Атырау, 27 сәуір 03:37
 ашықВ Атырау +24
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

Аналарды аялау – бала өлімін азайтады

3 448 просмотра

– Біздерге бала өлімі үшін ұрысып жатады. Ал, сіз көріп тұрсыз ба, бізге балалардың өмірі үшін қалай күресуге тура келетінін, - дейді түрлі сым, системалар тығылған, шала туылып, кювезде кіп-кішкентай боп жатқан шарананың қасында тұрған облыстық перзентхана үйінің бас дәрігері Ұлжан ХАСАНОВА. Олардың кейбірінің салмағы екі келіге азар жетіп жатады.  Менің олардың өмір сүруге мүмкіндігі бар ма деген сауалыма Ұлжан Ахметқызы сенімсіздеу күйде иығын қозғап қана қойды.

Осыдан бір аптадай бұрын облыстық перзентханада оқу-үйрену сапарымен ресейлік мамандар болды. Ал, өткен жылы атыраулық акушерлер мен гинекологтарды Швейцария, Литва, Астана және Алматыдан келген қонақтар оқытты. Барлық жағдайда да бұл сапарлардың ақысын «Аджип ККО» компаниясы және оның бас операторы «НКОК» төледі. Мәселен, жақында ғана Мәскеу «Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығының» аға ғылыми қызметкері, медицина ғылымдарының кандидаты Олег ИОНОВ біздің дәрігерлерімізді шала туған және хирургиялық патологиясы бар сәбилерді қалай аман алып қалуға болатындығына үйретті. Ұ.Хасанованың пікірінше, өткен аптада облыстық денсаулық сақтау басқарамасының бастығы Меңдіхан ӨТЕПҚАЛИЕВ атап өткендей, бала өлімі екі есеге дейін төмендеген және бұл тікелей осы  оқу курстарының нәтижесінде орын алды деуге болады.

– Алайда,  дәрігерлер мұның бәрін жоғары оқу орындарында оқуға тиісті емес пе еді?

– Классикалық акушерлік нормалары бұрынғысынша қалды. Алайда, босандыруға қатысты мәселелер соңғы жылдары қатты өзгерді. Бұрын перзентхана жабық залалсыздандырылған мекеме болып есептелгендіктен босану процесіне тек дәрігерлер ғана қатысты. Ал, бүгінгі күні бізге босану әйелдер үшін барынша психологиялық жайлы жағдайда өтуге тиісті табиғи процесс деп үйретеді.

– Бұл атыраулық, жалпы, барлық отандық перзентханалардағы орын алатын жағымсыз жағдайлардан кейінгі ашқан жаңалық секілді естіледі екен. Есімізге бірден санитаркалардың дөрекілігі, өзіміздің әлсіздігіміз, балаға деген алаңдаушылығымыз еске орала кетеді...

– Бүгінгі күні біз осының бәрінен құтылып келеміз. Перзентханаға УЗИ-ге түсуге және басқа да тексеруден өтуге келген  әйелдер (әңгіме перзентхананы аралап жүрген кезде өрбіді) ғимаратқа еркін кіре алады. Күн жылынған соң, ғимараттың артқы ауласында жөнделген алаңда әйелдер үшін таза ауада серуендеу сағаттарын ұйымдастырмақпыз. Бұрын әйелдер көшеге тіптен шығарылмаған еді. Босанатын әйелдің туысқандары босану процесі кезінде қатыса алады, босанғаннан кейін онымен және оның баласының қасында бола алады. Мәселен, қараңыз, жас әйелдің анасы оған жаңа туған нәрестесін емізуіне көмектеседі. Босану процесі қазір ашық түрде жүргізіледі. Бұрын бізді дұрыс қарамады, баланы құлатып алды деп сыртымыздан сөгетін. Ал, қазір әрбір кезеңге қатысу мүмкіндігі бар. 

– Біздің оқырмандарымыз бүгінгі күні жансыздандыратын  және босануына себепші болатын препараттарды қолданбайды деп шағымданады. Яғни, әйелдер әбден титықтап қалжырағанымен дәрігерлер тарапынан ешқандай әрекеттер жасалмайды.

- Босану ешқандай көмекші құралдарсыз өзінің табиғи ретімен болуы тиісті. Біз өзіміз күтуге тиісті нақты  уақытқа белгіленген сызба бойынша әрекет етеміз.

- Менің соңғы журналистік кезекшілігімнен кейін сіздерде көп нәрселер өзгерген екен. Қабырғадағы және есіктердегі  сүйкімді балалардың суреттері, палаталардағы ашық түсті перделер, гүлдер, тіпті, айналма баспалдақтар да көз тартады. Мұның бәрі бала тууға жәрдемдесудің құралы ретінде қолданылып отырғаны ма?

– Ең бастысы - әйелдердің психологиялық жайлылығы, сонда босану да жеңіл болады. Ғимаратымыз ескі болса да ағымдағы жүргізіп отыратын жөндеу жұмыстарының арқасында жақсы күйде сақтауға тырысып келеміз. Биылғы жылы күрделі жөндеу жүргізетін боламыз. Ғимараттың бір бөлігін Каспий құбыр консорциумы жөндесе, енді бір бөлігін жергілікті бюджет есебінен перинатальды орталық үшін қайтадан жарақтандырылатын болады. Алайда, біз ғимаратты қазірдің өзінде жайлы етіп жасақтауға тырысамыз. Ескі, қолайсыз төсектерді жаңасына ауыстырдық. Палаталар мен фойеге  гүлдер мен жұмсақ жиһаздар қойдық. Балалардың суреттерін қабырғалар мен есіктерге ілуге шақырылған мамандар кеңес берді. Кейін біздің қызметкерлеріміз өз балаларының суреттерін әкелді. Бүгінгі күні аурухана палатасындағы жағдай үйдегі жағдайға сәйкестеу келуі керек. Әрине, онда да медициналық стандарттар сақталуы тиісті. Бізде  VIP-палаталар – босану кезінде де бірге болуды қалайтын жұбайларға арналған үш бөлмелі апартамент бар. Ондай палаталарда болу ақысы- тәулігіне 12 000 теңге. Мұндай палаталарды бізде көбіне шетелдіктер, Астана, Алматыдан келген  шетелдіктердің әйелдері алады.

- Сонда қалай, бала өлімін шұғыл азайту үшін біздің әйелдерімізге жай ғана адамгершілік тұрғыдан қараса болғаны ма?

- Солай болғаны да!

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

Суретті түсірген В. Истомин

2 маусым 2011, 17:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.