараттар пайда болды.

Бұл тізімде «Атырау» ойыншысы Майкл ОДИБЕ де бар екен. Сайтта көрсетілген нигериялықтың трансферлік құны – 1 500 000 еуро. Одан тек «Астана» командасының ойыншысы Ренан Брессанқымбат тұрады – 2 000 000 еуро. Бағасы Одибемен бірдей екі-ақ ойыншы бар: тағы бір «Астана» ойыншысы Сисеру мен «Ақтөбе» ойыншысы Маркос Пизелли. «Миллионерлер» (1 000 000 еуро) тізімінде «Астана» футболшысы Атанас Курдов пен ақтөбелік Данило Неко бар. 

Күні кеше ойыншылары алдында миллиондаған қарызы бар «Атырау» ФК бүгінде бір ойыншыны миллион жарымға еш қиналмастан сатып алатындай байып кетті ме? Біз осы сауалмен «Атырау» ФК директоры Асылбек ЖҮНТЕРБАЕВҚА жолықтық. Алайда ол бұл ақпаратқа қатты таң қалды: 

- Бұл – жәй ғана шартты баға. Одибе бізге банкротқа ұшыраған киевтік «Арсеналдан» ауысты, сондықтан да ол «Атырауға» теп-тегін келді. «Атыраудың» қазіргі ойыншыларының бірде-бірін сатып алған жоқпыз, барлығын тегін алдық. Олар ойнайды, сол үшін жалақы алады... 

Ол кім қандай жалақы алатыны жөнінде айтудан сыпайы түрде бас тартты.

***

 

Ешкім жүлдесіз қалмады

Өткен жылдың қыркүйек айында таэквондоның GTF нұсқасы бойынша секция ашылғаннан бері шәкірттер алғаш рет Ақтөбеде өткен халықаралық турнирге қатысты. Жарысқа барған барлық 7 спортшы да жүлдемен оралды.

«Хьёнги» (ката) санатында Алексей Ли мен Карина Ишина күміс иеленсе, Ислам Мейрамғалиев, Әмір Нұрғали, Евгений Ульченков мен Әнуар Жарасұлы қолаға қол жеткізді. «Мецоги» (кумите) санатында Евгений Похлебухин күміс жүлдегер, И.Мейрамғалиев қола жүлдегер атанды. А.Нұрғали «Ең тартымды айқасы үшін» арнайы сыйлығына ие болды. Спортшыларды Берік Әлжанов жаттықтырады.

***

 

 

Жақсы бастама 

Он жыл үзілістен кейін үстел теннисінен облыс құрамасы ерлер арасындағы Қазақстанның командалық чемпионатына қатысты. Жаңа бастама өте сәтті болды. 

Қостанай облысы Затобольск қаласында өткен бірінші тур қорытындысы бойынша «Шолақтерек» (Затобольск), «1-ОРМБЖСМ» (Павлодар), «Сосновый бор» (Қостанай), «Бішкек» және «КНТ» (Астана) командаларын ұтқан біздің құрамамыз 1-орын алды.

Облыс құрамасының сапында Тимур Келбұғанов, Әсет Ғаббасов, Айбек Қайыралиев, Роман Сушаков, Андрей Быков, Орынбек Нұржанов, Иван Усачев және Энвер Усейнов өнер көрсетеді. Алда әлі үш тур бар.

***

 

Полицейлер додасы

«Мұнайшы» спорт кешенінде құқық қорғау органдары арасында волейболдан ашық қала біріншілігі өтті.

Турнирге ІІД, ҚІІБ, барлық аудандардың ішкі істер бөлімдері және «Күзет» күзет қызметі командалары қатысты. Қорытынды есепте 1-орынды ІІД, 2-орынды «Қызылқоға», 3-орынды «Күзет» алды. Серік Бүтпенов, Жаңаберген Рахымғалиев және Дәурен Бұлжанов турнирдің үздік ойыншылары атанды.

***

 

Ақтөбедегі жетістік

Ақтөбеде панкратионнан республикалық турнир өтті.

Атырау құрамасы бұл жерде бес жүлдеге ие болды. Нұрбек Екібаев (54 келіге дейін), Әлібек Мизамов (66 келіге дейін) және Азамат Өтепов (92 келіге дейін) жеңімпаз атанса, Әділбек Ерғабылов (59 келіге дейін) пен Айбек Сайтенов (66 келіге дейін) қола медаль алды. Cпортшыларды жаттықтырушы Саидмагомед Типаев дайындады.

***

 

Жақсы дайындық

Атыраулық палуандар Лисаковск қаласында өткен 1999-2000 ж.т. жасөспірімдер арасында қазақ күресінен ҚР чемпионатында алтын және қола медаль жеңіп алды.

60 келіге дейін салмақта Серікболсын Шынтас чемпион атанды. Ол 5 жеңісті белдесу өткізді. 42 келіге дейін салмақта Ермек Амангелді қолаға қол жеткізді. Асланбек Төлеуұлы (50 келіге дейін), Айбек Абдилов (55 келіге дейін) және Исатай Абаев (73 келіден жоғары) жүлдеге біртабан жақын болды, алайда 3-орын үшін айқаста қарсыластарына есе жіберіп қойды. Командалық есепте облыс құрамасы 5-орын алды. Чемпионат алдында спортшылар облыстық спорт басқармасының қаржысына екі кезеңдік оқу-жаттығу жиынын өткізгенін атап өткен жөн.

***

 

Ригадан келген қола жүлде

Ригада Бүкіләлемдік күрес федерациясының (FILA) күнтізбелік жоспарына кіретін грек-рим күресінен 12-ші халықаралық турнир өтті.

Бұл жарыста Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Рашид Мусиннің шәкірті – Мирас Рахметоллаев сәтті өнер көрсетті. Ширек финалда жеңіске жеткен ол келесі айналымда Грузия құрамасының өкіліне есе жіберіп қойды. Нәтижесінде маңдай термен келген қолаға ие болды.

***

 

Болашағы зор жасөспірімдер

Алматы қаласында өткен 1997-98 ж.т. жасөспірімдер арасындағы грек-рим күресінен республикалық турнирде атыраулық Евгений Поливадов пен Асылбек Қосаманов жеңімпаз атанды. Қола медаль Владимир Канның еншісінде.

Спортшыларды жаттықтырушылар Р.Мусин, А.Поливадов, Е.Уаисов, С.Ким және Е.Аралбаев дайындады.

***

 

 

Ел ішінде екінші 

Павлодар облысы Шарбақты қаласында өткен 1997-98 ж.т. жасөспірімдер арасында белдесе күресуден Қазақстан чемпионатында облыс құрамасы өте сәтті өнер көрсетті. 

Махамбет Халидолла(46 келіге дейін), Жәния Ізім (58 келіге дейін) және Саида Қапсалыхова (66 келіге дейін) чемпион атанды. 55 келіге дейін салмақта Әділет Күлшін қола иеленді. Командалық есепте облыс құрамасы 2-орын алды. 

***

 

Біздің серілерді - әскерге

Талдықорғанда спорттық және әскери самбодан Қазақстан чемпионаты өтті.

Әскери түр бойынша атыраулық самбошылар командалық 1-орын алды. 52 келіге дейін салмақта Әсет Әлдешев (1-БЖСМ) чемпион атанса, Талғат Жұмағалиев (57 келіге дейін),Абылай Төлеш (62 келіге дейін) және Айбек Бөлекбаев (74 келіге дейін) күміс иеленді. Өз салмақ дәрежелерінде Рашид Қабылов, Данияр Дәулетханов, Рустамбек Жереншиев, Қанат Әшімов және Қайрат Шәріпов қолаға қол жеткізді.

Спорттық самбодан командамыз 7-орын алды. Қалжан Тайжанова мен (72 келіге дейін) Ержан Қабделов (82 келіге дейін) күмістен алқа тақса, Сұңғат Закарьяев (82 келіге дейін) қола жүлдегер атанды.

Спортшыларды жаттықтырушылар Б.Қошқаров, Б.Жұмабаев, А.Қыздарбаев, А.Жұмабеков, А.Есенғалиев және К.Досқалиев дайындады.

***

 

Жеті минутта жеңіске жету

Атырауда 10, 12 және 14 жастағы ер балалар мен қыздар арасында өткен тоғызқұмалақтан Қазақстан чемпионатында алаң иелері екі күміс медаль ұтты.

«Классика» санатында (бір партияда әр ойыншыға 1,5 сағат беріледі) 2-орынды №34 мектептің 4-сынып оқушысы Тілеужан Ғалламов алды. Ал «блиц» санатында (әр ойыншыға 7 минут беріледі) №18 мектептің 6-сынып оқушысы Еламан Ізімғалиев осы жетістікті қайталады. 

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

10 сәуір 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.