13 қаңтарға қараған түні Зеленов ауданында танымал кәсіпкер Виталий Каркуланы белгісіз үш адам өлтіріп, зайыбы, облыстық мәслихаттың депутаты Валентина Каркуланы ауыр жарақаттап кеткен болатын.
Осыған байланысты облыстық прокуратура мен ішкі істер департаменті бірлесе жүргізген шаралар нәтижесінде 6 ақпан күні ҚР ҚІЖК-нің 132-бабына сәйкес 1985 және 1978 жылы туылған екі азамат ұсталып, Орал қаласы ішкі істер басқармасының уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды.
Облыстық прокуратураның баспасөз қызметінен хабарлағанындай, қазіргі уақытта күдіктілер өз кінәларын мойындап, жауап беруде. Ұсталған азаматтардың біреуінің автокөлігінен қылмыс құралы табылды.
Анықталған мән-жайлар бойынша қылмысқа қатысы бар үшінші адамды іздестіру шаралары жүргізілуде.
Тергеу мақсатында қамалған адамдардың аты-жөні жария етілмейді.
Дереккөз: ҚазАқпарат
В Атырау +2