Атырау, 26 сәуір 19:53
 ашықВ Атырау +18
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Қытай бізге көмектесе ме?

1 699 просмотра

Фотосурет: kapital.kz Фотосурет: kapital.kz Серік АХМЕТОВТІҢ басқа лауазымға (бұл жағдайда- қорғаныс министрі) ауысуы көпшілік үшін күтпеген жайт емес еді. Соңғы жарты жылда президент 2013 жылдың қазанында және 2014 жылдың ақпанында өткен үкіметтің кеңейтілген отырыстарында министрлер кабинетінің жұмысын екі мәрте сынға алған болатын. Атап айтқанда, оның премьердің жұмысына қанағаттанбағанын атап өткен жөн. Өйткені, құрылған жаңа үкімет құрамы бұрынғыны дерлік қайталап отыр.

Экономикалық ахуалдың нашарлауы дағдарыспен күрестің сыналған әдістерін пайдалануды талап етеді. Сөйтіп, президент бұрынғы премьер Кәрім МӘСІМОВКЕ үміт артуды ұйғарды.

Мәсімов алғаш премьер болған жылдар 2009 жылғы дүниежүзілік қаржылық-экономикалық дағдарыстың нағыз қызған кезімен тұспа-тұс болған еді. Сол кездегі Мәсімовтің сәтті өткен дағдарыс-менеджменті оның үкіметке оралуы үшін бірінші себеп болды. Кәрім Қажымқанұлының кандидатурасы үшін экономикалық мүддені Қытайға қарай қайта бағдарлау қажеттілігі екінші себеп болды. НАТО елдері мен Ресей Федерациясының арасындағы қазіргі кикілжің Қазақстанның Қытаймен жақындасу жолын іздестіруіне сеп болып отыр. Кикілжіңге келген тараптардың қайсысына болмасын қолдау көрсету республикамыз үшін үлкен қауіп төндіреді. Өйткені, ҚР бейтарап ел мәртебесін жоғалтып қана қоймай, Батыстың экономикалық санкциясына ұшырайды. Сонымен қатар Қазақстанның көптеген мемлекетаралық (ТМД, КО, ҰЖШҰ, ШЫҰ, ЕуразЭС) келісімдер бойынша серіктесі болып табылатын Ресейдің ашық сыны республика үшін ауыр зардаптарға соқтыруы мүмкін. Ал, Қытай секілді басқа бейтарап тараппен ынтымақтастықты күшейту Қазақстан үшін зардап әкелмеуі тиіс. Осыған байланысты Аспанасты елінде оқып та, жұмыс істеп те үлгерген жаңа премьер Қытаймен экономикалық кооперацияны нығайту үшін ең лайықты тұлға болды. 

Бәлкім, әлденеше рет депутаттар мен телекамера алдында бой көрсеткен Мәсімовтің президентке деген адалдығы қазіргі премьерді таңдау жасау үшін тағы бір фактор болған шығар. Алайда, билік олимпі тарапынан алдағы саяси реформалар туралы ашық мәлімдемелер болмаса да, көпшілігі республикада реформа болады деп күтуде. 

Осылайша, қазіргі премьердің қайта келуі елдегі экономикалық ахуалдың нашарлауы мен геосаяси шиеленістің күшеюіне қатысты биліктің реакциясы болды. Сонымен қатар ықтимал саяси реформаларға себепші болуы мүмкін. Алайда болып жатқан оқиғаларға билік дер кезінде және сайма-сай әрекет етсе де, мемлекеттік басқарушылардың кадрлық ресурсы оларды қайта тағайындау қажет болатындай дәрежеде жұтаңдап қалғанын атап өтпеске болмайды.

Темірлан ЖАТҚАНБАЕВ, қаржылық сарапшы, Алматы қаласы

14 сәуір 2014, 12:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.