«Бүгінге дейін банктердің қаржылық ахуалы туралы жалған ақпараттың алғаш таратылуына қатысы бар бірнеше адам анықталып, ұсталды. Ол адамдар істегендерін мойындап, тиісті түрде жауап беруде және мұндай әрекеттерге баруларының жай-жапсары жайында егжей-тегжейлі баяндап берді», - деді реми өкіл.
Олардың арасында алматылық заң компанияларының бірінің қызметкерлері мен банк заңгері бар. «Олардың жауаптары басқа анықталған және ұсталған адамдардың түсініктемелері сияқты мұқият тексерілуде», - деді Н. Сүйіндіков.
Белгілі болғандай, істің мән-жайына қарай әкімшілік және қылмыстық жауапкерлшілік туралы мәселе шешілетін болады. Зардап шеккен банктер материалдық зиянды өтеу туралы талап-арыздар енгізу бойынша жұмыстар басталған көрінеді.
Бұдан бұрын хабарланғандай, кеше ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков Қазақстандық банктердің банкротқа ұшырайтындығы туралы жалған ақпарат таратқан бірнеше адам анықталғанын мәлім еткен болатын. «Банктердің қаржылық ахуалы жөніндегі ақпараттарға қатысы бар барлық тұлғаларды анықтау бойынша кешенді іздестіру шаралары жүргізілуде. Бірқатар тұлғалар анықталды және оларға қатысты тексеру шаралары басталды», - деді ол. «Бас прокуратура жалған хабарламаларды таратуға кінәлі тұлғалардың барлығы қылмыстық қудаланумен қоса, материалдық және заңмен белгіленген өзге де жауапкершіліктерге тартылатындығын мәлімдейді», - деді Н.Сүйіндіков.
Айта кетейік, соңғы күндері әр түрлі коммуникация құралдары арқылы (әлеуметтік желілерді қоса алғанда интернет-хабарламалар, СМС) «Центр Кредит» Банкі, «Каспий Банкі» және «Альянс банкінің» банкрот болу мүмкіндігі туралы ақпарат таралған еді.
Дереккөз: inform.kz