«Біз Киевте және Украинаның басқа да қалаларында наразылық акциясына қатысушылары, сондай-ақ құқық қорғау органдарының өкілдері арасында қазаға әкелген қақтығыстардың ушығуын үлкен алаңдаушылықпен қабылдадық. Мықты және беделді, экономикалық, өндірістік және адами әлеуеті зор мемлекетке саяси қарама-қайшылықтардың тигізіп отырған зардабын өкінішпен атап өтеміз», - делінген ақпаратта.
Қазақстан мен Украинаны дәстүрлі достық және стратегиялық қарым-қатынас байланыстырады, олардың негізінде – өзара сенім мен құрмет жатыр. Біз Украинаны маңызды әріптесіміз ретінде қарастырамыз, деп хабарлайды баспасөз қызметі.
«Біз зорлықтың кез келген түрін қатаң сынаймыз және Украинаның барлық саяси күштерін ұстамдылыққа, қан төгісті тоқтатуға, мемлекеттің конституциясы мен заңдарына сәйкес тәртіп орнатуға шақырамыз. Сонымен қатар, халықаралық қауымдастықты да осы елдегі жағдайды тұрақтандыруға барынша ықпал жасауға шақырамыз», - деп хабарлады ведомстводан.
Сондай-ақ, ҚР сыртқы істер министрлігі полиция мен наразылық акциясына қатысушылар арасындағы қақтығыстардың жалғасуына орай Қазақстан азаматтарына Украинаға бару қаупінің артып отырғаны туралы хабарлайды.
Осы орайда Украинаға баруға ниеттеніп отырған немесе сол елде тұрып жатқан Қазақстан азаматтарына Сыртқы істер министрлігі барынша абай болуларын, наразылық, шеру және адамдардың көп шоғырланған жерлерінен міндетті түрде алшақ жүрулерін және мүмкіндігінше тұрғылықты жерлерінен түнгі уақытта шықпауын ұсынады.
«Төтенше жағдайларға тап болған Қазақстан азаматтарына Қазақстанның Киевтағы Елшілігінің Консулдық бөліміне +38-066-467-87-97, + 38-063-375-00-07 номерлері бойынша немесе ҚР Сыртқы істер министрлігінің тікелей желісіне + 7-7172-72-04-72 номері бойынша телефон арқылы хабарласуды сұраймыз», - деп ақпарат таратты баспасөз қызметі.
Дереккөз: bnews.kz