АСТАНА. ҚазАқпарат - ҰҚК шекара қызметінің бас қаржыгері миллиондаған қаражатты жымқырғаны үшін қамалды.
Бұл туралы «Время» газетінің бүгінгі нөмірінде Т.Кучуков «Жильё и жульё» атты мақаласында жазады.
Кеше Қазақстанның әскери сотының баспасөз қызметі 2014 жылдың 13 ақпанында Астанада ҰҚК Шекара қызметі директорының орынбасары Серік Әшімбаевтың қамауға алынғанын хабарлаған. Экономика және қаржы саласына жетекшілік еткен полковникке лауазымды қызметін асыра пайдаланып, шекарашыларды баспанамен қамтуға бөлінген 300 млн. теңгені жымқырды деген айып тағылып отыр.
Серік Әшімбаев ҰҚК қызметкерлерінің назарына өткен жылдың көктемінде ілігіпті. Ал сәуір айында ол қызметінен босатылған. Бұл қызметті Әшімбаев небәрі жарты жыл, яғни, 2012 жылдың қазанынан 2013 жылдың сәуір айына дейін ғана атқарған. Алайда, сол аз ғана уақыттың ішінде ол өрескел заңбұзушылықтарға жол берген.
Шекара қызметі директорының орынбасарын тұтқынға алу бірден мүмкін болмаған. Ол кезде әскери тергеушілердің қолында Әшімбаев пен оның қоластындағылардың мемлекетке келтірген шығыны туралы сарапшылар қорытындысы болмаған.
Жуырда ғана шекара қызметінің жоғары лауазымды әскерилерінің шекарашылар үшін пәтер сатып алудың орнына, астыртын әрекеттерге барғаны анықталған. Осылайша республикалық Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің бюджетінен 2 млн долларға жуық қаражатты жемқорлардың жымқырғаны анықталған. Ақмола гарнизонының әскери соты Серік Әшімбаевты тұтқындауға санкция берді.
Дереккөз: inform.kz