Президенттің биылғы жолдауында дәстүр бойынша мемлекеттік тіл мәселесі де қозғалды: «Қазақ тілі бүгінде ғылым мен білімнің, интернеттің тіліне айналды... Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды! Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн».
Алайда қазір бұл тіл Қазақстан халқын біріктіріп отыр ма?
Кеңес Одағы тарап, еліміз егемендік алғаннан бері билік коммунистік идеяның орнын басатын ұлттық идея іздеп әуре. Ұсынылған идеялардың бірі – Қазақстан халқына қазақ тілін үйретіп, бір ұлтқа ұйыстыру. ҚР «Тіл туралы» Заңында «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру - Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы» деп белгіленіп, миллиардтаған қаржы бөлініп, қазақ тілін оқытуға басымдық берілді. Алайда, арада жиырма жыл уақыт өтсе де, тілдік ахуал түбегейлі өзгермеді. Бүгінде мемлекеттік тіл мәселесі қазақстандықтарды топтастыру емес, елді екіге бөлген дауға айналды. Ұлттық құндылықтармен тәрбиеленген қазақтың жаңа ұрпағы ұлттық-патриоттық саяси күшке айналса, елдің орыс тілді бөлігі бұл үрдісті мойындар емес. Кедендік одаққа кіріп, Еуразиялық интеграцияның кеңейтілуіне байланысты елімізге Ресейдің ықпалы артатынын ескерсек, болашақта үлкен жанжалдың орын алары һақ. Кейбір саясаттанушылардың пікірінше, осы күрделі тіл мәселесіне биліктің көз жұма, үстіртін қарауы «Мәңгілік ел» құруға кедергі болары сөзсіз.
Қазір мемлекеттік тіл қоғамның барлық саласында белсенді қолданылып жүр. Осы жылдар бойы ғылымның барлық саласы бойынша терминдер қазақша аударылып, түрлі сөздіктер шығарылды. Алайда бұл жерде де шешілмеген мәселе жеткілікті. Әсіре қазақшылыққа барып, тіл тазалығын сақтау керек деп ұрандап, мағынасы келсін-келмесін, барлық терминдерді қазақша аудару үрдісі басталды. Бүкіл әлемде қолданылып жүрген халықаралық терминдер аударылды. Бұл дұрыс па? Бүгінде ғылым мен өндіріс халықаралық стандарттар тіліне көшуде. Олай болса, қазіргі қазақ тілінің лексиконына халықаралық стандарт терминдердің енуіне ешкім бөгет бола алмайды. Тіл әдеби тұрғыдан да, ғылыми бағытта да дамуы керек. Мәселен, халықаралық дәрежеге көтерілген қазіргі ағылшын тілінің 70 пайызы кірме сөздерден тұрады екен. Яғни, бұл тіл ғылыми-салалық тұрғыдан бейімделіп, басқа тілдердің өзіне қажетті сөздерін бойына сіңіре білген. Орыс тілі турасында да осыны айтуға болады. Сондықтан да жаңа атаулардан үрке қашудың еш қажеті жоқ. Кейбір телеарналарда көрсетілетін жарнамалардағыдай, геморройды «көтеу» деп аудару - тілімізді өрге емес, көрге сүйреу.
Қазақ тілі нағыз ғылым мен интернет тіліне айналу үшін латын графикасына көшу керектігі көп талқыланып жүр. Президент былтырғы жолдауында бұл мәселені көтеріп, 2025 жылға дейін латын әлібпиіне көшуді бастаймыз деген еді. Жолдаудың қызуы басылғаннан кейін, бұл әңгіменің де өзектілігі жойылған сияқты, себебі бұл жолғы жолдауда латын әліпбиіне көшу туралы нақты ештеңе айтылмады. «Мәңгілік тілдің» де тағдыры осындай болмасын. Билік жүргізіп отырған тіл саясаты есекке он жылда тіл үйретемін деп, ханнан мың ділдә алған Қожанасырдың жауабын ойға оралтады: «он жылда не есек өледі, не хан, не мен өлемін».
Қайырбек САНСЫЗБАЕВ